SportБасты ақпарат

ЧЕХИЯДАҒЫ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ТАРТЫСЫ

Чехияның Пардубице қаласында қаласында төл спортымыз тоғызқұмалақтан екінші әлем чемпионаты өтті. Қазақ халқының ақыл-ой мен зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақты әлемдік деңгейде таныту, ең үздік спортшыларды анықтау, ойынның халықаралық танымалдығы мен бұқаралығын арттыруды мақсат еткен чемпионатты Дүниежүзілік және Чехия тоғызқұмалақ қауымдастығы, «Авиаконтакт» халықаралық зияткерлік ойындарды ұйымдастыру комитеті өткізді.

 Байрақты бәсекеге Астана қаласынан барған төрт спортшымыз елдің намысын қорғап қайтты. Турнир үш жіктеме: блиц (шапшаң тоғызқұмалақ), рапид (белсенді тоғызқұмалақ) классика (әрқайсысына 90 минуттан) бойынша өткізілді. Чемпионатқа 10 елден 47 адам қатысты. Оның 28-і ер адам болса, 16-сы – нәзік жандылар.

Олардың қатарында Германия, АҚШ, Ресей, Швейцария, Түркия, Украина, Латвия, Қырғызстан, Чехия мен Қазақстан сияқты елдердің өкілдері болды. Бірнеше күнге созылған сайыс қазақ ұлттық ойынының әлемдік мәртебеге ие болғанын айқын дәлелдеп берді.

Қазақстан намысын ту еткен спортшыларымыз бұл сайыста жеңісті жолдан жаңылмады. Ерлер арасында шапшаң ойнау чемпионатында Айдос Сейітжановтың жұлдызы жанды. Ол қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ, рапид сайысында да халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Айдос Сейітжанов пен Мақсат Шотаев екінші және үшінші орындардан көрінді.

Бұған дейін де түрлі республикалық, халықаралық жарыстарда олжа салған саңлақтар бұл жолы да жеңіс тұғырының биік сатысына көтеріліп, жерлестеріне қуаныш сыйлады. Тағы бір айта кетерлігі, Германияның осы спорт бойынша «Бұршақ» деген түрінен жерлесіміз Мақсат Шотаев бас жүлдені иеленіп, алдына жан салмады. Ал, Африканың «Овари» ойынында Айдос Сейітжанов 3-орын алды.

Ал, қыздар арасындағы кездесулерде Астана қаласының спорт шебері  Гүлжан Мағауова рапид бойынша 3-орынды иеленді. Осы ретте аталған спортшылардың кейінгі кездері табысты ойындарымен жанкүйерлерін желпіндіріп жүрген жастар екенін айта кеткен жөн. Жалпы, тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты басқа елде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Тоғызқұмалақ – төл ойынымыз дегенмен де, Германия, Қырғызстан, Швейцария, Латвия ойыншылары тоғызқұмалақ спортының өз елдерінде өркендеп келе жатқандығын көрсетті.

 Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button