Ел тынысы

Бұрымдылар әлсіз емес

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында спорт саласында жетістігі бар нәзік жандыларды әңгімеге тартқан едік. Олардан спортқа қалай келгені, алғашқы жетістігі туралы сұрадық. Біздің назарымыз халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Ләззат Күнгейбаева, Алтыншаш Оразбек, Ақмарал Наутбек және спорт шебері Фариза Сабыржанға түсті.

Ләззат – әмбебап спортшы

Естеріңізде болса, 2016 жылы 19-27 мамырда Астана қаласында Әлем чемпионаты өткен-ді. Байрақты бәсекеде қазақстандық боксшы қыздар төрт алтын медаль олжалап, жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Елордалық боксшы Ләззат Күнгейбаева жанкүйерлерін жерге қаратпай, қарсыластарының осал тұсын тапты. 81 келіден жоғары салмақта ел намысын қорғаған ол финалда АҚШ өкілі Грин Шедейшаны соққының астына алып, әлем чемпионы атанған санаулы қазақ спортшысы атанды. Сөйтіп, Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері атанды.

– 2014 жылы Кореяның Чеджу қаласында әлем біріншілігіне қатыс­тым. Әлемнің кіл мықты спортшылары келген байрақты бәсекенің финалына дейін жеттім. Тек ақтық сында Ресей спортшысы Зенфира Магомедалиеваға ұпай санымен есе жібердім. Әлем додасына ұту үшін барған едім, алайда сәттілік жетіспеді. Есесіне, 2016 жылы әлем чемпионы атандым, – деді ол.

2007 жылдан бергі Ләззат Күнгейбаеваның үлкен спорттағы жетістігін саралайтын болсақ, самбо, дзюда және бокстағы жүлделерін атау керек. 2010 жылдан бері бокстан өткен Қазақстан чемпионатында 9 рет қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Одан бөлек, төрт рет Азия чемпионатында жүлде алды.

Бұл – Ләззаттың бокстағы жетістігі ғана. Оның самбо және дзюдодан жеткен жетістігі – бір төбе. Әрі мұндай әмбебап спортшылар әлемде көп емес. Мәселен, ол самбо және дзюдодан Қазақстан чемпионатының чемпионы, яғни күрестің екі түрінен спорт шебері атанды. 2007 жылы жасөспірімдер арасында Көкшетау қаласында ел біріншілігі өтіп, сол сында бірінші орын алып, Азия чемпионатына жолдама алады. Ташкенттегі Азия чемпионатында қарсыластарының осал тұсын тауып, алтыннан алқа тақты. 2007 және 2008 жылы Ташкент қаласында самбодан жұлдызды спортшылар арасында Азия чемпионаты өтіп, екеуінде де Ләззат тұғырдың биігінен көрінді. 2009 жылы Астанада дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтіп, тағы бірінші орын алды.

Қысқасы, Ләззат Күнгейбаеваның бойында чемпиондық рух бар әмбебап спортшы.

Рухы биік Алтыншаш

Ауыр атлетика спортында келешегінен үміт күттіретін атлеттің бірі – Алтыншаш Оразбек. Намысты қыз өзінің ішкі дүниесімен күресіп, ердің белін қайыстыратын ауыр салмақтарды бойынан асыратын күшке ие. Күшке емес-ау, рухы биік, арманы асқақ. Оны жеңіске жетелейтіні де – осы қасиет.

– 2015 жылы ауыр атлетика залына келіп, спорттың қыр-сырын үйрене бастадым. Әрине, бас кезінде оңай болған жоқ. Бапкерім Айбек Назарбайұлы сенім артып, штанга көтерудің әдіс-тәсілін үйретті. Сөйтіп, штангамен жұлқа және сілке көтеруді меңгердім, – деді Алтыншаш.

2018 жылы Талдықорған қаласында өткен Қазақстан чемпионатында үшінші орын, 2019 жылы Қазақстан Республикасының V жазғы Спартакиадасында екінші орын алып, мамандардың көзіне түседі. 2022 жылы Қызылордада өткен чемпионатта дараланып, халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің нормативін орындады.

– Бокс немесе күресте спортшы қарсыластарымен күш сынасса, ауыр атлетикада спортшы өз-өзімен күреседі. Ең қиыны – осы. Штанга спортшының психологиялық, физикалық дайындығын сынап, спорттық бабын тексереді. Егер осалдық танытса, темір спортшыны аямайды. Штанга ерік-жігері мықты атлетті мойындайды. Яғни спортшы физикалық жаттығу істеумен қатар психологиялық дайындығына ұдайы көңіл бөлуі керек. Онсыз жеңіске жету қиын, – деп ауыр атлетиканың бір қырын ашты.

Алтыншаштың мақсаты – олимпиадалық циклда биік жетістіктерге қол жеткізіп, Париж Олимпиадасында алтыннан алқа тағу. Бұл жолда спортзалда тер төгіп, рухын шыңдауда.

Алғашқы әлем чемпионы

Дзюдодан қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ақмарал Наутбектің артық уақыты жоқ. Әр сағаты санаулы. Тіпті минутына дейін арнайы спорттық кесте бойынша есептеулі. Ондағы мақсат – Париж Олимпиадасында ел құрамасы сапында өнер көрсету.

– 6 сынып оқитын кезімде алғашқы бапкерім Марат Саруарұлы мектепке келіп, дзюдо үйірмесіне қатысуға шақырды. Ұлдармен жақсы араласатын едім. Солармен еріп дзюдо залына бардым. Бірнеше ай өткенде Қостанай облысы Лисаков қаласында өткен республикалық турнирде бірінші орын алдым. Бұл жетістігіме жақындарым қатты қуанды. Өзім де жігерленіп, дзюдоға түбегейлі бет бұрдым, – дейді ол.

Төккен тер зая кетпей, Ақмаралдың жетістігі Қазақстан чемпионатында көріне бастап, 2005 жылдан бері жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатында 12 рет алтын, 5 рет күміс медаль жеңіп алды. Азия және әлем чемпионатына ел намысын лайықты қорғап жүр.

Бүгінде Айдын Жұматұлының қол астында жаттығатын Ақмаралдың ең үлкен жетістігі – Бакуде парадюзодадан өткен әлем чемпионатында бірінші орын алды. Төрт жылда бір рет өтетін байрақты бәсекеде 40 елден 300-ге жуық спортшы бақ сынады. Ақмарал Наутбек финалда паралимпиада ойындарының 2 дүркін жүлдегері франция­лық Ауриерес Мартинетті иппон әдісімен жеңіп, қазақ елін қуантты.

– Шынымды айтсам, Бакуде қатты қуандым. Бұл жетістігім – өмірімдегі әзірге ең үлкені. Ендігі мақсатым – олимпиада шыңын бағындыру, – деді Ақмарал.

Чемпионның сөзінше, дзюдо адамның физикалық және психологиялық тұрғыда шыңдаумен қатар, тазалыққа, тәртіпке үйретеді.

Садақ ату – текпен келген

Фариза Сабыржан көркем кинолардан садақ ату өнерін көріп, қатты қызығады. Оны осы қызығушылығы садақ ату академиясы жетелейді.

 

Текпен келген қасиетті ынтамен шыңдағандықтан болар, Фариза көп ұзамай жетістікке жете бастады. 2022 жылы тамыз айында Қостанай қаласында турнир өтті. Қатысушылар 30 метр қашықтықта межені дәлдесе, сосын 30 метрден жамбы атты. Фариза біріншісінен – алтын, екіншісінен күміс медаль еншіледі.

Оның ең үлкен жетістігі – Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында өткен Қазақстан чемпионатында топ жарды және ұлттық құраманың мүшесі атанды. Сол чемпионатта 30 метрде бірінші орын, жамбы атуда екінші орын, 60 метрде үшінші орын алады.

– Биыл Түркияның Ыстамбұл қаласында «Fetih Kupası» атты халықаралық турнирі өтеді. Мақсатым – осы додада ел намысын қорғау. Ол үшін Шымкент қаласында өтетін іріктеу жарысында жақсы қырымнан көрініп, орын алуым керек. Түркияға екі ұл және екі қыз садақшы ғана бара алады, – деді ол.

1900 жылдан бері садақ ату жазғы Олимпиада ойындарының тізіміне кіреді. Бүгінде осы спорт түрімен әлемнің 140 елінде спортшылар тұрақты айналысады. Жалпы садақ ату – шыдамдылық, жүйке мықтылығын, өткір көз бен қуатты қолды талап ететін қызықты спорт түрі.

– Бала кезімде атам садақ жасап беретін. Соны атып ойнайтынмын. Сөйтіп, тегімізде бар қасиетті оятып, жеңісті жолға із салды. Кезінде қазақтың әрбір ұл-қызы «Құралайды көзге атқан» мерген болған. Солардың даңқты жолын жалғастырып, Азия және Әлем чемпионатында ел намысын лайықты қорғағым келеді, – дейді мақсаты асқақ Фариза.

Садақ ату адамзат қоғамы дамуының алғашқы кезінен аң аулауда, сондай-ақ оқпен атылатын қарулар шыққанға дейін соғыста кеңінен қолданылғаны белгілі. Фаризаның садақ атуды төл спорт түріне жатқызып отырғаны сол себепті.

Садақ тарту қазақ ұлтынан бөлек, башқұрт, қырғыз, бурят және тағы басқасында жамбы ату, алтын қабақ, теңге ату сияқты ұлттық ойына кең арқылы кең таралды. Әрі ұлттық спорт түрі ретінде дамудың жолына түсті.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button