Жаңалықтар

Бұрымыңызды бұлдайсыз ба?

Қазір сатылмайтын дүние жоқ. Бұрымның өзі сатыла басталғалы қашан. Астана қаласында шаштың құны өте жоғары. Бұрым сатып алатын пысықайларға барып, оның бағасы елордада қанша екенін біліп қайтқан едік. Сөйтсек, белге түскен шашыңыз болса,  қомақты ақшаға кенелуге болады екен.  Бірақ шашыңыз боялмаған, табиғи, сапалы болуы керек. 

Сұлулық салондарында боялған шаштардың 100 грамы 350 теңге тұрады. Ал, табиғи боялмаған шаштардың 100 грамы – 650 теңге. Салондар 70 см-ге жететін табиғи таза, боялмаған шашты 100 -150 мың теңгеге сатып алады.

Қыздардың ішінде бұрымын сатқандар да, қысқа шашын ұзын бұрымға айналдырғандар да баршылық. Әсіресе, соңғылары келсе, әккі саудагерлер ақшаның астында қалады деп есептей беріңіз. Шашты бір-біріне жалғайтын шеберлігі үшін олар кемі 15 мыңды қақшып түседі.

Салондарда 40-50 тал шаш – бір капсула деп есептеледі. Бір адамның шашына кем дегенде 100 капсуладан 400 капсулаға дейін жалғанады. Шашын ұзартқысы келген қыз-келіншектер 100 капсулаға 15-20 мың теңге төлесе, 400 капсулаға 60-80 мың жұмсауға тура келеді.

Жалпақтығы 4 сантиметрдей бір лента 200-250 теңге тұрады. Оның құны шашқа қанша сантиметр жалғанатынына байланысты. Ең азы 50 ленталы шашқа – 10-13 мың, 80 лента жалғанатын шашқа 16-20 мың ақша жұмсалады.

Ертеде әйелдерге қолданылған жазаның ауыр түрі шашын кесу болатын. Бұл – әйелдер үшін өлім жазасымен тең болған. Ал қазіргі бойжеткендердің осы «ауыр жазаны» өздеріне өздері қолданып жүргені қынжылтады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button