COVID-19 Қазақстан медицинасына қалай ықпал етті

Осыдан бес жыл бұрын наурыз айында елімізде коронавирус инфекциясы анықталып, кейінірек тұтас әлемде пандемия жарияланған болатын. Бұл аралықта елдің денсаулық сақтау жүйесі қауіпті инфекцияның таралуына қарсы тұрып, тұрғындардың денсаулығын қорғау үшін бар күшін салды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті COVID-19 Қазақстан медицинасына қалай әсер еткенін түсіндірді.
Комитеттің хабрлауынша, COVID-19 коронавирус пандемиясы Қазақстанда эпидемиолог-дәрігер кадрларының тапшылығын көрсетті. Осыған байланысты медициналық жоғары оқу орындарында медициналық-профилактикалық факультет қалпына келтірілді, эпидемиологтар мен гигиенистерді даярлау үшін медициналық білім беру ұйымдарында мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылды.
Осы уақыт аралығында еліміздің бірнеше қаласында 16 модульдік аурухана салынды және 3 инфекциялық аурухана қайта жаңартылды. Сондай-ақ 63 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді. Психоэмоционалдық жүктеме мен қауіптерді ескеріп, пандемияның барлық кезеңінде 57 мың медицина қызметкері шамамен 285 млрд теңге көлемінде түрлі ковидтік төлемдер алды.
Медициналық ұйымдар өкпені жасанды желдету аппаратымен толық қамтылды (3264 дана), 64 оттегі станциясы пайдалануға берілді. 185 аудандық аурухана рентгендік диагностикалық жабдықтармен 100% жабдықталды. Жедел медициналық көмек қызметіне 1367 автокөлік сатып алынды, жылжымалы медициналық кешендер паркі 100% жарақтандырылды. Медициналық бұйымдар, оның ішінде маска шығаратын 231 отандық тауар өндіретін ұйым әлі күнге дейін жұмысын жалғастыруда.
− Жалпы биоқауіптердің алдын алу бойынша стратегиялық жоспарлау, ғылыми-зерттеу бағыттарын күшейту, ел ішінде дәрілік заттарды, вакциналарды, медициналық бұйымдарды өндіру, халықаралық тәжірибені, эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, алдын алу, емдеу, шектеу шараларын енгізу тәсілдерін жетілдіру, кадр даярлау, объектілерді қайта бейімдеу, ақпараттық жүйелер мен өнімдерді кеңінен қолдану сияқты пандемиядан кейінгі реформалық және ықтимал пандемияға дайындықты қамтамасыз етудің негізгі тұғыры қалыптасты, − деп атап өтті комитет.
COVID-19-дан кейін кей адамдарда әлсіздік, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, тыныс алудың қиындауы сияқты белгілер байқалуы мүмкін. Бұл Long COVID синдромының салдары болуы ықтимал. Коронавирус инфекциясы кей адамдарда ұзаққа созылып, бірнеше ай бойы денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін. Тиісінше 2023 жылы 30 қаңтарда «Ересектердегі COVID-19 кейінгі жағдайды» диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасы әзірленді. Осылайша асқыну байқалған пациенттер бейінді мамандардан ем алды.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс азаматтарға медициналық көмекке тең қол жеткізуге кепілдік береді. Ел азаматтары медициналық көмек алуға, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС жүйесінде дәрі-дәрмекпен, медициналық бұйымдармен қамтылуға, дәрігер мен медициналық ұйымдарды таңдауға құқылы. Бүгінгі таңда елмізде 12 434 төсек-орны бар 838 медициналық ұйымда оңалтудан өтуге болады. Медициналық оңалту пациенттің жай-күйі мен денсаулығының әлеуетіне, аурудың өту кезеңіне сәйкес жүргізіледі.
Елдегі ересек тұрғындарды медициналық оңалту 7 бейін бойынша жүргізіледі: кардиология, кардиохирургия невропатология, нейрохирургия, травматология, ортопедия және 2022 жылдан бастап қатерлі ісіктер қосылған.
2023 жылдың мамырында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адан Гебрейесус әлемдегі COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай режимінің аяқталғанын мәлімдеді.
ДДСҰ бағалауынша, 3 жылға созылған пандемия кезінде коронавирустан 20 миллион адам қайтыс болды. Ал Қазақстанда 2020-2023 жылдары коронавирустан 20 582 адам қайтыс болды.
Қазір де Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті елдегі жұқпалы ауруларға мониторинг жүргізуді жалғастырып келеді. 2025 жылдың басынан бастап республикада КВИ-дің 146 жағдайы тіркелді. Ауру жеңіл формада өтіп жатыр, тиісінше ауруханаға жатқызуды қажет етпейді. Өлім-жітім тіркелген жоқ.
Бүгінде елімізде түрлі сырқаттар бойынша ауырған адамдарды емдеуге қажетті дәрі-дәрмектердің 3 айлық қоры бар және бұл қор тиісінше толықтырылып отырады. Қазір елімізде коронавирусқа қарсы вакцинация жүргізіліп жатқан жоқ, бірақ эпидемия өршіген жағдайда қосымша вакцина алу мәселесі қаралмақ.
Осыған дейін Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы биыл 1 қаңтардан бері Қазақстан аумағында 51 коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы тіркелгенін айтты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 есе төмен.