Бұрын еңбек адамы төрде отыратын. Қазір ше?

Таяуда Қазақ телевизиясының құрылғанына 65 жыл толды. Жарты ғасырдан астам уақыт телевизиямен бірге жасап, қызығы мен қиындығын көріп, арнаның алтын қорын қайталанбас, құнды таспалармен толтырған ардагер журналистің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері Қажы ҚОРҒАНҰЛЫМЕН сұхбаттасқан едік.
– Қажы Қорғанұлы, сіз қаршадайыңыздан қазақ телевизиясына қызмет етіп, «Бір хаттың ізімен» телеэкспедициясы, «Үш бәйтерек» телехикаяты, «Киіз үй», «Төрт түліктің төресі» сынды бейнефильмдерді дүниеге әкелдіңіз. Мұндай бастамаға не түрткі болды?
– Журналистикаға келемін деген ойым болған жоқ. Арманым – сахнаны бағындырып, әртіс болу еді. 19 жасымда Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесіне оқуға түстім. Бізге сабақ беретін Тұрдыбек Оспанов сол кезде облыстық филармонияның директоры еді. Бір күні сабақ үстінде бәрімізді жеке-жеке тұрғызып, «кім болғың келеді?» деп сұрағанда, мен әртіс болатынымды айттым.
Ал Қазақ теледидарының шаңырағы 1958 жылы 8 наурызда көтергені белгілі. 1961 жылы Ақтөбеде де телестудия ашылды. Мен сонда алғашқы диктор болдым. Одан кейін 1968 жылы Алматыда Қазақ телевидениесі шақырды. Сол жерде табаны күректей 32 жыл қызмет істедім. Әр жылдары диктор, редактор, комментатор, парламент тілшісі, саяси шолушы бола жүріп, Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбектің көрігін қыздырып жүрген саңлақтардың талайымен жүздестім, өнер мен әдебиет майданында тер төгіп жүрген қайраткерлермен сырластым. Жаңалықтарда екі жыл қызметте «Сенбілік шолу» жүргізіп, бір аптаның ішіндегі қазақ әдебиеті мен өнерінің жаңалықтарын жеткізіп отырдым.
– Журналистік ғұмырыңызда ауыл шаруашылығы мәселелерін көтеріп, бұл бағыттағы хабарларға басымдық бердіңіз. Еңбек адамының мұңын мұңдап, жоғын жоқтау жаныңызға жақын ба еді?
– Телевизияда Сұлтан Оразалин әдебиет редакциясын, Кеңес Дүйсекеев музыка редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарса, мен ауыл шаруашылығы редакциясында жұмыс істедім. Аталмыш бөлімді басқарған жылдардағы бітірген ісімнің бірі – «Үш бәйтерек» телеповесі еді. Қазақстанда еңбек ерлеріне сан жетпейді, солардың арасынан жарқырап көрінетін үш еңбек маршалын атаймын. Олар: ақ тарының атасы – Шығанақ Берсиев, ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаев, шопан ата – Жазылбек Қуанышбаев. Бұларды күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған Күлтегін ұрпақтары десе болар. Телеповестің алғашқысы «Ақ тарының атасы» айдарымен көрермен назарына ұсынылды, бір данасы ойылдықтарға тарту етілді. Суармалы жерден гектарынан 203 центнерден өнім алып, әлемдік рекорд жасаған Шығанақ Берсиев туралы алғашқы хабар жасауымыздың бірден-бір себебі бұл табыстың сырын көрсету мақсатында еді. Оның сыры – білімде, еңбекте, тынымсыз ізденісте. Ең алдымен тары дәнінің ұрғашысын көз майын тауыса отырып, айлар бойы жинап, одан соң қойдың қотанына қиын жұқартып алып, шығырмен су шығарып, болашақ егістіктің шөлін қандырған. Сөйтіп шамасы бір гектардай алқапқа сұрыпталған тұқымды сепкен. Егіннің бітік шыққаны сонша Шықаң ат үстінде келе жатқандай бойы әрең көрінетін. Ал енді осындай бейнетқор диқанды дала академигі демегенде кім дейді?!
Журналистика – уақыт айнасы. Заманына қарай түрленіп, дамиды. Көңіл қуантар жақсы істер көп. Алайда соңғы 30 жылда қазақ журналистикасының беделі төмендеді. Өткір сөз, ащы мақала я хабар жазу жайымен қалды. Бұл – алаңдататын жайт. Журналистер жасқаншақ болып қалды. Қайбір өзекті мәселені алса да, оны түбіне дейін зерттеп, зерделеп шешу, яғни журналистік зерттеу жоқ. Баспасөзде жазылады да қалады
Арқа төсіндегі егін орағының барысын арнайы насихаттауға Қазақ ТВ-сы 1971 жылдан бастады-ау деймін. Бір-екі жылдай диктор ретінде, ал 1973-тен бастап әрі диктор, әрі жауапты редактор, әрі комментатор, әрі репортер болып жұмыс істедім. 70-80-жылдары «Алтын дән-76», «Урожай-76» бағдарламаларының рейтингі өте жоғары болды. Бір ай бойы солтүстіктегі жеті облыстың орақ науқанын да осы хабардан көрсететін едік. Егін жинау елдің барлығы көз тігіп отыратын саяси науқанға айналды.
Одан бөлек, жеті бөлімнен тұратын «Көш» деген хабар жасадым. Оны Бетпақдаладан Жезқазғанның шөларқасына дейін малды сулы, шөпті жерге жайып көшетін Мойынқұм шопандарымен бірге жүріп түсірдік. Олар осы екі араға апталап көшеді екен. Шопанның барлық мехнатын, көш азабын, қызығын бірге көрдім, бәріне қанықтым. Хабарда олардың проблемаларын, тұрмысын, мал бағудың қиындығын барлығын бейне көрініспен бердім. Мәтінмен қатар, бейнекөріністің өзі хабарда айтылар ойды толықтырып, жеткізіп, байытып отырады. Мұның көрерменге әсері ерекше болды деп ойлаймын.
– Ауыл шаруашылығының қордаланған мәселелерін көтерген телевизия жұмысы нәтижелі болды ма?
– Болғанда қандай! 1980 жылдың 15 шілдесінде Қазақ телевизиясы «Малшыға қызмет – абыройлы міндет» айдарымен хабарлар циклын бастады. Оған мына жағдай түрткі болды. Сол кезден бір ай шамасында Дінмұхаммед Қонаев депутаттыққа кандидат болып ұсынылып, халықпен кездесіп, олардың аманатын арқалап Алматыға оралған бойда бірқатар министрлерді жинап алып: «Біз өзі бірдеңе бітіріп жүрміз бе десек, халықтың жағдайын ойламайды екенбіз ғой. Кеше Бақанасқа барғанымда малшылар: «Аспанға – ғарышқа адам ұшырып жатқан заманда біз малшылар баяғы кедейдің қара лашығында көшіп-қонып жүрміз, ақ киіз үйді кинодан ғана көреміз, темірмен бекітілген уықтар шыдамай шашылып қалады, ер-тұрман, арба, шанаға зәруміз деп мені ұялтты. Осы айтқан кемшіліктерді тездетіп түзету үшін не керек, бәрің айтыңдар» дейді ғой. Сонымен шілденің 15-і күні Қазақ КСР Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрі Молдан Әлдербаев, Қазақ КСР Тұрмыстық қызмет көрсету министрі Ғибрат Мырзағалиев, Қазақ КСР Жеңіл өнеркәсіп министрінің орынбасары Кенжеғали Жаулыбаев және өзгелері қатысып, алғашқы хабарда киіз үйдің саны мен сапасы төңірегінде әңгіме өрбіді. Осылайша малшының мұңын мұңдап, жоғын жоқтауда бірқатар министр, директорлар мен атпал азаматтардың еңбегі атап айтарлықтай, көпке шарапаты тиді. Орталық Комитет қызметкерлерінің, министрлердің тындырымды жұмыстары арқасында ақшаңқан киіз үй шығарылатын болды. Ол үшін Үштөбе киіз үй фабрикасының жұмысы жаңғыртылды. Әрине, оған менің хабарларымның да үлесі болса керек. Осындай циклды хабарларым тек киіз үйге ғана емес, ат арба, шана, ер тоқым, ат әбзелдері, қамыт, доға туралы өткір мәселелерге де арналды. Шын мәнісінде, ұлтқа байланысты құндылықтардың құны бір тиын болып тұрған сол кезеңде шопан тұрмысына қажетті бұлардың барлығы да құрып біту деңгейіне келе жатыр еді. Журналистік зерттеу жүргізіп, мәселе көтерген осы хабардан кейін жылына 30-40 мың ғана ер-тоқым жасайтын Георгиевка былғары комбинаты кейін оның санын 100 мыңның үстінде дейін жеткізді. Сапасы да түзелді.
– 40 жылға жуық уақыт қазақ телевизиясында із қалдырып, тапжылмай қызмет еттіңіз. Телевизияның бүгініне көңіліңіз тола ма? Келешегінен не күтесіз?
– Журналистика – уақыт айнасы. Заманына қарай түрленіп, дамиды. Көңіл қуантар жақсы істер көп. Алайда соңғы 30 жылда қазақ журналистикасының беделі төмендеді. Өткір сөз, ащы мақала я хабар жазу жайымен қалды. Бұл – алаңдататын жайт. Журналистер жасқаншақ болып қалды. Қайбір өзекті мәселені алса да, оны түбіне дейін зерттеп, зерделеп шешу, яғни журналистік зерттеу жоқ. Баспасөзде жазылады да қалады.
Сондықтан соңғы қаралып жатқан «Масс медиа туралы» заңда журналист мәртебесі көтерілуі керек. Медиа саласының мінсіз жұмыс істеуіне барлық жағынан толымды болуы керек деймін.
Біздің кезімізде елдің төрінде еңбек адамдары, майталмандары отыратын. Қазір төрге шоу-бизнес жұлдыздары шықты. Мұның келешек ұрпаққа әсері қандай болады, осыны да ойланайық.
– Кешегі дикторлар – бүгінгі жүргізушілер. Қазіргі жүргізушілерге бұрынғы дикторлықтың қандай әдіс-тәсілдерін меңгерген дұрыс?
– Жүргізушінің ең бірінші үлгі алатын мектебі – Қазақ радиосының дүлдүлі Әнуарбек Байжанбаев мектебі дер едім. 60-жылдардың аяқ шенінде диктордан бірдеңе үйреніп қалармын деп, бірер күн соңынан ергенім бар. Сонда байқағаным, Әнуарбек Байжанбаев шындығында Қазақ радиосының қазанаты еді. Сөзі әңгіме болып басталып, ән болып аяқталатын. Хабар, очерк, не радиокомпозиция болсын, кез келген жанр оның «оң жамбасына» келе беретін.
Журналистиканың енді бір мектебі ретінде Қазақ телевизиясында 1980 жылдардан көріне бастаған Сағат Әшімбаев дер едім. Ол жай көрінген жоқ «Парыз бен қарыз» бағдарламасын ала келді. Өз басым хабарды көргеннен кейін «мен осы не бітіріп жүрмін?» деп өзіме сұрақ қойдым. Өзге әріптестерім де сондай күй кешкен болу керек.
Бізде апта сайын өткен хабарларға талдау жасалып, бір-біріміздің кемшілігіміз не артықшылығымыз айтылатын. Бір айтатыным, ол кезде сын күшті болды. Ал сын болмаған жерде өсу де болмайды. Сөйтіп, дикторлар ортасы осылайша тәрбиеленетін.
– Әңгімеңізге рақмет!