Sport

«БҰРҚАСЫН» – БҰҚАРАЛЫҚ МЕРЕКЕ

ZAH_6464

Астанада дәстүрлі «Бұрқасын-2015» шаңғы фестивалі өтті. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына орайластырылып өткізілген бұқаралық спорт шарасына 3000-нан астам астаналықтар мен қала меймандары қатысты. Дәстүрлі шараның ашылу рәсімінде Мәжіліс депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов және Астана қаласы Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықбаев барлық қатысушыларды спорт мерекесімен құттықтап, жарыс жолына шыққан әрбір қатысушыға зор денсаулық және сәттілік тіледі. Ашық аспан астында Қазақстан әнұраны шарықтап, лек-легімен жарыстар басталды.

Есіл өзені үстіндегі шаңғы жолдары, мұз айдынындағы шаңғы жарыстары мен хоккей ойынына, ақ қардағы алаңқайларда өткен балуандар белдесуі мен кір тасын көтеру сайыстарына, ашық аспан астында ойықтан балық аулау және арқан тартыс бәсекелеріне мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары оқытушылары мен студенттері, министрліктер мен ведомстволар, қалалық мемлекеттік құрылымдар мен кәсіпорындар қызметкерлері, әскерилер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, қала қонақтары қатысты. Осы ретте, бір айқындап айтарымыз, «Бұрқасын» – бұл, елордамыздағы отбасылық және корпоративтік демалыстың үздік түрлерінің біріне айналып отырған бұқаралық шара. Биыл 13-рет өткізілді.

Қыстың соңғы күнінде өткен мерекелік шара халықтың көңіл-күйін таңертеңнен биікке көтергендей болды. Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы мамандары дайындаған салтанатты сахна, ақшаңқан киіз үй, көтерілген қазан, тамақтану ауласы – бәрі-бәрі қайнаған тіршіліктің көрінісін көз алдыңа әкеледі.

Күн сәулесімен шағылысқан ақ қардағы іздің үстіне түскен алғашқы шаңғышылар да жарыс жолына шықты. Көпшіліктің қошеметіне кенелген бұл бәсекеде мәре сызығын бірінші болып Парламент депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов кесті. Николай Дрютов бастаған Астана қаласы спортының ардагерлері де шаңғы жарысында жеңіске деген жігерімен жастарға өнеге көрсетті.

– Бүгін – Астана үшін өте жақсы күн. Елордамыздың әкімдігі мен қалалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан шаңғы мерекесі өте пайдалы шара болып отыр. Өзім жыл сайын қатысамын. Биылғы мерекелік жарыстарға үш мыңға жуық адам қатысып жатыр дегенді естіп қуанып тұрмын. Зейнеткерлер де бар екен, жастар көп екен. Адамның денсаулығын шыңдайтын әрі қаланың тіршілігін түрлендіретін осындай шаралар көбірек болса екен деп тілеймін. Мұндай жарыста жеңілетіндер болмайды деп ойлаймын. Өйткені, қатысушылардың бәрі де көтеріңкі көңіл-күйге бөленеді, сергек жүреді. Басты байлықты осылай күтуіміз керек, – деп ағынан жарылды мерекелік шараны ашқан әрі алғашқы жарысында топ жарған Абай Тасболатов мырза.

Жарыс бағдарламасына сәйкес ерлер, әйелдер, жігіттер, қыздар, балалар, зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы жарыстар өткізілді. Дәстүрлі шаңғы жарысының жеңімпаздары дипломдар мен естелік сыйлықтарға ие болды.

– «Бұрқасын» фестивалі өте жақсы өтті. Менің жасым 70-тен асып кеткен. Дегенмен, бүгін осы мерекелік жарыстарға қатыстым. Жан-жағыма қарасам, барлық адамдардың жүздерінен қуаныш көрінеді. Балалар да, жастар да көп екен. Бұл да қуанышты жағдай. Осылар ғой еліміздің болашағы. Сондықтан олардың салауатты өмірге жақын болғанын қалаймын. Дендері сау, бақытты болса екен деп тілеймін. Шаңғы фестивалін осындай қызықты етіп өткізіп жатқан қалалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына ризашылығымды білдіргім келеді. Астанамызда осындай игі шаралар жиі өтіп тұрса деген тілегім де бар, – деді мерекеге өзімен бірге немерелерін ерте келген спорт ардагері Айсұлтан Жақыпбеков ағамыз.

Сонымен, Астана төрінде қысты шығарып, көктемді қарсы алған, көпшіліктің көңілін көтерген дәстүрлі «Бұрқасын» мерекелік шаңғы фестивалі де өз мәресіне жетті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button