Әлеумет

Cарқынды суға қатысты тариф өсуі мүмкін

Бүгін елордада «Астана су арнасының» 2025 жылғы 1 мамырдан бастап көрсетілетін қызметтерге тарифтердің өзгеруіне қатысты орай қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Өзгерістер 2025 жылға арналған ағынды суларды бұру және тазарту бойынша реттелетін қызметке қатысты.

«Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» Ұлттық жобасын (ҚР Үкіметінің 25.12.2024 жылғы № 1102 қаулысымен бекітілген), сондай-ақ «Тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасын іске асыруға байланысты 2025 жылғы 1 мамырдан бастап тарифтерді өзгерту ұсынылды, яғни инвестициялық бағдарламаның құнын арттыру ескерілген.

— 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарлама жобаларын іске асырудың бекітілген құны ҚҚС-сыз 1,9 млрд теңге. Бұл қаражат сумен жабдықтау желілеріндегі құрылыс-монтаж жұмыстарына, кәріздік сорғы станцияларындағы тозығы жеткен қондырғыларын ауыстыруға, нысандарға арнаулы жабдықты сатып алуға қарастырылған. Дегенмен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тапшылығы мен жеткіліксіз қуатының проблемаларын шешу үшін кәсіпорын 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарламаның қаражатын ұлғайту туралы ұсыныс енгізді. Жоспарланған қосымша инвестициялардың құны 7,65 млрд теңге, — деді «Астана су арнасы» МКК Бас директордың бірінші орынбасары Ержан Шаріпов.

Қаржыландыру көзі:

— 2,05 млрд теңге — тариф есебінен;

— 5,6 млрд теңге — тарифтерге әсер етпей, республикалық бюджеттен.

Оның айтуынша, кәсіпорын 1777 су құбыры желісіне қызмет көрсетіп отыр, соның ішінде 434 шақырымында пайдаланудың нормативті мерзімі өтіп кеткен. Жаңғырту және күрделі жөндеуге байланысты жыл сайынғы ауыстыру аясында орта есеппен 10 шақырым қамтылып отырған. Сондай-ақ, қазіргі уақытта кәсіпорын теңгерімінде 1238 шақырым кәріз желісі бар. Соның арасында 244 шақырымында пайдаланудың нормативті мерзімі өтіп кетті. Бұл ретте тозудың орташа деңгейі 39,7 пайызды құрады. Жыл сайын орта есеппен 2 шақырым учаске жаңартылып отырды.

— Қолданыстағы тарифке тоқталсақ, Астана сумен жабдықтау тарифінің деңгейі бойынша 20 өңірдің (17 облыс және 3 республикалық маңызы бар қала) ішінде 8-ші орында, ал су бұру тарифінің деңгейінде 7-ші орында. «Сарқынды суларды ағызу және тазарту» тарифтерінің орташа деңгейін текше метріне 134,96 теңгеден 174,29 теңгеге дейін өзгерту ұсынылады. «Халыққа» арналған тариф 79,63 теңгеден 102,38 теңгеге дейін, жылумен қамтамасыз ету кәсіпорындары бойынша 240,54 теңгеден 310,63 теңгеге дейін (70 теңге), ал бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғалар үшін 309,12 теңгеден 399,19 теңгеге дейін (90 теңге) өзгереді, — деді Ержан Шаріпов.

Оның сөзіне қарағанда, «ауыз суды жіберу» және «техникалық сумен қамтамасыз ету» қызметтері бойынша тарифтер текше метріне сәйкесінше 158,93 теңге және 53,43 теңге деңгейінде өзгеріссіз қалды.

— Қазіргі кезде орта есеппен қызмет көрсету аясындағы есеп-қисапқа тоқталсақ, 4 адамнан тұратын отбасы шамамен 18 текше метр ауыз суды пайдаланады (бір адамға 4,5 текше метр). Қолданыстағы тарифтер бойынша (01.01.2025 ж. бастап қолданысқа енгізілген, тұтыну көлемі бойынша саралау тетігі бар) су және кәріз үшін төлем 3 246 теңгені құрап отыр. Сарқынды суларды бұру және тазарту қызметтеріне ұсынылған өтінім бойынша тарифтер өзгерсе, төлем сомасы 3 656 теңгеге (өсім 410 теңге) жетуі мүмкін, — деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл ақпан айында Астанада қоқыс пен қалдықтарды шығару тарифі өсті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button