Мәдениет

БҰРЫШСЫЗ ҮЙДІҢ БРЕНДІ

IMG_4050

«Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» немесе «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп аталы сөз қалдырған бабаларымыздың негізгі баспанасы – киіз үй. Ол жалғыз қазақтың ғана емес, күллі түркі халқының құтты тұрағы болған. Бүгінгі таңда киіз үйде өмір сүрмесек те, оны қаз-қалпында келер ұрпаққа аманат ету – парызымыз. Осынау тарихи жәдігерімізді этнографиялық құндылыққа емес, ұлттық брендке айналдыруға болады.

Әрбір элементінің орналасу ретіне қарап қазақ халқының экономикалық біліктілігі байқалады. Аспан әлемін түндікті түріп қойып бақылап жатқан қазақ оның есептеу жүйесін де жақсы меңгеріпті. Киіз үйдің ішкі дизайнынан оның мәдениет пен өнердегі талғамы тым биік екенін көреміз. Иә, біздің бабаларымыз осындай болған.

Баспана ғана емес сәулет, құрылыс, сурет, қол өнері сияқты бірнеше өнердің өлшеусіз өрнегі – ғажайып туындының тарихы бүгінде кеңінен зерттелуде.

Қазақ даласында өмір сүрген атақты хандар мен билер, байлар орда тігіп, салтанатты өмір сүрген. Тарихтан мәшһүр, Абылайдың ақ ордасы, Шыңғыс төренің 24 қанат ордасы, Жетісудағы Тезек төренің ордасы, Ырғыздағы Самырат байдың үйі, Ақмоладағы паң Нұрмағамбеттің үйі сияқты елге аңыз болған ақ шатырлар көп болған. Дәулетімен даңқы шыққан Орта жүз Тоқа Байсақал да қызын ұзатқанда арнайы отау әзірлетіпті. Бұл жайлы белгілі этнограф, ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы әдемі суреттейді: «Байсақалдың қызы Сапақтың ордасына келін болып түскенде бес отау, бір алтын шатыр, жеті жетіммен түсіпті. Сонда қыздың өзіне арнаған отаудың уығын атпен жүріп байлаған. Керегенің басында тұтам күміс, аяғында тұтам күміс, уық қанша болса уықтың бау өткізер жерінде тұтам күміс, қаламында тұтам күміс, шаңырақтың өзінде де, күлдіреуішінде де тұтам күміс. Түйе ауғанда, түйе басына екі бұрау – ұзындығы уықтай ағаш, оның екі басында да тұтам күмістен болған».

Жақсы Жаңғұтты, Саққұлақ би, батыр Ерден, Тұрысбек қажының қасиетті қара шаңырағы да асқан сән-салтанатымен қазақтың дархандығын танытып тұрғандай! Тіпті ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы мемлекеттердің Алтын орда, Ақ орда, Көк орда деп аталуының өзі осы киіз үйге байланысты екенін Шоқан Уәлиханов та кезінде айтып кеткен.

Киіз үй қазіргі уақытта да дүниежүзінің назарын аударып, халықаралық этнографиялық көрмелерде «экологиялық таза үй» ретінде бүкіл әлемді таңдай қақтырып отыр.

Оған дәлел, 1861 жылы Париждегі дүниежүзілік көрмеге киіз үй апарылғанда еуропалықтар таң қалған екен. Сонда киіз үйіміз тұңғыш рет бәйге олжалап қайтқан. 1876 жылы Мейрам қажы Жанайдарұлы (Кенесары ханның бас батыры, Жанайдардың бел баласы) Петербургке, 1890 жылы Ибраим Әділов Қазандағы көрмеге киіз үй апарған. 1872 жылы Бөкей ордасының ханы Жәңгір Ресей патшасы I Николайға киіз үй сыйлаған. Сондай-ақ, Еуропаның Гамбург, Франкфурт қалаларындағы мұражайларынан қазақтың киіз үйін тамашалай аласыз.

Ал, жапондықтар киіз үйдің ішінде өмір сүріп  жатыр екен.  «International Dome House» құрылыс компаниясы елдің сейсмикалық аймақтарына киіз үй қалашықтарын салыпты. Бірақ, киіз үйлер ағаштан емес, арнайы пенопластан құрастырылған. Тау бөктерінде, өзен жағасында, табиғаттың аясына салынған бұл үйлердің негізгі ерекшелігі олар шағын отбасыларға арналған, тез жиналып-құралады. Жылу температурасын бірқалыпты сақтап тұратын, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейлерден сақтайтын, қатты желдің қуатына төтеп берердей берік, ешқандай  шеге, цементсіз тек қана пенопластан жасалынған. Бүгінде жер сілкінісі жиі болатын аймақтарға келген туристердің  көз қуанышына айналған.

Арнайы фото-суреттерге зер салсақ, қуыршақ киіз үйлер іспетті, алайда, үйдің ішкі дизайны заманауи үлгіде. Бір қызығы, сол үйлердің атын аталмыш компания «Киіз үй» деп заңды түрде бекіткен. Әр күмбезді үйдің бағасы 30 мың долларды құрайды.

Жапондардың қазақ киіз үйіне деген қызығушылығы қалай басталды? Олар алғаш рет маңғыстаулық шебердің қолынан шыққан киіз үйді көргенде таңғалып, бірден Осако қаласындағы этнографиялық мұражайына берген еді. Оны ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізуге де үлестерін қосты.

АҚШ-тың «Colorado Yurt Company» компаниясы отыз жылдан астам уақыт бойы қала сыртына арнайы киіз үйлер салумен айналысады. Компания қожайындары Дэн Кигер мен әйелі Эмманың қазақстандық тілшілерге берген сұхбатында, олар 1977 жылдан бері қала өмірінен алшақтап, табиғат аясына көшіп, киіз үй пішіндес дәмханалар, кейін қонақ үйлер сала бастағанын, сол игі бастамалары бүгінде толайым табыс көзіне айналғанын жасырмады.

Қазіргі уақытта АҚШ-та 75 мың долларға люкс киіз үйлер сатылуда деп хабарлайды отандық баспасөз құралдары. «Rainier» компаниясының «Dream Folly» атты киіз үйі шыны тәрізді түссіз пластмассадан жасалған. Оның ішкі көрінісін әйгілі америка дизайнері Ребекки Визардтың жетекшілігімен өңдеген. Америкада люкс киіз үйлерді сату саудасы нағыз бизнес көзіне айналған, олар тіпті жаңа жылдың қарсаңында да бір-біріне киіз үй сыйлауды игі дәстүрге айналдырған.

Шетелдерде осыншалықты құрметке ие болып жатқан «қара шаңырағымыз» өз елімізде қалай ұлықталады?..

 

Қазақтың байырғы ата-салтының айқын көрінісі киіз үйімізді бәзбіреулер «бомждың панасына» немесе «novate.ru» сайтына «Что общего у японцев с жителями Чукотки? К узким глазам и маленькому росту добавился еще один «общий» пункт, – и те, и другие живут в круглых домиках-юртах» деп кекесін тіркестермен қанша жазса да бұрышсыз үйдің бренді бағасын еш түсірген емес. Оны 2017 жылы тағы бір мәрте дәлелдейтініміз ақиқат. Мәселен, «Астана ЭКСПО–2017» АҚ жариялаған халықаралық байқауына әлемнің ең үздік 50 сәулетшісінің 100-ге тарта жобасы қатысты. 

Оның ішінен «Adrian Smith + Gordon Gill Architecture» компаниясының «Киіз үй» жобасы жоғары бағаға ие болды. Жақын болашақта сәулетті ғимарат ретіндегі киіз үй күллі қазақтың брендіне айналмақ.

Нұргүл АХАНҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button