Елорда тынысы

Бюджеттің орындалуын талқылады

Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері елорданың 2021 жылға арналған бюджетінің орындалуы туралы есепті талқылады

[smartslider3 slider=2769]

Жаңа құрамның отырысы филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері, академик Кәрімбек Құрманәлиевті асқаралы 60 жасымен құттықтаудан басталды. Қоғамдық кеңестің төрағасы Зулфухар Гаипов алдымен Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаеваның, содан соң Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің құттықтау хаттарын оқып, мерейтой иесіне мықты денсаулық, жұмысына табыс және отбасына бақ-береке тіледі. Сондай-ақ «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов та ізгі ниетін білдірді. Қоғамдық кеңес мүшелері атынан игі тілегін жеткізген кеңес төрағасы білім беру және ғылым саласындағы ерен еңбегін ескере отырып, Кәрімбек Арыстанбекұлына гүл шоқтарын табыстады. Өз кезегінде мерейтой иесі: «Маған көрсетілген құрмет – бұл Қоғамдық кеңес мүшелеріне көрсетілген құрмет деп санаймын» деп, шынайы ықылас білдіріп, ерекше құрмет көрсеткендері үшін Қоғамдық кеңес мүшелеріне алғыс айтты.

Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі 2021 жылға арналған елорда бюджетінің атқарылу қорытындыларын қарау болды. Бұл ретте қалалық Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев Қоғамдық кеңес мүшелерін Нұр-Сұлтан қаласының 2021 жылға арналған бюджетінің орындалу қорытындылары туралы хабардар етті.

Басқарма басшысының айтуынша, 2021 жылғы бюджет саясаты Нұр-Сұлтан қаласының даму бағдарламасында және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларында анықталған мақсаттарға және міндеттерге қол жеткізуге бағытталды. Осылайша бюджет 700 млрд теңге көлемінде орындалды, 2021 жыл бойынша қала бюджетінің шығыстары 97,2%-ға атқарылды. Меншікті кірістердің көлемі 496 млрд теңгені немесе 109,5% орындай отырып (жоспардағы 453 млрд теңге сомада) құрады. Бюджеттің атқарылуын талдау өз кірістерінің жыл сайын ұлғайып келе жатқанын көрсетеді. Бюджеттің кіріс бөлігінің негізгі асыра орындалуы салықтық емес түсімдер және негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер есебінен қамтамасыз етілді.

Республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер мен кредиттер бойынша игерушілік 94,4% құрады (атқарылуы 196925,5 млн теңгені құрады), оның ішінде: ағымдағы бағдарламалар бо­йынша – 99,4%, даму бюджеті бойынша – 90,2%.

2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айының қорытындысы бойынша елорданың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң өсім көрсетті. Баяндамашы республикалық бюджеттен бөлінген трансферттерге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша іс-шараларды іске асыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, әлеуметтік мәселелерді шешуге тоқталды. Сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері 2021 жылға арналған елорда бюджетінің атқарылу қорытындыларын талдап, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаражатты игеруі бойынша оң динамиканы атап өтті.

Қала бюджеті қаражатының жұмсалуын оңтайландыру жөніндегі жұмыс оның әлеу­меттік бағытын сақтауға мүмкіндік берді. Жыл сайын білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларына, мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үй құрылысына, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған азаматтардың жекелеген санаттарына спорт және әлеуметтік көмек көрсетуге шығыстар ұлғаюда. Дегенмен кейбір басқармалардың бюджеттен бөлінген қаржыны уақытылы игермегені белгілі болды. Мәселен, қалалық Құрылыс басқармасы мен Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы бюджеттен бөлінген қаражатты уақытылы игермеген. Сол үшін аталмыш басқарма басшылары, сонымен бірге қаладағы 9 мектеп директоры, барлығы 17 лауазымды тұлға қатаң сөгіс және ескерту жариялау түріндегі түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Жалпы талқылау қорытындысы бойынша 2021 жылға арналған бюджеттің атқарылуы туралы есеп Қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныс­тары мен толықтыруларын ескере отырып, көпшілік дауыспен мақұлданды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Роман Ким елордадағы мемлекеттік органдардың қызметіне тоқталды. Жыл сайын агенттік қызметкерлерінің жүргізетін әлеуметтік зерттеулерінің қорытындысы бойынша 2020 жылы бас қала 17 өңір ішінен мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жөнінен 17-орынды иеленсе, былтыр 13-орынға шыққан. Әрине, бұл қоғам мүшелерін қатты алаңдатты. Себебі кез келген адам еліміздің бас қаласындағы мемлекеттік қызмет көрсету жұмысына қарап жалпы мемлекеттік органдарға баға беретіні туралы айта келе, департамент басшысының орынбасары алдағы уақытта елорда имиджін көтеру бағытындағы жұмысты жақсартуға бірлесе атсалысуға шақырды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button