Мәдениет

САКУРА ЕЛІНЕ САЯХАТ

Жапон халқында көппен бірге гүлдерді тамашалайтын Ханами дәстүрі барын білеміз. Көрмеде өзімізді сол мерекеде жүргендей сезіндік. Томоко Хоукёның сурет галереясынан құралған ғажайып бақты аралап, әсемдікке біз де сүйсіндік.  Үздіксіз өзгеріс үстіндегі табиғат тіршілігімен үйлесім тапқан туындылар көрген көзді тұтас бір ел болмысының куәсі етеді. Көрменің аты да затына сай – «Жапонияның сұлулық әлемі».

Суретші – жапон бейнелеу өнерінің ежелгі түрлерінің бірі саналатын Нихонга кескіндемесінің өкілі. Нихонганың дәлме-дәл аудармасы «жапондық кескіндеме» сөзін білдіреді. VIII ғасырдан бастау алған бұл  өнер бүгінге дейін өз биігінен еш төмендемей, халықтың ұлттық бітімін жеткізумен келеді.

Табиғат көріністеріне тамсана білу – жапондықтардың ұлттық мінезіндегі бірден-бір ерекшелік. Маусымдық өзгерістер мұнда анық байқалатындықтан, жылдың төрт мезгілі де кескіндеме өнеріне арқау болып жатады. Суретшілер, әсіресе, сакураның бүршік атып, гүлдеген кезін қағазға түсіруге асығады. Томоко Хоукёның көрмеге қойылған 22 картинасының көбінде сакура гүлдеуінің түрлі кезеңдері сондай-ақ, хризантема, гортензия  гүлдері суреттеледі. Әдемілігі бірінен-бірі өткен, екіншісі алғашқысын қайталамайтындай әртүрлі. Бояуы қанық. Тіпті, алыстан көз тастаған адамға фотография секілді көрінеді. Алайда, жақыннан қарасаң, ешқандай да көшіру емес, түпнұсқа екені, фотография емес, қолмен салынған сурет екені айқын байқалады. Мұның сыры бір жағынан автордың бояу ретінде тек табиғи минералды заттарды пайдалануында болса, екінші жағынан, ұсақ-түйек детальдің өзін мүлт жүбермей сезіне біліп, барынша ұқсатып бейнелеуінде.

«Сакураның қысқа ғана ғұмыры бар. Өмір  де сондай өткінші. Тірліктің баянсыз екенін табиғаттың осы ғажап көрінісімен байланастыратынымыз рас. Сол гүлдердің үстіне көбелек қондырғанымның да мағынасы бар. Көбелек – тіршілік иесі. Оны үнемі тіршілік үшін тырбанып іс-әрекет, қимыл-қозғалыс үстінде жүретінімізді жеткізу үшін суретке қостым» дейді автордың өзі. Әр суреттің төменгі бөлігінде кішкентай ғана көбелектің белгісі барын байқадық. «Бұл менің жеке қолтаңбам, қалыптастырған стилім» деп жауап берді суретші қыз.

Ол Фукусима префектурасына барып, Жапон елі тарихындағы қайғылы оқиғадан кейін де өсуін тоқтатпаған сакура ағашын көріп, оны өз шығармашылығына қосады. Радиация кесірінен сұр тұман арасында өсіп жатқан ағаштың көрінісі ауыр мұңға жетелейді…

Сондай-ақ, «Бүркіт пен сәлдегүл» суреті назарымызды аудармай қоймады. Автор бүркітті Қазақстан келбеті деп алып,  екі ел арасындағы табыс­ты серіктестік пен бауырластықты көрсетуді мақсат етіпті. Аталған туындының эскизі Алматыда туған көрінеді.

Томоко Хоукё бұған дейін Жапонияда Қазақстан тәуелсіздігіне арналған арнайы көрме ұйымдастырған болатын, ал «Жапонияның сұлулық әлемі» – суретшінің еліміздегі алғашқы көрмесі. Қазанның 19-ына дейін қала тұрғындары мен қонақтарының жапондық мәнердегі картиналармен танысуға мүмкіндігі бар.

 Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button