Жаңалықтар

Cарбаздарды салтанатпен шығарып салды

29 сәуір күні Жастар сарайында жас сарбаздарды әскер қатарына салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Оған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері мен астана жұртшылығы ­қатысты.

[smartslider3 slider=2845]

Жиында сөз алған Нұр-Сұлтан қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Мұрат Берікболов былай деді:

– Құрметті әскерге шақырылушылар! Сіздер әскерге Қазақстан Қарулы күштері құрылғанының 30 жылдығы қарсаңында аттанғалы отырсыздар. Алдыңғы ұрпақтың жауынгерлік дәстүрін алға жалғастыру енді сіздерге жүктеледі. Ел іргесінің берік болуына бүгіннен бастап нақты үлес қосатын боласыздар. Елорда халқы сіздерге зор сенім артады. Әскери анттарыңызға адал, серттеріңізге берік болыңыздар!

Қарулы күштердің ардагері, запастағы генерал-майор Марат Нағұманов болса тарихқа аз-кем шегініс жасап, кезінде әкесінің осы қаладан майданға аттанғанын, араға жылдар салып өзінің осы жерден әскерге кеткенін әсерлі әңгімелеп берді. Ардагер осы ұрпақ сабақтас­тығының үзілмейтініне сенім білдіріп, жас сарбаздарға ақ жол тіледі.

Бүгін астанадан ҚР ­Әскери-теңіз күштерінің қатарына 40 азамат аттанды. Оларды ҚР Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, контр-адмирал Сәкен Бекжановтың өзі қабылдап алды.

Қазіргі таңда ел астанасында әскерге шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Шекара әскерлерінің қажеттілігі толық қамтамасыз етілді. Енді жас сарбаздар Қарулы күштерінің басқа да түрлеріне алынып жатыр. Жалпы биылғы көктемде әскер қатарына 800-ден астам астаналық азамат шақырылмақшы. Көктемгі әскерге шақыру науқаны 30 маусымға дейін жалғасады.

Әбубәкір Смайылов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button