Елорда тынысы

Бюджет қаржысын тиімді жұмсаған жөн

Бюджет қаражатын үнемдеу, оның мақсатты жұмсалуын қадағалау, қаржы құжаттарының дұрыс рәсімделуі, мемлекеттік мекемелерде кездесетін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік сатып алу кезінде құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін ҚР Қаржы министрлігі, Қазынашылық комитетінің Астана қаласы бойынша Қазынашылық департаментінде кеңейтілген семинар-кеңес өтті.

Жиынға жергілікті ­бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен білім беру мекемелерінің бас есепшілері, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері қатысты. Елімізде жыл аяқталар тұста мемлекет қаржысын мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін барлық бюджеттік шығысқа мониторинг күшейді.

«Кеңейтілген семинардың мақсаты – бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануға мүмкіндік беретін талаптар мен сыбайлас жемқорлық нормаларын болдырмау, мемлекеттік бюджетті орындау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және бюджет заңнамасына өзгерістер енгізу үшін пікір алмасу. Сонымен қатар 2025-2027 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру бойынша жұмыс­тың басталуы қарсаңында мемлекеттік бюджетті атқару кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі шараларға ерекше назар аударылмақ» дейді ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті Астана қаласы бо­йынша Қазынашылық департаментінің басшысы Гүлжан Унербекова.

Астана қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті превенция басқармасының офицері Әйгерім Аңсағанова жүйедегі жемқорлыққа қарсы қабылданған заңдар мен өзгерістер туралы кеңінен түсіндірді. Айтуынша, әсіресе білім саласында анықталған жемқорлық мемлекетке едәуір шығын әкелген. Мәселен, соңғы 4 жыл ішінде 22 адам сотталған. Оның ішінде жымқыру, пара алу және қызмет бабын асыра пайдалану қылмысы тәжірибеде алғашқы үштікті құрайды. Мұндай жемқорлыққа мемлекеттік мекеменің директорлары мен есепшілері, білім бөлімінің жетекшілері мен қызметкерлері барады екен.

Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Әсет Байқуанышев мемлекеттік сатып алу кезінде кездесетін бұзушылықтар және олардың алдын алу шаралары, тәуекелді анықтау мәселелері бойынша сөз сөйлесе, бюджеттің ашықтығы мен айқындылығы мәселелеріне Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айжан Түгелбаева тоқталды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button