Басты ақпаратДенсаулық

Дәрігер қателігінің өтемі қандай?

Елімізде қателігі үшін ауыр жаза арқалаған дәрігерлердің жағдайы­нан кейін медицинаға бет бұратындар қатары сиреді. Бұл онсыз да өткір тұрған кадр тапшылығы мәселесін асқындырды. Осы орайда дәрігер қателігі үшін тағайындалатын жазаны жеңілдету мәселесі көтеріліп, ұсыныс Мәжілістің бірінші қаралымында мақұлданды. Алайда бұл өзгерісті қолдамайтындар дәрігер беделін көтерудің жөні осы екен деп олардың жауапкершіліктен жалтаруына жол беріп қоймаймыз ба деп алаңдайды.

Астана қаласы бойынша Денсаулық сақтау палатасының атқарушы директоры Қаршыға Құлмұқановтың айтуынша, мұндай қатал жаза онсыз да дәрігер жетпей жатқан кезде қиын тиген. Бір дәрігердің сотталуы қалған 100 дәрігердің жұмыс істеуге деген ынтасын жоғалтса, 1000 жасты медицина университетіне түсу туралы ойынан айнытады.

– Аталған заң жобасы көптен бері көтеріліп келеді. Бұл дұрыс қозғалып отыр деп санаймын. Қателігі үшін дәрігер жазасын жеңілдетуден дәрігерлер жауапкершілігі азаймайды. Aqniet кәсіподағы есептеген деректерге сәйкес, медицина қызметкерлеріне қарсы жылына орташа есеппен 600-800 әкімшілік және қылмыс­тық іс қозғалады. Соның жартысына жуығы – қылмыстық іс. Алайда олардың тек 5-6 пайызы ғана сотқа жетеді. Көбіне қылмыстық істер хирургиялық араласумен байланысты мамандықтарда қозғалады, онда үнемі өлім қаупі бар. Бұл мамандықтарға акушер-гинекологтар, хирургтер, травматологтар, анестезиологтар, реаниматологтар жатады, – дейді ол.

Жоғары санатты дәрігер, ғылым докторы, елордадағы №3 көпсалалы қалалық аурухана директоры Жұлдыз Данбаева қазіргідей дәрігер мәртебесі тым төмендеп кеткен кезеңде жұмыс істеудің өте қиын екенін айтады. Кезінде мұғалім, дәрігер, полицей ең беделді мамандықтар еді. Соңғы жылдары педагогтар беделі көтеріліп келеді, енді соның қатарына дәрігер де қосылса деген тілегі бар.

– Қылмыстық кодексте мұндай қатаң заң бұрын болмаған. Бұл заң күшейтілген кезде түрмеге түскен дәрігерлерді көріп, бізге анестезиолог, реаниматолог деген мамандар қорқып, келмей қалды. Қателеспейтін адам болмайды, дәрігер әдейі солай істемейді, медицинада алдын ала не болатынын білмейтін жайт көп болады. Дәрігер өз тарапынан барлық тиісті шараны жасайды. Адам өмірімен арпалысып жатқанда, күтпеген жағдай болуы мүмкін. Соны көбі түсінбей, бәріне медицина қызметкерлерін кінәлайды. Қаладағы басқа перзентханалардың мықты мамандары болды, бір қайғылы жағдайларға байланысты оларды соттады, қазір олар мамандықтарын өзгертіп жіберді. Міне, осылайша бізден білікті кадрлар кетіп жатыр. Бүгінгі таңда елордада 200-ден астам медицина маманы жетіспейді, – дейді ол. Дәрігердің айтуынша, бұрын науқастың жағдайы 50/50 болып тұрса, тәуекел етіп оны емдеу жауапкершілігін дәрігерлер ала беретін. Осы заңнан қорыққаннан қазір мықты дәрігерлердің өзі өте ауыр науқастарды емдеуге беттей алмай қалған. Себебі ауыр науқастың емделіп кету мүмкіндігі аздау, ол өлім құшқан жағдайда, дәрігер кінәлі болып шығады.

Дегенмен әлеуметтік желіде бұл ұсыныс туралы жағымсыз пікір басым. Көбі дәрігер қателік жасаса да жазаланбайтынын біліп, ойына келгенін істейді деп күдіктенеді. Бірі дәрігерлердің көбі нақты диагноз қоймайтынын, бір бөлігі перзентханаларда дәрігерлердің дұрыс босандырмауы салдарынан гидроцефалия болған, мойны шығып кеткен не сынған, тіпті сал болып қалған нәрестелер көбейгенін жазады. Айта берсе, ел ішінде дәрігер қателігінен денсаулығымды түзеудің орнына нашарлатып алдым, жақынымнан айырылдым дейтін адамдар жетеді. Ал дәрігер қателескен жағдайда, зардап шеккен науқастардың өтемақыларды алуы үшін мамандар қателігін дәлелдеуі қажет. Мұны істейтін сот-медициналық сараптамасы саласында да білікті мамандар аздық етеді және бұл жерде де сыбайлас жемқорлыққа жол берілмесіне күмән басым.

Белгілі заңгер Анна Димитриевич дәрігер мәртебесін көтеруді аталған заңды жеңілдету арқылы емес, басқаша жасау керегін айтады.

«Мысалы, медицина қызметкерлерінің жалақысын көтерсін. Дәрігерлердің басым көпшілігі мемлекеттік баспана алуға құқылы санаттан шығарып тасталған. Оларды қайта енгізіп, үй кезегіне тұрғызуға болады. Сонда олар ең құрығанда үй алғанша, қызметін құндап, одан айырылмауға тырысады. Тағы да басқа ынталандыру жолдарын істесін. Әйтпесе қатал деп отырған заң қазірдің өзінде жұмыс істемейді, 10 жағдайдың біреуінде ғана дәрігердің қателігін дәлелдеу мүмкін. Қаншама адам жыл сайын кей дәрігерлердің қатесінен денсаулығын жоғалтады. Біразы өмір бойы мүгедек боп қалады. Алайда дәрігерлердің көбі тіпті адам өлтірсе де жазадан құтылып кетеді» дейді ол.

Сала басшыларына бұл сұрақты қойсаң, дәрігердің әдейі адам өлтірмейтінін, тек мыңнан бір жағдайда ғана жіберілген қателікті ел ішінде көптің дабырайтып көрсетуге бейімдігін, сондай-ақ дәрігердің ауыр міндетіне сай жалақының аздығынан бірнеше жерде жұмыс істеу­ге мәжбүр екенін алға тарта беретінін байқадық. Экономикадағы тұрақсыздық тұрмысқа әсер етіп, дәрігерлер жағдайымды жасаймын деп бір өзі бірнеше жұмысты қатар алып жүруге, бір күнде 10 адам қабылдау керек болса, қосымша табыс үшін 20 адам қарауға мәжбүр болады. Содан барып демалыс көрмеген, шаршаңқы дәрігер қателікке ұрынады. Сонымен қатар олар сол мезетте өлімге әкелген бұған дейінгі ауру факторлары да ескерілмейді деп санайды.

– Көп жағдайда аурулар қалыпсыз, типтік емес симптомдармен бірге жүреді, ал аурудың салдарын, нәтижесін көбіне болжау мүмкін емес. Медицина қызметкерлерінің практикалық қызметі қоғамның игілігі үшін үнемі қауіп-қатермен байланысты мамандықтарға жатады, күрделі және жауапты, бірақ өкінішке қарай, бұл ауыр еңбек көп бағаланбай отыр, – дейді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Шетелде мұндай тәжірибе бар болса да олардың мәселесі өткір емес. Себебі көптеген дамыған елде дәрігерлердің жағдайы өте жақсы. Ең жоғары жалақыны солар алады. 5-10 мың АҚШ долларын алатын шетелдік дәрігер мен 300 мың теңге алатын қазақстандық мамандарды салыстыруға келмейді. Содан да оларды өз қызметінен басқа жаққа алаңдататын мәселе жоқ.

Дәрігерлер мәртебесіне қатысты Президент мәлімдемесінде: «Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде 70 мыңнан астам дәрігер, 175 мың орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Алайда медицина саласы осы уақытқа дейін бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін персоналға мұқтаж, дәрігерлер, медбикелер, акушерлік персонал арасында теңгерімсіздік қатты сезіледі. Ең алдымен бұл төмен жалақыға, кәсіптік беделі төмен болуына, дәрігерлердің құқықтарын жеткіліксіз қорғауға байланысты» деген болатын. Мемлекет басшысы айтқан соңғы үш себептің салдары қазіргі осы саладағы көп былықтың бастауы болып отырғаны рас. Бірақ қалай десе де, адам өміріне жауапты болғандықтан олардың қателікке жол беруі денсаулық сақтау саласына тағылар сынды көбейтті.

Мамандар «Медицина қыз­меткер­лерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы» заңның, керісінше, халық мүддесіне арналғанын айтады.

– Бұл шара әлемнің ең озық елдерінде енгізілген. Басты мақсат – медициналық қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру. Егер қандай да бір медициналық қате кетсе, дәрігер өтемақы төлейді. Қаншама науқас өз құқығын қорғай алмай, табалдырық тоздырып жүргенін атап өткен жөн. Бұл заң, керісінше, ақ халатты жандарды біліктілігін арттыруға талаптандырады, – деді министр.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button