Басты ақпарат

Бюджет қаржысын тиімді пайдалана ма?

«Astana» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына елорда бюджетінен тұрақтандыру қорының қыз­метіне, несиелік тұрғын үйлердің құрылысына займдарды беруге, «Астана Тазалық» ЖШС пен «Астана көгалдандыру құрылысы» ЖШС-ке арнайы техниканы және «Астана Тазалыққа» өндірістік базаны сатып алуға, бас қаланың жасыл белдеуін құруға, «Астана орманы» кәсіпорнына ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қаржы бөлінген. Осы жылдың 28 қаңтарында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қаулысымен аталмыш корпорация қалалық Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасынан алынып, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басқарылуына берілді.

[smartslider3 slider=2265]

 

10 МЫҢ ҮЛЕСКЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында осы корпорацияның бюджет қаржысын тиімді пайдалану мәселесі қаралды. Онда Инвес­тициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров пен «Astana» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Рүстем Қуанышбаев баяндама жасады.

– «Astana» ӘКК» АҚ-қа 2017-2021 жылдары әлеуметтік маңызды азық-түліктің бағасын тұрақтандыруға қала бюджетінен 7,7 миллиард теңге бөлінді. Соның арқасында халық жиі тұтынатын 25 тауар түрінің бағасы тұрақтанды. Тауарлар қымбаттағанда, тиісті супермаркеттер келісімшартта көрсетілген бағадан асырмады. Корпорация жүйелі түрде әлеуметтік маңызды тауарлардың мониторингін жүргізеді, – деді Қ.Сапаров.

Оның айтуынша, корпорацияға несиелік тұрғын үйлердің құрылысына займдарды беруге жергілікті бюджеттен 42 млрд теңге бөлінді. Соның 19 млрд-ы 2020 жылдың желтоқсанында, 23 млрд-ы өткен жылдың сәуірінде бөлінген. Бұл займдар «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-ке 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында берілген. Бөлінген қаржы 42 тұрғын үй кешені құрылысының аяқталуына бағытталған. Соның шеңберінде 192 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, проблемалы болып отырған 10 мыңнан астам үлескердің мәселесі шешіледі. Осы уақытқа дейін 507 үйдің құрылысы аяқталып, 7500-ден астам үлескердің проблемасы шешілді. Осы жылдың аяғына дейін тағы 3 мыңнан астам үлескерді баспанамен қамту жоспарланып отыр. Бұл – 40-тан астам үй.

КОММУНАЛДЫҚ ТЕХНИКА ЖАҢАРТЫЛДЫ

Қ.Сапаровтың сөзінше, қаланың коммуналдық қызметтеріне арнайы техниканы сатып алу бойынша 10 келісімшарт жасалды. Оның жалпы сомасы 8,9 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар «Астана Горкомхоз» АҚ-тан «Астана Тазалыққа» екі өндірістік базаны сатып алуға 1 млрд теңге бөлінді. Бұл базалар әл-Фараби даңғылында орналасқан. Осының арқасында «Астана Тазалық» ЖШС-тің дамуына жағдай жасалады. Арнайы техниканы техникалық және күрделі жөндеуден өткізуге, жылы жерде ұстауға мүмкіндік береді.

«Астана орманы» кәсіпорнының автопаркі ескіргендіктен, 117 млн теңгеге жаңа ауылшаруа­шылық техникасы сатып алынды. Бұл қатарда «К-700» тракторы, соқалар бар. Ал жасыл белдеуді құру бойынша шығындар 2019-2021 жылдары 4,7 млрд теңгені құрады. Тиісті жұмыстардың нәтижесінде астана аумағында 1729369 жасыл желек отырғызылды.

«Астана Тазалық» өзінің жаңа техникасы бола тұра, шамамен алғанда 1 миллиард 600 мың теңгеге бөтен техниканы жалдайды. Бұл қыруар қаржы ғой. Бұл ақшаға, мәселен, жөндеуге қаржы табылмай тұрған балалар ауруханасын қалпына келтіруге, екі дене шынықтыру-сауық­тыру орталығын салуға болады

«Astana» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Рүстем Қуанышбаевтың айтуынша, осы жылы тұрақтандыру қорының қызметіне тағы 5,5 млрд теңге бөлінді. Қазір корпорация белгілі бір тауарды тікелей сатып алудан тауарды тұтынушыларға өткізетін супермаркеттерді несиелеу механизміне көшіп жатыр.

– Корпорация қызметі аталған бағыттармен шектелмейді. Біз «Көше саудасы: 1000 орын» бағдарламасымен де айналысамыз. Бірнеше жылдың ішінде бұл бағдарлама аясында бір мыңнан астам жұмыс орнын құрдық. Құрылыс саласына да атсалысамыз. Мұнда инвесторлар мен жергілікті атқарушы органдар арасында көпір қызметін атқарамыз. Цифрландыруға да тартылдық. Мәселен, 2019 жылы іQala жобасын іске қостық. Оның жұмысы жақсы нәтиже көрсетті. 2020 жылы пандемия кезінде қалаға кіру мен қаладан шығу шектелді. Сол уақытта тиісті рұқсат қағаздары іQala арқылы ресімделді. Жалпы монополис­тер мен қаланың коммуналдық қызметтері, жеке және заңды тұлғалар тиісті порталмен қатар іQala көмегімен «бір терезе» қағидатымен қызметтерді ала алады, – деді Р.Қуанышбаев.

ҚАР ЕРІТЕТІН ҚОНДЫРҒЫЛАР ҚАЙДА?

Қалалық мәслихат депутаты Бауыржан Жанқонақов 850 млн теңге үш қар ерітетін қондырғыны сатып алуға бөлінгенін, оның біреуі іске қосылмағанын айтып, себебін сұрады. Оның пікірінше, көкөніс қоймасын пайдалану да тиімді жүргізіліп жатқан жоқ.

– Өткен жылы көкөніс қоймаларын араладық. Сонда сіздердің иеліктеріңіздегі қоймалар жартылай бос тұрғанын көрдік. Бірақ соған қарамастан өзге фирмалардан жалға аласыздар. Неге бұлай болып жатыр? – деген сауалды қойды депутат.

Р.Қуанышбаевтың сөзінше, қар ерітетін қондырғылар «Астана Тазалық» ЖШС аумағына қойылып, жұмыс істеп тұр. Ал көкөніс қоймаларын коммерциялық негізде өзге фирмалар жалға алған. «Astana» ӘКК» болса бөтен қоймаларды жалдамаған. Корпорацияда мұндай қажеттілік туындамады.

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов баяндамашыларға бірнеше сауал жолдады.

– Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы жеке инвестициялар есебінен жалпы ауданы 50 мың шаршы метрді құрайтын үш көтерме сауда-тауарларды тарату орталығы мен қуаты 10 мың тонналық екі жылыжай кешенін салуы тиіс еді. Қазір жағдай қалай? Құрылыс жүріп жатыр ма? Көктемде осы нысандарды аралауды жоспарлап отырмыз. Біз сіздерден бұл нысандардың паспортын, олардың жұмыс істеу механизмдерін сұраған едік. Ештеңені берген жоқсыздар, – деді мәслихат хатшысы.

Бұған Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров инвесторлармен жұмыс істеп жатқанын, мәслихатқа жауапты жазбаша беретінін жеткізді.

АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚҚА ГАЗ ҚОСЫЛА МА?

Ерлан Каналимов өткен жылдың қазан айында қала әкімінің атына «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағындағы 23 кәсіпорыннан газ қосу өтініші түскенін айта келе, ол аймаққа газ тартылғанын, сондықтан өтініштерін орындау керектігін айтып өтті.

– Бұл салық төлейтін кәсіп­орындар ғой. Ал бюджет содан құралады. Өтініштерін қанағаттандыру керек, – деп қосып қойды Ерлан Каналимов.

Мәслихат хатшысы «Astana» ӘКК» АҚ-қа қарасты кәсіпорындардың бөлінген қаржыны игермеу мәселесін көтерді. Оның мәліметінше, АРЕК-ке өткен жылы 4,5 млрд теңге бөлінді. Компания сол қаржының 77 пайызын игермеген. Бұған қарағанда «Астана Теплотранзитке» бұдан үш есе аз, 1,5 млрд теңге бөлінсе де, игеру көрсеткіші 95 пайызды құраған.

– 77 пайызды игермеу деген масқара ғой. Сол себептен желілерде апаттар жиі болып жатыр. Жұмыс мүлде жүргізілмей жатқан сияқты ғой, – деді Ерлан Каналимов.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚЫСҚАНДА ӘРЕКЕТ ҚАНДАЙ?

Әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын ұстап тұру жайында сөз қозғаған ол қымбатшылық, инфляция жағдайында осы өте өзекті мәселеге мұқият болуды тапсырды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен жұмысты жылдам жүргізіп, уақыттан ұту керектігін айтты. Азық-түліктің сапасына көңіл бөлу керектігіне назар аударды.

– Тұрғындар көкөністің сапасына шағымданып жатыр. Өзім қаладағы бес «Магнум» супермаркетін аралап шықтым. Көргеніме көңілім толмады. Өздеріңіз сапаны тексеруді қойғансыздар ма? Егер оған шамаларыңыз келмесе, бұған қоғамдық кеңес мүшелерін, жастарды тартайық, – деді Ерлан Каналимов.

Қалалық мәслихат депутаты Ләззат Разбекова-Төлеуханова азық-түлік бағасын ұстап тұру жұмысы өте нашар жүргізіліп жатқанын айтты.

– Елордада әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлері 2,3 пайызға қымбаттағаны белгілі. Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіш. Картоп 30,6 пайызға, қырыққабат 39 пайызға, сәбіз 18,2 пайызға, тұз 1,5 пайыз­ға қымбаттаған. Бұл – 20 ақпан күніне мәлімет. Біз, депутаттар, азық-түлік себеттерін таратуды ұсынамыз. Елордада қазір 1200000 адам тұрады. Соның ішінде 608 мыңы экономикалық белсенді адам болса, 170 мыңға жуық тұрғын әлеуметтік әлжуаз топқа жатады. Бағаны тұрақтандыру бойынша ақпараттық жұмысты да күшейту керек. Себебі халық бұдан хабарсыз. Өзіміз түсіндіру жұмысын жүргізейік. Сіздер тек бізді тиісті ақпаратпен қамтамасыз етіңіздер, – деді депутат.

ЦИФРЛАНДЫРУ МЕРЗІМДІ ҚЫСҚАРТАДЫ

Мәслихат депутаты Бақдәулет Жанділдаев «Көше саудасы: 1000 орын» бағдарламасы бойынша жер телімін алу үдерісі өте ұзаққа созылатынын, оған тиісті шағымдар түскенін айта келе, мұның себебін сұрады.

«Astana» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Рүстем Қуанышбаевтың айтуынша, тиісті өтініш түскен соң, саудаға жер телімін бөлуді алдымен аудандардың әкімдіктері мақұлдауы тиіс. Содан соң «Астана Теплотранзит», АРЕК, «Астана су арнасы» кәсіпорындары жылу, электрэнергия, сумен қамту желілері бар ма, жоқ па, соны тексереді. Бұл жұмыс сол себептен жарты жыл-бір жыл мерзіміне созылып кететін. Қазір цифрландыру жұмыстарының арқасында желілер анық көрінетін болады. Сонда рұқсат алу 2-4 айға қысқарады.

Мәслихат депутаты Нұрлан Көпешов студенттерді «Astana» ӘКК» АҚ-тың еншілес кәсіпорындарына практика өтуге қабылдауды ұсынды. Оның пікірінше, осының арқасында оқуды бітіргеннен кейін жастарға жұмысқа тұруға жеңіл болады.

ЖЫЛЫЖАЙЛАР ЖАҒДАЙЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

Отырысты жүргізген депутат Владислав Сергеев «Астана көгалдандыру құрылысы» ЖШС-ке қарайтын жылыжайлардың жағдайы сын көтермейтінін айтып өтіп, осы нысандарда жылдан-жылға гүл өсіру көрсеткіші төмендеп бара жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, бұрын 5 млн гүл өсірілсе, қазір 3,5 млн.

– Егер бұл жұмыс дұрыс ұйым­дастырылса, жақсы жылыжайларды салып, оларды коммерциялық мақсатта пайдалануға болады. Себебі гүлге сұраныс жоғары. Қыс мезгілінде жылыжайларда аскөк, ақжелкен өсірейік. Біз бақша дақылдарын сатып аламыз. Кейде тіпті шетелдерден жеткіземіз. Оларды өзімізде өсіріп, бағаны реттеуге болады ғой, – деді В.Сергеев.

ҚЫРУАР ҚАРЖЫҒА ТЕХНИКАНЫ НЕГЕ ЖАЛДАЙДЫ?

Өткен жылы «Астана Тазалық» ЖШС-ке 207 техника сатып алынғанын, биыл тиісті бюджеттік сұраныс қайта түскенін айтқан депутат, осыған қарамастан, аталмыш кәсіпорын жыл сайын сырттан техниканы жалдау ақысын азайтпай отырғанын жеткізді.

– «Астана Тазалық», өзінің жаңа техникасы бола тұра, шамамен алғанда 1 миллиард 600 мың теңгеге бөтен техниканы жалдайды. Бұл қыруар қаржы ғой. Бұл ақшаға, мәселен, жөндеуге қаржы табылмай тұрған балалар ауруханасын қалпына келтіруге, екі дене шынықтыру-сауықтыру орталығын салуға болады, – деді депутат.

Ол жалпы «Astana» ӘКК» АҚ жұмысы бойынша көп сұрақ туындағанын, түсініксіз мәселелер көп екенін айта келе, бір айдан кейін мәслихатта тиісті мәселелерді тағы тыңдауды ұсынды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button