ЧЕ ЧАВЕС
Өткен аптада біз үшін буалдыр тарта бастаған социалистік идеялардың соңғы бекеттерінің бірі – Венесуэла өзінің президентін ақтық сапарға шығарып салды. Соңғы жылдары пайда бола бастаған “харизма” түсінігінің жапсары марқұм Уго Чавестің тұлғасына байланысты толық ашылғандай болды. Ақпараттық тепе-теңдік сақтау үшін құлағымызды тосып, көзімізді тіккен радио-телеарналардың барлығы да президент Чавестің мақтауын жеткізді. Тіпті панамерикалық ақпарат көздері де. Бұл не?
Қаддафи жасау мүмкін болмады
Уго Чавес – Латын Америкасы деп шартты аталып кеткен Оңтүстік Америка құрлығы, Солтүстік Американың төрттен бірі дерлік және Кариб бассейні елдерінен аты күллі әлемге әйгілі болған тұлға болатын. Және әңгіме тіпті де оның батыстық үлгідегі саяси тұлға образын тәрк етіп, ән салып, би билеп, қарабайырлыққа салынғанында емес.
1998 жылы билікке келген Чавесті алпауыт елдердің барлығы кезекті уақытша келім-кетім генералдардың бірі деп ойлаған. Латынамерикалық мемлекеттерде билік түс ауа ауысып кете беретіні әбден үйреншікті жәйт болғаны және бар. Бірақ олай болмады. АҚШ-тың зәресі ұшатындай-ақ жағдай орын алды: дәл иегінің астындағы елдердің бірі ықпалынан шығып кеткені өз алдына, күні бітті деп жүрген социализмге бет бұрды! Әрине, айталық, солтүстік корей нұсқасындағы қарадүрсін социализм емес, құдайға құлшылықты үйлестіре білетін өзінше социализм. Әрі қарай мұнай компанияларының мемлекет меншігіне алынуы – корпоративті АҚШ-қа ақырғы соққы болды: осы тұстардан бастап америка медиасында Чавес – “сайтанның ұлы”, “адамжегіш”, “көңілді зиянкес” деген сияқты айдарлар тағыла бастайды.
Бірақ АҚШ үшін бар бәле алда болатын. Чавестің ендігі ісі – Латын Америкасы елдерінің ауызбіршілігі болды. Бұл аймақты әдетте өз ауламыз деп есептеп келген АҚШ-тың кейбір “өтініштері” қараусыз қалып, сөзі өтуі қиынға айналды. Чавестің ықпалымен. Айта кету керек, бұл жерде соншама беделді емес Венесуэла латынамерикалық елдердің басшылығын ортақ тарихи мұра һәм мұраттармен, мәдени ұқсастықтар мен бауырластық арқылы топтастыра алды. Бұрын латынамерикалық банан, кофе, мақта мен жүгерісін сатуда бірден бір монополист болған АҚШ-тың ықпалы кәдімгідей азайды. Тіпті Оңтүстік Америка қызылдардың (Қытай мен Мәскеу) ықпалында кете ме деген де үрей болды.
Соңғы амалдардың бірі – Чавесті сыртқы әлемге хайуан қанаушы, әбден байыған қылмыскер ретінде көрсету болатын. Бірақ парадокс сонда: АҚШ өзінен ондаған мың шақырымда жатқан Ливияның Қаддафиін солай көрсете алса да, иегінің астындағы Чавеске әлі келмеді. Сыры неде екен?
«Мырзажан»
Уго Чавес 5 наурыз күні қайтыс болғаннан бері әлемнің түкпір-түкпірінде өткізіліп жатқан дөңгелек үстелдерде сан жоқ. Бірақ басты сұраққа жауап әлі табылмай жатыр: бұл кім болды – әккі саясатшы ма, әлде барлығы өзінен өзі тамаша болды ма? Нақты жауаптың нобайы да көрінбейді, Чавестің ғаламат қолдауға ие болуын түсіндіретін нәрселер дегенмен бар сияқты.
Біріншіден, латын америкасы, бір кездегі орыстар әлде қытайлар сияқты, қып-қызыл социализмге қойып кетпегенімен, мұндай жүйенің өздерінше нұсқасы бар ұлттардың мекені. Че Гевара, Фидель Кастро сияқты тұлғалардан кейін, осы латынамерикалық үлгідегі әлеуметтік қоғамның келбеті болатын тағы бір тұлға керек-ақ болып жүр еді. Себебі, Че Гевара ұмытылмағанымен, өткен ұрпақтың ғана көз көрген қайраткері еді. Ал Фидель Советтер Одағы күйрегеннен кейін жалыны басылмады емес, басылды. Ақыры кіріптарлықтың қамытын киді. Уго Чавес осы жерде іздегенге табылған бола кеткені анық. Ол да “команданте” деген құрметті атаққа ие болды.
Екіншіден, о баста АҚШ-қа арқа сүйеген латынамерикалықтар бай мен кедейдің арасындағы үңірейген апанға ие болды. АҚШ тарапынан латифундалар (плантаторлар) ғана қолдау алғасын, байы – байи берді, кедей қала шетіндегі лас кварталдарға ысырыла берді. Сарайлар мен лашықтардың қатар тұрғанына иллюстрация керек болса, осы латынамерикалық ресурстардан іздеңіз. Экстра-классты көлік түбінде алақан жайып отырған адам – ендігәрі ақын қиялының жемісі емес, өмірдің өз өрнегіне айналды. Ендеше Уго Чавестің саясаттағы АҚШ-қа қарсы риторикасы уақытылы басталып, қара орман кедей-кепшіктің көңілінен шыға қойды.
Үшіншіден, Чавестің мұнайдан түскен қаржыны аяусыз әлеуметтік арнаға бұрып, ешқандай экономикалық қисынға қарамастан жоқтарды жарылқап тастауы, және оларды Конституциямен бекітуі. Әрине, ағын су ақша ешқашан болмайды, және мұнайдың мастығынан бір күні айығуға тура келеді. Ол кезде жағдай тіпті мүшкіл болуы мүмкін. Бірақ Чавес ол кесір күн келетін уақыттан ерте дүниеден озып отыр. Әшкерелеуге жатпайтын, тек қана жақсысын айтатын деңгейге өтіп кетті. Енді ол мәңгіге дерлік төңкерісшіл күштердің піріне айналып, бейнесі футболкаларға Че Гевара, Фидель Кастролармен бірге басылмақ.
Тағы не айта аламыз? Иә, айтпақшы шотында қара бақыр да, тіпті шоты да жоқ тұлғалардың бірі. Ақшаны сүймеуі – оны халықпен теңестірді және жауларының қолына айғақ болатындай түк бермеді. Бірақ Кубаны өз қалтасынан шығып жатқандай миллиардтап қаржыландыра салатыны сияқты ұрдажық мінезі де болды.
Биші. Әнші. Генерал. Халықтың айнасы. Диктатор. Өлгенде жаулары да қайғырған адам. Міне, өткен аптада осындай қарама-қайшылыққа толы саяси тұлға мәңгілікке аттанды.
Бетті дайындаған:
Ерлан ОСПАН