Sport

Чемпион атына лайық

«Астана» футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасының 32-турында өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдады.

Бұл доп додасында чемпиондықтың тағдыры шешіліп қойғанымен, «ел классико» атанып кеткен екі мықты команданың ойыны қашанда көріксіз болған емес. Жұрт болжағандай, ел біріншілігінде ең бірінші болып қойған «Астана» Еуропа лигасының кезекті турының алдында бұл матчқа негізгі ойыншыларын демалдырып, жастарын шығара салған жоқ. Өйткені ҚПЛ-дың бас жүлдесіне фаворит саналған «Қайратқа» чемпион ретінде күш көрсетуі керек еді. Бір жағынан Чехияның «Яблонец» командасына қарсы ойын алдында жігіттердің дайындығын бір пысықтап алған да жөн болған шығар.
Сөйтіп Григорий Бабаян баптайтын команда алаңға толық күшпен шықты. Ал «Қайрат» біраз жастың шамасын байқап көруге бел байлапты. Бір-бірінің сырын беске білетін тісқаққан командалардың ойыны өте тартысты өтті. Есепті алдымен 22-минутта қонақтар ашты. Гол авторы – Магамед Парагульгов. Бұған «Астана» 25-минутта Марин Томасовтың голымен жауап берді. Ал 39-минутта бұрыштамадан Серікжан Мужиковтың көтерген добын Бактиер Зайнутдинов баспен дәл соқты. Екінші таймда алматылықтар таразы басын теңестірді. 60-минутта көзге түскен – Эсео­ла Адеринсола. Осылай алма-кезек гол алмасқан дербиде ақыры біреуі бір бас жоғары болды. Жеңісті голды 61-минутта астаналық Роман Мұртазаев соқты.
«Астана Арена» стадио­нында өткен ойын­ды 3200 жанкүйер тамашалады. Енді екі күннен кейін Қазақстан чемпионын Еуропа лигасының ойыны күтіп тұр.
Алғашқы үштік анықталып қойған ҚПЛ-дың қалған ойындарында тартыс әлі де тарқай қоймады. Өйткені бірі еуро кубокқа ілігуге барын салса, енді бірі басты лига бәсекесінде қала беру үшін жанын салып жатыр. Тек Оралдың «Ақжайық» командасының ғана келесі маусымда бұл додаға оралмасы белгілі болды.

 

Марин Томасов қазан айының үздік ойыншысы деп танылды. Оған жанкү­йерлердің 47,42 пайызы дауыс берді.

«Қайрат» командасына қарсы матч мажарстандық Ласло Кляйнхайслердің «Астана» сапындағы
50-інші ойыны болды.

«Қайрат» – «Астана» кездесуінде екі рет нәтижелі пас шығарған Серікжан Мужиков елордалық клубтың тарихында осы көрсеткіш бойынша үздік үштікке кірді.

Иван Маевский,
«Астана» командасының
жартылай қорғаушысы:

– Жеңгенімізге өте қуаныштымын. Мұнымен біз «Қайраттан» сөзсіз мықты екенімізді дәлелдедік. Біз бірінші орынға расында да ла­йық болдық. Біздің нағыз чемпион екенімізге ешкім шәк келтірмеуі керек. Жанкүйерлерді бесінші рет қатарынан чемпион болғанымызбен шын көңілден құттықтаймын.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button