Елорда тынысы

Бұрымдылар байқауы

Елордада «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Шашбаулым» атты танымдық-этнографиялық сайыс өтті. Екінші жыл қатарынан өтіп жатқан сайыста жоғары оқу орындары мен колледждерде оқитын 16 ару бақ сынасты.

Ұлттық дәстүрді ұлықтау мақсатын арқау еткен бұрымды қыздардың «Шашбаулым» байқауын өткізуге Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы және «Руханият» КММ қолдау білдірді. Биылғы сайыстың ерекшелігі – жоғары оқу орындары студенттерінің де қатысуы.

«Ұлттық құндылықтарымыз құнсызданып, рухани құлдыраған қоғамға аса қажет, тәрбиелік мәні зор бұл іс-шараның маңызы орасан. Қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, сұлулық секілді жан-жақты ұлттық қасиеттерді дәріптеу, қыз­дардың зияткерлік және шығармашылық қабілетін анықтау, ұзын шашты бойжеткендердің бұрымын насихаттауға бағытталды. Сондай-ақ қыздарды мәдени-этикалық, рухани-танымдық құндылыққа тәрбиелеу, қазақ халқының әдет-ғұрпы арқылы қыз бала тәрбиесіне тән қасиеттерді бойына сіңіру, ұлтымыздың сaлт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптaрын, ұлттық киімді заманға сай жаңғырту, жастар арaсында насихaттау, ұлтымыздың уызын, нәрін, сәнін бойжеткендеріміздің бойына сіңіру – сайыстың басты идеясы» деді «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің директоры Тұрар Шәкен.

Қатысушылар үш кезең бо­йынша бақ сынасты. Алдымен «Мен қазақтың қызымын» кезеңінде қыздар өздерін таныс­тырып, «Өнерлі болсаң, озып көр» атты екінші бөлімде халық билерін, вокалдық нөмірлерді және өзге де қойылымдарды көрсетіп, көпшілікке өз өнерін паш етті. Соңғы бөлім «Ұлттық құндылығым – рухани қазынам» деп аталып, қатысушыларға ұлттық құндылыққа қатысты зияткерлік сұрақтар қойылды.

Байқау нәтижесі бойынша бас жүлде Сервис және туризм колледжінің студенті Наргиз Маликоваға бұйырды. Оған белгілі зергер Берік Әлібайдың қолынан шыққан ұлттық туынды, бағалы бұйым – күміс шашбау табысталды. Ал 1-орынды Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің студенті Әдемі-ай Ислам иеленіп, оған зергердің туындысы – тұмарша берілді. 2-орынды С.Сейфулин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенті Аружан Әбілмансұрова алып, оған күміс жиынтық сыйға тартылды. 3-орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері Әсия Абдоллаева мен Айша Жанділдаева өзара бөлісіп, олар күміс сырға иеленді. Өзге арулар бірқатар номинация бо­йынша ерекшеленіп, құстұмсық жүзік пен қазақы нақыштағы «Қазақша сөйлейік» экодорбалары табысталды.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button