Басты ақпарат

«Бұрқасында» буырқанған

Жыл сайын қыстың соңында елордада ұйымдастырылатын «Бұрқасын-2022» спорт фестивалі биыл 22-ші рет өтті. Бұл іс-шара шын мәнінде спорт мерекесіне айналып, көптеген адамның спортқа деген қызығушылығын арттырып, көңіл-күйін көтерді. Қала тұрғындары асыға күткен бұл спорт мерекесіне биыл 2 мыңнан аса адам жиналды.

[smartslider3 slider=2185]

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілген спорт мерекесін ұйымдастыр­ған қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы биыл 10 спорт түрінен жарыстар өткізуді ұйғарыпты. Есіл өзені үстінде өткен жарыстар, негізінен, қала тұрғындарының қызыға қатысатын сайыстарынан құралған. Сондықтан да әр жарыстың өзіндік қызықтары болды. Мәселен, пимамен хоккей ойнау мен қар үстіндегі футбол жарыстары, сондай-ақ мотоспортшылардың сайысын жанкүйерлер қызыға тамашалады.

Фестиваль барысында қатысушылар 10 спорт түрі бойынша, атап айтқанда, шаңғы жарысынан, гір көтеруден, армрестлингтен, белбеу күресінен, арқан тартудан, пималы хоккей, қар атудан, автоспорттан, мотоспорттан және қысқы футболдан сынға түсті. Әрине, әдеттегідей шаңғы жарысына қатысушылар саны көп болды.

«Бұрқасын-2022» фестивалі қаламызда 22 мәрте өткізіліп отыр. Биыл фестиваль бағдарламасына тағы 2 спорт түрі қосылды: белбеу күресі және қол күресі. Бағдарламаға енгізілген спорт түрлері қала тұрғындарының ұсынысы негізінде іріктелді. Екі мыңнан астам қатысушы тіркелген, олардың ішінде әскери бөлімшелер де бар. Қатысушылардың жасы әртүрлі. Мысалы, шаңғы жарысына 4 жастағы балалар, гір спортына 16-18 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Мұның бәрі әр спорт түрінің талаптары мен ерекшеліктеріне байланысты. Әр жас санаты үшін медальдар мен бағалы сыйлықтар қарастырылған. Осы фестиваль арқылы біз қазір Бейжіңде жүрген Олимпиада спортшыларына қолдау білдіргіміз келеді. Олар біздің қолдауымызды сезінгені жөн» деді Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Жылқыбаев.

Спорт мерекесіне мектеп оқушыларынан бастап зейнет жасындағы адамдардың да белсенді қатысқаны қуантады. Көптеген ата-аналар балалары мен немерелерін ертіп келіп, бір жағынан спорт жарыстарын тамашаласа, екінші жағынан өздері де шаңғы теуіп, коньки киіп бой сергітіп жүрді. Түптеп айтқанда, «Бұрқасын-2022» фестивалі шын мәнінде бұқаралық спорт мерекесіне айналғандай болды.

Осы орайда Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев өз ойын ортаға салды.

«Балалардың осы іс-шараға қатысып жатқаны қатты қуантады. Себебі бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтына баулу балалық шақтан басталады. Сол сияқты ата-аналардың да балаларын спортқа баулып жатқаны қуантады. Бұл – жақсы үлгі, жақсы үрдіс» деді атақты спортшы.

Спорт фестиваліне қатысушылардың көпшілігі мектеп оқушылары болғаны сөзсіз. Мәселен, №58 гимназияда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дамир Майқынов осі іс-шараға 13 оқушысын алып келген. «Бұрқасын-2022» қысқы фестиваліне №58 гимназияның атынан 2004, 2005, 2008 және 2009 жылдары туған 13 оқушымызды әкелдік. Оқушылар ғана емес, мұғалімдер де қатысуға ниет білдірді. Балалардың спортқа, оның ішінде шаңғы спортына деген сүйіспеншілігін арттыру және тәрбиелеу мақсатында осындай іс-шараларға қатысу қажет деп санаймын. Оқушыларымыз жыл сайын осы фестивальге қатысады. Біз өз мектебімізде дайындаламыз, құрал-жабдықтарымыз да жеткілікті. Оқушыларымыз 500 метр, 1 км және 2 км қашықтықта өнер көрсетті» дейді мұғалім.

Спорт фестиваліне немерелерін ертіп келген зейнеткер Кәрім Қосымжанұлы да «Бұрқасын» мерекесіне келгеніне қуанышты екенін жасырмады.

«Мен екі немеремді осы іс-шараға алып келдім. Өзім спортты жақсы көрген соң немерелерім де осындай жарыстарды көріп, үлгі-өнеге алса екен деймін. Жарыстарды тамашалай жүріп, немерелеріме шаңғы тепкізіп, конькимен жүруді үйреттім. Жалпы, осындай бұқараға арналған жарыстар жиі өткізіліп тұрғаны жақсы. Біздің қалада бірнеше дәстүрлі бұқаралық жарыстар ұйымдастырылып тұратынын білемін. Жүгіруден, велосипед жарысынан өтеді. Елорда болған соң осындай іс-шаралардың көбірек болуы тиіс деп ойлаймын. «Бұрқасын-2022» фестиваліне барғаныма өзім де, немерелерім де қуанып қайттық» дейді елордалық зейнеткер.

Сонымен, «Бұрқасын-2022» фестивалі де өз мәресіне жетті. Ең бастысы, қала тұрғындары күні бойы Есіл үстіндегі жарыстар алаңында қызықты бәсекелерге түсіп, өздеріне де, жанкүйерлеріне де көңілді күй сыйлады. Ал қала тұрғындары мен жастардың арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілген мерекелік жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан тағайындалған дипломдармен, медальдармен және сыйлықтармен марапатталып, қуанышқа бөленді.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button