Жаңалықтар

БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Қазына қаржысын мақсатсыз жұмсау тыйылар емес. Астана қаласының прокуратурасы елорданың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіруге бөлінген бюджет қаржысына тексеру жүргізіп, нәтижесінде ақшаны тиімсіз жұмсау фактілерін анықтады.

Прокуратура жергілікті атқарушы органның 2010-2011 жылдардағы және 2012 жылдың 1-тоқсанындағы ҚР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіру бағдарламасы шеңберінде бөлінген бюджет қаржысын мақсатты және тиімді жұмсалуы бойынша тексеру жүргізді.

Тексеру барысында мердігерлік ұйымдардың жөндеу жұмыстарын сапасыз орындауы, кондоминиум объектілерін жөндеуге бөлінген ақшаны тиімсіз пайдаланып, сондай-ақ уәкілетті ұйымдар тарапынан тиісті бақылаудың болмағаны анықталды.

Мысалы, «Астана қаласының авариялық қызметтер қауымдастығы» ЖШС мердігерлік ұйымы жалпы сомасы 31 716 145 теңгеге қаржыландырылғанымен, Потанин көшесінде орналасқан 12/2 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізбеген. Әуелде басталған шатыр жабынын жөндеу жұмыстары зертханалық сынақтармен сапасыз орындалған деп танылып, қайта бөлшектенген болатын. Прокурорлық ықпал ету актісін қарау нәтижелері бойынша «ASTANA» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ уәкілетті ұйымы «Астана қаласының авариялық қызметтер қауымдастығы» ЖШС-нен 9 900 000 теңге мөлшерінде төленген қаражатты және шарт талаптарын орындамағаны үшін 3 171 614 теңге тұрақсыздық айыппұлын сот тәртібімен өндіріп алу шараларын қабылдады. Қазіргі уақытта азаматтық іс сот талқылауы сатысында.

Бағдарламаны іске асыру барысында заң бұзушылықтарға жол бергені үшін жұмыс сапасына тиісті бақылау жүргізбеген уәкілетті ұйымның екі лауазымды тұлғасы тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Құрылыстық және санитарлық нормалар мен ережелерді бұзғаны үшін мердігерлік ұйымдарға қатысты 15 әкімшілік іс қозғалды.

Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button