Басты ақпарат

«Bus Lane» кептелісті азайтады

Елордадағы басты проблемалардың бірі – ­көшедегі кептеліс. Оны анағұрлым азайту мақсатында жолдарға «Bus Lane» енгізу қолға алынған болатын. Жақында елордада жалпы ұзындығы 73,6 шақырымды құрайтын 26 учаскеде осындай жолақ іске қосылды. Енді кептелісте тұрмай, кедергісіз жүретін маршруттардың қозғалысы 18 пайызға артады.

[smartslider3 slider=2633]

Көшедегі кептелісті азайту мақсатында жолдарға «Bus Lane» жолақтары 2015 жылы енгізіле бастады. Бөлінген жолақтар қоғамдық көлік қозғалысын жылдамдатуға, жол-көлік оқиғасы санын азайтуға бағытталды. Қоғамдық көліктің кедергісіз өтуін қамтамасыз етуден басқа, бұл жоба ресми такси мен арнайы қызметтер үшін де тиімді. Әсіресе, қалалық жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндіру техникаларының оқиға орнына жылдам жетуіне мүмкіндік артады.

«Bus Lane» енгізілгелі бері қалалық қоғамдық көлік қарбалас уақытта жеке көліктерге қарағанда әлдеқайда тез жылжиды. Нәтижесінде жолаушылар барар жеріне жылдамырақ жетеді. Бұл қозғалыс жағдайын жақсартып қана қоймай, қала экологиясына және жалпы қоршаған ортаға оң әсер етіп келеді.

Өткен жылы Bus Lane арнайы жолақтары Тұран, Қабанбай батыр, Ұлы дала, Байтұрсынов, Нәжімеденов, Түркістан, Мұхамедханов және Абылай хан көшелері мен даңғылдарының 8 учаскесінде енгізілген болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысының көлік көп жүретін қарбалас уақыттардан бөлек және демалыс күндері қоғамдық көліктерге арналған жолақтар бойынша жеке көлік иелерінің де жүру мүмкіндігін пысықтау туралы тапсырмасын орындау үшін 2021 жылғы 29 тамызда Абылай хан даңғылы бойынша Пушкин көшесінен Манас көшесіне дейінгі учаскеде «Bus Lane» іске қосылып, оның жұмыс істеу уақыты белгіленді. Осыған сәйкес, жеке көлік иелеріне автобус жолағымен таңғы уақытта 07.30-дан 9.30-ға дейін және кешкі уақытта 17.00-ден 20.00-ге дейін жүруге тыйым салынса, қалған уақытта автобус жолағымен жүруге рұқсат беріледі. Бұл шектеу қанатқақты жоба шеңберінде енгізілді.

Қала көшелеріне «Bus Lane» жолағын енгізудің артықшылығы аз емес. Алдымен қоғамдық көліктің жұмысын жақсартуға мүмкіндік беретін бұл жолақ көлік кептелісінде автобустардың жүру жылдамдығын арттыруға, қозғалыс интервалы мен кестенің сақталуына, сондай-ақ жалпы ағымда қоғамдық көлікті басқаруды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Мамандардың мәлімдеуінше, «Bus Lane» болған учаскелерде автобус қозғалысы дұрысталып, олардың кесте бойынша жүруі жақсарады және автобус жүргізушілері тәртіп сақтап, көлік қозғалысының қауіпсіздігі артады. Қысқасы, «Bus Lane» бойынша қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігі 25%-ға жетіп, оның ішінде жол жүру уақыты орта есеппен 10 минутқа қысқарды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button