Sport

Чемпион өкілеттігін тапсырды

Чемпионат өзінің шешуші кезеңіне қадам басты. Доп додасы мәреге тура тартатын дүрбі жолға түсті. Біздің есепті кезеңімізде маусымның 27-сі күні кеште басталып, 29-ына қараған түні аяқталған 3-тур ойындарымен бірге іріктеу кезеңі де соңына жетті. Есепті кезеңде 8 ойын өткізіліп, оларда 17 гол соғылды. Бұлардың 3-і автогол болды. Осы аралықта 2 пенальти белгіленіп, біреуі ғана қақпаға дарыды.
Мұндағы ең үлкен сенсация іс үстіндегі әлем чемпионы – Германия құрамасының Кореядан жеңілуі ғана емес, оның 1932 жылдан бері бірінші рет топтық турнирден келесі кезеңге шыға алмай қалғаны болды. Жалпы, соның алдындағы чемпионат алтын жүлдегерінің келесі мундиальда плей-офф кезеңіне өте алмауы соңғы үш жаһандық жарыстың дәстүріне айналды.
Бүгін чемпионатта – үзіліс. Ертең 1/8 финалдық ойындар басталады. Бұл күні Франция – Аргентина, Уругвай – Португалия өзара күш сынасады. Шілденің 1-інде Испания – Ресей, Хорватия – Дания, 2-сінде Бразилия – Мексика, Бельгия – Жапония, 3-інде Швеция – Швейцария, Колумбия – Англия кімнің ширек финалға шығатынын анықтайды. 

Германия әлем чемпионатының 3-турында Кореядан 0:2 болып ұтылу арқылы оның плей-офф кезеңіне қадам басу құқығынан айырылып қалды. Бұл олардың әлем чемпиондығы өкілеттігін қоса тапсыруына себеп болды.

«Неміс машинасы» чемпионаттың 1- турында Мексикадан 0:1 есебімен ұтылып қалғанда, көбіміз оның жүріс-тұрысында бір ақау бар екенін байқап қалсақ та, жүйріктің қыза келе озатынын алға тартып, бірте-бірте қарқынға қарқын қосатынына үміт арттық. Ал екінші кезде­судің қосымша уақытында шведтерден жеңісті тартып әкет­ке­нінде, оны фантастика­лық же­ңіске санадық. Бірақ неміс­тердің бұл ұтысты негізгі уақытта қамтамасыз ете алмауының өзі дабылды жайт еді. Сол дабыл бекер болмай шықты.
Осындайда еске түседі, мұның алдындағы мундиальда бун­дестим қолынан келіп тұр­ған­да қонышынан басқан болатын. Ол Оңтүстік Америка аума­ғын­да әлем чемпионы атағын же­ңіп алған бірінші еуропа­лық терме жамағат атанды. Соның сыралғысында турнир иелері – бразилия­лықтарды өз үйлері­нің төрінде талқандап тастады. Алайда, Йоахим Левтің шәкірттерін Ресей жерінде өзгеше сы­нақ пен соққы күтіп тұр екен. Неміс­тер оншалықты күшті емес топтың өзінен шыға алмағаны былай тұрсын, онда соңғы 4-орында қалып қойды.
Маусымның 27-сі күні кешке Корея құрамасымен күш сы­нас­қан алмандар ойынның негізгі уақытында қақпа құлпын бұзатын қаншама мүмкіндікті босқа жіберіп алғаннан кейін, арбитр белгілеген 7 минуттық қосымша уақыт ішінде қарсыластарынан 2 гол өткізіп алып, таза тақырға отырды. Сөйтіп, қаншама жұлдыздардан құ­ралған бундестим чемпионаттың ақырына дейін жете алмай, жарты жолда табан тайдырды. Шамасы, бұған құрама сапында қанша талантты ойыншылар болғанымен, олардың арасынан нағыз лидердің табылмауы осыған апарып соқ­тырса керек. Немістердің қап­таған мүмкіндіктерді осынша­лық бей-берекет жұмсаған сәт­терін де бірінші рет көріп отыр­ған сияқтымыз. Бұл жолы алдыңғы шепте Мирослав Клозе тәрізді ойын көрігін қыздыратын форвард болған жоқ. Оның қабатында шауып жүретін Лукас Подольски де та­былмады. Тек ара-тұра Тимо Вернердің ерекше белсенділігін байқалды. Ол негізінен алыстан доп ұруды қолай көрді. Ал қақпа алдындағы қарбалас сәттерде тұйықтан жол тауып кететін ойыншылар бола қоймады.
Мұның үстіне, немістер барлық уақытта дерлік баяу ойын жүргізді. Сосын олардың ойындарын оқып қою да бұл жолы көп қиындық туғыза қоймады. Сондай сүреңсіз шабуылдардың басында Никлас Зюле алға қарай доп асырды. Оны қағып алған Йозуа Киммих кідіртпей Леон Горецкаға жөнелтті. Ал хавбектің баспен қақпа бұры­шына қарай бағыттаған добын корей голкипері Чо Хён У ғала­мат секіріспен қайтарып үлгер­ді. Бұдан кейін Вернер қақпа ала­­­ңында жүрген Месут Озилге керемет пас шығарды. Бірақ оның «тоғыздықты» көздеп ұр­ған добы қисық ұшты. Мұның артынан корей шабуылшысы Сон Хын Мин тым алға шығып кеткен қақпашы Мануэль Нойерді қапы қалдырмақ болып, алыстан доп жөнелтіп еді, онысы қақпадан да арыға кетті.
Матчтың аяғына қарай неміс­тер қарқындарын бәсеңдетіп алды. Ал корейлер қайтқан жоқ. Осы тұста шведтермен ойында қаһарман атанған Тони Кросс допты Сон Хын Минге беріп қойды. Гол! Сөйтіп, есеп ашылды. Немістердің екінші голды жіберіп алуына Нойердің қарсы жаққа шабуылға шығып кетуі себеп болды. Сол заматта қарсы шабуылға көтерілген корейлер ашық қақпаға допты сүңгіте салды.
Тағы бір сенсация осылай дүниеге келді.

Қысқа-нұсқа

* Маусымның 29-ына дейін чемпионатта 48 матч ойналды.
* Бұл ойындарда ең көп кездескен есеп – 1:0. Ол 13 рет қайталанды.
* 48 матчта 122 гол соғылды. Әр ойынға орта есеппен – 2,54 доптан.
* Осы аралықта 3 футболшы алаңнан қуылып, 159 рет ескерту берілді.
* Юссуф Полуьсен (Дания), Александар Митрович (Сербия), Штефан Лихтшатайнер (Швейцария), Фержани Сасси (Тунис) екі ескертуден алды.
* 48 матчты 2 112 089 адам көрді. Бұл – әр кездесуде орта есеппен 44 018 көрермен болды деген сөз.
* Осы кезге дейін қақпаға 24 пенальти белгіленіп, олардың 18-сі голға айналды. Үш допты қақпашы қағып алды, бір доп маңдайшадан қайтты, екі футболшы қақпадан биік жіберді.
* Чемпионатта 2 хет-трик, 8 дубль жасалды, 9 автогол соғылды.

Турнир таблосы

3-тур

Қазан.
Корея – Германия 2:0
Голдар: Ким Ён Гвон (94), Сон Хын Мин (96).

Екатеринбург.
Мексика – Швеция 3:0
Голдар: Людвиг Аугустин­ссон (50), Андреас Гран­квист (62, пенальти), Эдсон Альварес (74, автогол)

28 маусым
Мәскеу, «Спартак».
Сербия – Бразилия 0:2
Голдар: Паулиньо (36), Тиаго Силва (68)

Нижний Новгород. Швейцария – Коста-Рика 2:2
Голдар: Блерим Джемайл (31), Йосип Дрмич (88) – Кендалл Уостон (56), Янн Зоммер (90+3, автогол)
Салынбаған пенальти: Брайан Руис (90+3, маң­дайша)

Волгоград.
Жапония – Польша 0:1
Гол: Ян Беднарек (59)

Самара.
Сенегал – Колумбия 0:1
Гол: Ерри Мина (74)

29 маусым
Калининград.
Англия – Бельгия 0:1
Гол: Аднан Янузай (51)
Саранск. Панама – Тунис 1:2
Голдар: Яссин Мерия (33, автогол) – Фахреддин Бен Юссеф (51), Вахби Хазри (66)

Мергендер көші

Гарри Кейн
(Англия)

Криштиану Роналду
(Португалия)

Ромелу Лукаку
(Бельгия)

Денис Черышев
(Ресей)

Диего Коста
(Испания)

Миле Единак
(Австралия)

Артём Дзюба (Ресей)
Лука Модрич (Хорватия)
Филиппе Коутиньо (Бразилия)
Ахмед Муса (Нигерия)
Эден Азар (Бельгия)
Джон Стоунс (Англия)
Луис Суарес (Уругвай)
Мохаммед Салах (Египет)
Сон Хын Мин (Корея)
Андреас Гранквист (Швеция)
Ерри Мина (Сенегал)
Вахби Хазри (Тунис)

Бұдан бөлек, 68 ойыншы бір-бір голдан соқты.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button