Басты ақпарат

Бюджеттік өтінімдер талқыланды

Жуырда Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатында Ерлан Каналимовтың қатысуымен, депутат Гүлжамал Жапарованың төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті.

[smartslider3 slider=3608]

Отырыста ішкі және жастар саясаты, дін істері мәселелері бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппаратының және құқық қорғау органдарының бюджеттік өтінімдері қаралды.

Полиция департаменті қар­жылық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Айгүл Құрманбекова төлемдер сомасының ұлғаюына байланысты тұрғын үй төлемдері бойынша қосымша қаражат қажеттілігі туралы хабарлап, сондай-ақ коммуналдық шығыстарды, оның ішінде ПД балансына берілген жаңа нысандар төлемдеріне байланысты қажеттілік туралы айтты.

Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов, ПД-нің кешенді жоспарына сәйкес, Арнайы жедел ден қою жасағы (СОБР) ғимаратындағы қазіргі жағдай, полиция полкіне арналған ғимаратқа қатысты сұрақтар қойды.

Қала әкімі аппараты басшысының орынбасары Жаңасыл Шаукентаев қосымша қажеттілік қызметкерлерге үстемақы төлеу үшін қажет екенін баяндады. Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова тұрақты комиссия отырысының қарауына жалақыға үстемақы төлеуге қосымша қажеттілік өтінімін ұсынды. Депутат Владислав Сергеев басқарманың ақпараттық орталықтың жұмысына қосымша қаражат сұрап отыр­ғанын, алайда жыл басында қомақты сома бөлінгенін атап өтті. Ол қосымша қаржыландыруға басқа да өтінімдердің түсуіне байланысты бұл өтінім қосымша талқыланатынын мәлімдеді.

Жастар саясаты мәселелері басқармасының ­басшысы Қайрат Қамбаров депутаттарға «Өзіңнен баста», «Bookfest», «Nur-Sultan City Quest», «Bolashaqqa jol» ­сияқты ­бірқатар жобаларды іске асыруға байланысты қосымша ­қажеттілік бар екенін хабарлады.

Депутат В.Сергеев бұрын «Кирпичный» тұрғын алабының мәселесі талқыланғанын, бағалау үшін құжат қажет болғанын еске салды. Мемлекеттік мүлік департаментімен аула клубы үшін ғимарат сатып алу мәселесін талқылау қажет, тұрғын алабы халқының саны 12 мыңды құрайды, оның үштен бір бөлігі – жастар.

Депутат Бауыржан Жан­қонақов аула клубтарын жабдықтауға қатысты сұрақ қойды. Ол «Артспорт» жобасын жарақтандыруға сұралып отырған сома мен аула клубтарының сомасы салыстыруға келмейтінін атап өтті, аула клубтарын жарақтандыруға бірнеше есе аз қаражат бөлінеді.

Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов депутаттарға басқарманың ақпараттық жұмысындағы жетістіктер туралы хабарлады. Мысалы, YouTube сайтында орналастырылған қысқа ­метражды фильмдер өз жемісін беруде. Фильм тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шетелдердегі қазақ тілді аудиторияда, Қыр­ғызстанда, Өзбекстанда да көп қаралған. Осы жылдың соңына дейін мұндай мазмұндағы тағы екі фильм түсіру жоспарланып отыр. Осыған байланысты басқарма қысқа метражды фильмдер түсіру үшін қосымша қаржыландыруды қолдауды сұрайды.

Мәслихат хатшысы дарынды режиссер жасаған фильмді көруге кеңес берді. Осы фильм­ді YouTube-те орналастырғаннан кейін 7 аймақта фильм жасауға қаражат бөлу туралы тапсырма берілді. «Жұмбақ» фильмінің мазмұны өте сапалы. Жақында фильмнің орыс тіліне аударылымы дайын болады және орыс тілді аудиторияға ұсынылады. Ол Конституция күні қарсаңында депутаттардың фильмді ұжыммен көрсетілімін ұйымдастыруды сұрады.

Депутат Батыр Котырев басқармаға экологиялық қауіпсіздікті сақтау және сала­уатты өмір салтын насихаттау бойынша жастарға арналған фильм түсіру туралы ой тас­тады.

Мәслихат  хатшысы әріпте­сін қолдап, жақында жоғары сынып оқушыларының ескерткіштерді сырғанақ ретінде пайдаланып жүргеніне куә болғанын айтты. Бұл – Цифр­ландыру басқармасының жұмысындағы олқылық, ол ескерткіштерді бейнекамералармен жабдық­тауды қамтамасыз етуі керек еді. Әсіресе бұл жағдайда ең қынжылтатыны сол – учаскелік инспектор ескерту жасаған кезде ата-аналардың бұдан еш әбестік көрмей, немқұрайлы қарауы.

Үш басқарма: экономика, қаржы, мемлекеттік мүлік басқармалары бюджеттің орындалуына жауап береді, сондықтан бөлінген қаражаттың жыл соңында игерілмей қалуы проблемалары болмау үшін қазір үшінші нақтылауда бұл басқармалар мен тексеру комиссиясы, оның ішінде ықтимал тәуекелдер туралы айтуы керек. Басқармалар оңтайландыру бойынша ұсыныстар беріп, әкімшілердің қай жерде проблемалары бар екенін алдын ала көрсетуі керек. ­Е.Каналимов бюджеттің игерілуін ескере отырып, алдағы уақытта тәуекелдер бойынша ақпарат беруді сұрады.

Жиын соңында Г.Жапарова барлық қаражат жоспарға сәйкес жоғары жауапкершілікпен мақсатты пайдаланылуы керектігін еске салды.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button