Білім

БҰҰ-ның мінберіндегі Мөлдір

Сүйінші, қазақ жұрты! Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберіне тағы бір балаң көтеріліп, сөз сөйледі! Естеріңізде болса, былтыр «Көп тілдер – бір әлем» халықаралық байқауының жеңімпазы ретінде Олжас Сүлейменов атты жігіт осынау беделді тұғырда баяндама оқып еді ғой. Бұл жолғы үздіктің есімі – Мөлдір Арапова. Бүгінде Қытайдың Харбин қаласында білім алып жүрген талантты аруымызбен күні кеше жүздесіп, әңгімелесудің сәті түсті. 

024

– «Көп тілдер – бір әлем» тақырыбына өзгеше шығарма жазу керек болды, – деп бастады әңгімесін Мөлдір. – Әлем азаматы, халықаралық ынтымақтастық пен өзара келісім секілді мәселелерді қамти отырып, тілдің рөлі жайында баяндадым. Жарыс ережесі бойынша эссе БҰҰ-ның халықаралық алты тілінің бірінде болуы шарт. Сондай-ақ ол тіл үміткердің ана тілі, елінің мемлекеттік тілі және мектепте оқыған тілі болмауы қажет. Мен Қытайда білім алып жатқандықтан, шығармамды қытай тілінде жаздым. Үш кезеңнен тұратын сайысқа 3600-дей адам қатысты. Солардың ішіндегі 60 жұмыстың авторлары жүлдегер атанып, БҰҰ Ассамблеясы қабырғасында өтіп жатқан жастар форумына шақырылдық.
Мөлдір алғаш оқуға түскенде қытайша бір ауыз сөз білмегенін жасырмады. Бейжіңдегі Мәдениет және тіл университетінде бір жыл оқығанының арқасында бұл тілді кәдімгідей жетік меңгеріп, Харбин қаласындағы оқу орнына түсуге мүмкіндік алған. Осы тұста кейіпкеріміз шет тілін үйренуде сол халықтың дәстүрін, мәдениетін, философиясын, салт-санасын қоса сіңіру керектігін алға тартты.
Айтпақшы, біздің қыз өзінің баяндамасын қазақша сәлемдесуден бастаған. Үстіне ұлттық нақыштағы көйлек киюді де ұмытпапты. «Қазақи ою-өрнегі бар қамзолыма жанымдағылар қызыққанда, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді» деп ағынан ақтарылды Мөлдір.
Додаға қатысқан өзге де жастар түрлі проблемаларды тілге тиек етіпті. Африкадан келген ұл-қыздар су тапшылығын, Мексика, Колумбия азаматтары өз мемлекеттеріндегі құлдық туралы әңгімелепті. Мұнымен қоса, табиғи ресурстарды ысырап ету, кедейшілік, табиғи апаттар, жемқорлық мәселелері де сөз болған. Жалпы, БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму бағдарламасы бейбітшілікті, адамзаттың өсіп-өркендеуін, қоршаған ортаны қорғауды, кедейшілікті түбегейлі жоюды көздейтін болғандықтан, барлық тақырыптар осы түйткілдер төңірегінде қозғалған.
– Қазіргі таңда әрбір кісі «Global citizen», яғни «Әлем азаматы» болуға ұмтылуы керек. Бұл – қарақан басыңды ғана ойламай, жаһандық сипаттағы ауқымды нәрселерге де үлесіңді қосу деген сөз. Оны қалай жасаймыз? Жүрген-барған жеріңде қоқыс қалдырма, айналаңды таза ұста, суды үнемде. Мұндай кішігірім тірліктердің өзі бұқаралық сипат алса, қоғамның, мемлекеттің, одан әрі бүкіл әлемнің тынысы ашылмай ма?! – деді кейіпкеріміз.
Мөлдірдің оқуын аяқтауға екі жылдай уақыт бар. Елге келем дегенше әлі де өркениетті мемлекеттің үлгілі жақтарын үйрене түсер. Отанға оралған соң оны міндетті түрде іс жүзінде қолданатыны, маңайындағыларға «жұқтыратыны» сөзсіз. Осылайша артындағыларға соны серпін, дұрыс бағыт беретін жастардың саны тағы біреуге артады. Бастысы, амандық болғай!

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button