Басты ақпарат

Бюджет 2019-2021: Қаржы қайда бөлінеді?

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында елорданың өткен жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есеп тыңдалып, қаланың 2019-2021 жылдарға арналған бюджетіне енгізілген өзгерістер бекітілді. Мұның алдында бұл мәселелер мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен қоғамдық кеңес отырыстарында жан-жақты талқыланған болатын.

Былтырғы бюджеттің қорытындыларымен Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев таныстырды. Оның айтуынша, өткен жылы бюджетке 430 млрд теңге түсті. Жоспар 4 млрд теңгеге асыра орындалды. Шығыстар 99,8 пайызға атқарылды.
– 2018 жылы әлеуметтік қорғау саясатын іске асыру үшін 3,7 млрд теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді. Оның ішінде көмекке мұқтаж жекелеген санаттағы азаматтарға 3,1 млрд теңге бө­лін­ді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қарастырылған 3,4 млрд теңге 100 пайыз игерілді. Білім беру жүйесін дамыту шеңберінде 15 мектеп пен 3 балабақшаның құрылысы жалғасты. 23 орта білім беру мен мектепалды даяр­лық нысанының жобасы жасалды. Соның ішінде 15 нысан бо­йынша мемлекеттік сараптама оң шешім шығарды. 9 мектептің құрылысы басталды. 189 жекеменшік балабақшаға мемлекеттік тапсырыс аясында балалар орналастырылды. 81 жалпы білім беретін мектепті ұстауға 33 млрд теңге, 11396 студентті оқытатын 11 колледжге 5,6 млрд теңге бөлінді. Барлық қаржы толығымен игерілді. 4470 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қоғамдық кө­лікте жеңілдікпен жүруге көмек көрсетілді, – деді басқарма басшысы.
Қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Мирас Шекенов өткен жылдың бюджет қаражатын тиімді пайдалану бойынша нақты жұмыстар жүргізілгенін, қаржыны игеруде оң динамика байқалғанын атап өтті.
Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айжан Түгелбаева көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдауды күшейту мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының 2019-2021 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізілгенін айтты.
Оның айтуынша, қалада өте­тін мәдени-сауықтық шараларға бөлінген қаржы, өзге де әкімшілік шығындар, республикалық бюджеттен келетін мақсатты трансферттер қайта қаралды. Нәтижесінде осы жыл­ғы бюджет оның алдында бекітілген бюджетке қарағанда 36 млрд теңгеге немесе 8,2 пайызға өсіп, жалпы алғанда 461 млрд теңгені құрады. Бюджетті нақтылау барысында әлеуметтік салаға қосымша 2,5 млрд теңге бөлу ұйғарылды.
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек көлемін өсірді. Ағымдағы трансферттерден осы мақсатқа 942,6 млн теңге бөлдік. Айлығы төмен бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға көтеруге 4,4 млрд теңге, әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға 50 шаршы метр­ден кем емес 616 пәтерді алып беруге 5,1 млрд теңге, мемлекет мұқтаждығы үшін жер телімдерін сатып алуға 3,8 млрд теңге бөлінді, – деді А.Түгелбаева.
Бұған қоса, дербес бюджеттік бағдарламаларға бөлінген қаржы қайта қаралып, 10 млрд 956 млн теңге жедел шешілуі тиіс мәселелерге бөлінетін болды. Аз қамтылған азаматтарға үзбей қол­дау көрсетіп отыруға және жұмыс орындарын құруға бюджетке 1,5 млрд теңге салынды. Жылдың басынан бері оған қосымша 460,7 млн теңге қарастырылды. Соның арқасында бұл көмекпен жылдың аяғына дейін 4 мың адамды қамту жоспарланып отыр.
– Әлеуметтік осал топтарға, соның ішінде тұрмысы төмен отбасыларға 30-дан астам әлеуметтік көмек түрлері көрсетіледі. Осының барлығына 14 млрд 011 млн теңге жұмсалады. Қала басшылығының көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылармен кездесулерінің нәтижесінде жаңа әлеуметтік бастамалардың қоржыны дайындалды. Оларды орындауға 2019 жылы 2,5 млрд теңге бөлінеді. Жұмысшы мамандықтарды алуға және одан кейін жұмысқа тұрғызуға барлық жағдайлар жасалды. Бұл бағыт бойынша қаржыландыру 6 млрд теңгеден 8 млрд теңгеге ұлғайды. Қайта оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламасына қосымша 110,4 млн теңге қаралды. Аталмыш бағдарлама 700 адамды қамтиды, – деді А.Түгелбаева.
Қатты отынды алатын отбасылардың тізіміне мыңнан астам отбасыны қосу жоспарлануда. Бұл көмек түрі 8 АЕК-тен16 АЕК-ке өсіп, 40 мың теңге шамасындағы қаржыны құрайды. 750-ге жуық адам санация және тіс протездеу қызметтеріне тегін қол жеткізе алады. Оқу гранттары 130-дан 180-ге көбейді. Көпбалалы отбасылардан шыққан жоғары оқу орындары студенттері қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру құқығына ие болды.
– Бүгінде елорда мектептеріндегі 1-4-сыныптардың барлық оқушылары ыстық тамақпен қамтылады. Әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардан шыққан 5-11-сынып оқушылары да бұл тізімге қосылды. Қосымша көмек ретінде осы топтағы отбасылардың 2 мыңнан астам баласына балабақшаларда тегін тамақ берілетін болады. Мектеп формасы мен оқу құралдарына қосымша 200 млн теңге бөлінбек. Екі мыңнан астам баланы каникул уақытында сауықтыруға 100 мың теңге қарастырылды, – деді баяндамашы.
Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру үшін аудандардың әкімдіктеріне қосымша 1299,4 млн теңге, республикалық бюджеттен трансферттер есебінен қосымша қаржыландыру мен инвестициялық жобаларды аяқтауға 3 млрд теңге көлемінде бөлу қарастырылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button