Цифрлық трансформация бойынша өңірлік жиын өтеді
БҰҰ және Қазақстан цифрлық трансформация бойынша өңірлік конференция өткізеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Азия мен Тынық мұхиты өңірі цифрлық инновациялар орталығына айналды, бұл тұрақты даму мен жалпы әл-ауқат үшін цифрлық қосылу мен трансформацияны жеделдетуге теңдессіз мүмкіндік береді.
2024 жылғы 3-5 қыркүйек аралығында Астанада Азия-Тынық мұхиты цифрлық қосылу мен трансформация бойынша министрлік конференциясы өтеді, оған үкімет басшылары, министрлер, жоғары лауазымды тұлғалар, цифрлық технологиялар саласындағы сарапшылар мен технологиялық компаниялардың өкілдері қатысады.
Конференцияны Қазақстан Үкіметі және Азия мен Тынық мұхит үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссия (ЭСКАТО) бірлесе ұйымдастырады. Конференция өңірде инклюзивті цифрлық экономикалар мен қоғамдарды ілгерілетуді, сондай-ақ цифрлық алшақтықты жою, цифрлық байланыстылықты нығайту, цифрлық дағдыларды оқытуды қамтамасыз ету және цифрлық сенім мен қауіпсіздікті арттыру үшін цифрлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Конференцияның негізгі оқиғасы ЭСКАТО әзірлеген Азия-Тынық мұхиты цифрлық трансформация туралы 2024 жылғы баяндамасының жариялануы болады. Бұл шығарылым цифрлық трансформация мен климаттық дағдарыс арасындағы өзара байланысқа, сондай-ақ климаттың өзгеру салдарын азайту және бейімделу мәселелерін шешудегі цифрлық қолданбалардың рөліне арналады.
Астана Конгресс орталығы іс-шараның орталығына айналады: іс-шарада сондай-ақ Қазақстанның технологиялық шешімдері күні өтеді. Бұл Қазақстандағы технологиялық компаниялар, стартаптар және мемлекеттік агенттіктер үшін озық цифрлық шешімдерді көрсетуге арналған ерекше платформа болады. Қатысушылар Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық орталық – Astana Hub халықаралық технологиялық паркінің жетістіктерімен танысуға мүмкіндік алады.