Денсаулық

Дәрігерлер күрделі ота жасады

Астана қаласында орын алған мына бір оқиға медицина саласындағы мамандарды таңғалдырды. 11 жасар баланың іші қатты ауырып, ауруханаға түседі. Бала бірнеше күн бойы асқазан-ішек жолдары ауырғанын сезгенмен, аурудың нақты себебі белгісіз еді.

Ата-анасы бастапқыда тамақ­тан улану немесе асқазанның жай ғана бұзылысы деп ойлаған. Алайда ауырсыну басылмаған соң, олар баланы дәрігерлерге көрсетуді жөн көрді.

Бала Астана қалалық №2 көпбейінді ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер УДЗ және компьютерлік томография (КТ) жасап, таңғалды. Баланың ішінен ұзындығы 5 см болатын тіс шұқығыш анықталды. Өңеш арқылы өткен бұл тіс шұқығыш ішек жолының ортасына тіреліп, уақыт өте келе ішекке біте қабысқан. Дәрігерлердің айтуынша, бұл зат баланың ағзасында бірнеше жыл бойы қалып қойған болуы мүмкін.

«Біз бастапқыда ісік деп ойладық. Алайда рентген мен эндоскопия зерттеулері нәтижесінде бөгде заттың тіс шұқығыш екенін білдік. Бұл – өте сирек кездесетін жағдай» дейді хирургия бөлімінің меңгерушісі Әсем Шәкеева.

Ота лапароскопиялық әдіспен өтті. Яғни дәрігерлер үлкен кесу жасамай, іш қуысына арнайы құралдар енгізіп, бөгде затты сәтті алып шықты.

Операция 1,5 сағатқа созылды. Дәрігерлер шеберлігінің арқасында баланың денсаулығына ешқандай зиян келмеді.

Бала мұны қалай жұтып қойды? Бұл сұрақ ата-ананың ғана емес, дәрігерлердің де ойында тұрды. Болжам бойынша бала тіс шұқығышты байқамай жұтып қойған болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда мұндай заттар асқазан-ішек жолдарында ұзақ уақыт қалып қойып, уақыт өте келе асқыну тудырады.

Медицина тәжірибесінде балалардың бөгде заттарды жұтып қоюы – жиі болатын құбылыс. Бірақ өткір және қауіпті заттардың ішекте ұзақ уақыт қалып қоюы өте қауіпті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде жыл сайын 100000-ға жуық бала бөгде заттарды жұтып қою салдарынан медицина көмегіне жүгінеді. Олардың 20 пайызға жуығына шұғыл операция жасалады.

Бұл оқиға – ата-аналар үшін үлкен сабақ. Балалардың қолы жететін жерде өткір және қауіпті заттарды қалдырмау керек. Сонымен қатар кез келген күмәнді белгілер пайда болған кезде дәрігерге жүгінген жөн.

Науқас қазір толықтай сауығып, ауруханадан шықты. Оның ата-анасы дәрігерлерге алғыс айтып, басқаларға мұқият болуға кеңес берді.

Медицинадағы ғажайып­тар – дәрігерлердің күнделікті жұмысы. Бірақ ең бастысы, балалардың қауіпсіздігіне жауапты болу – біздің қолымызда.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің студенті

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button