Дәстүрден безген дәруіш ұрпақ

Біз ата-бабамыздың тілін, дінін ұстап келе жатқан салт-дәстүрмен есейдік, әлемдегі танымал елдердің қатарындамыз, соны мақтан тұтамыз, кейінгі ұрпақтың жетістігіне қуанамыз. Бірақ соңғы жылдары жастарымыз қанға сіңген ұлттық дәстүрден алшақтап, батыстың біздің ұлтқа жат дәстүріне әуестеніп бара жатыр.
Ұлтымыз қызды туғаннан дәріптеген, ол төрде отырған, оны үкілеп аялаған, ол – келешек ана, ұрпақты жалғастырушы. Қазақ қызды өте жоғары бағалаған: қыздың күлкісіндей, қыздың жиған жүгіндей, қыздың құйған шайындай деп бар жақсылықты қыздарға теңеген. Қазақ қыздары сұлу, әсем көркімен, сыпайы, биязы мінезімен ерекшеленген. Ал енді сол болашақ аналардың қазіргі тәрбиесіне көңіл тола ма? Шынын айтсақ, үлкен боп қазір көшеге, автобусқа отыруға қаймығасың, себебі жас қыздардың талғамы жоқ, киім киюі, өзін-өзі ортада ұстауы, шашы сабалақ-сабалақ, бетін талғамсыз бояу, қасын жиіркенішті күзеу, тырнақты жезтырнақтай өсіру – мұның бәрі тазалыққа жатпайды. Ол тырнақтың астында миллиондаған микроб бар, ол жұқпалы аурулардың ұясы емес пе?! Күздің қара суығында, қыста да тобығы ашық жүргені денсаулыққа зиян. Әдемі келбетін бүлдіріп, қолына, мойнына сурет салу қандай жағымсыз! Сол сурет салғандар бір инемен сырқат адамдарға да салады, сондықтан сурет салғандар гепатит, адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырмасына кім кепіл? Еуропаға еліктейміз деп көйлектерінің алдын ашып, кіндігін жалаңаштап жүруді әдетке айналдыруда. Жүкті келіншектердің қарны шертиіп, кіндігі ашық жүргенін көргенде төбе шашың тік тұрады. Осы жас келіншектен қандай дені сау бала туады?! Қазір ертеде сирек кездескен сырқат көп: аутизм, іштен туа біткен кем сәбилер. Мұндай сырқатты жастар өздері «сатып алады». Мысалы: кока-кола, чипстер, энергетикалық сусындар, нәрестеге пайдаланатын памперстер – бәрі де зиян.
Бұрын қазақтың жас келіндері жүкті екенін көрсетуге ұялған, қазір ұялу дегенді ұмытуға айналдық. Бұрын ұл да, қыз да ұялғаннан бет қызаратын, ол сезімді жоғалттық. Бірде Астанада немеремді мектепке апара жатсам, мектеп қасында қыз бала ер баланың өзі айтпайтын жаман сөздерді айтып тұр, «неге жаман сөз айтасың?» десем, «өзі ғой» дейді. Сонда сол оқушының сана-сезімі сондай болғаны ма?! Біз де жас болдық, қыздардың талғамы мен киген ұқыпты киімі, жүрген жүрісі, күлгенде сыңғырлаған күлкісі сүйсіндіретін. Қандай бұзық ер бала болса да қыздар келе жатқанда сыйлағаны соншалықты, жаман сөз айтпай тыныш тұратын, қыздарды құрметтеу, оларға орын беру, қажет болса, көмектесу азаматтық борыш еді, сондай болуымызға біздің кезіміздегі қыздардың мінез-құлқы мен әдебі әсер етті. Ал қазіргі кейбір қыздардың әдебі басқаша: ауызда темекі, сөйлегені орысша, оның өзі шұбар, инабат жоқ, ұялу-қымсынуды сезбейді. Жастарды тура жолға салу – қоғамның, ата-ананың борышы. Қыз баланың шашы жалбырап жүргенін мектеп басшысы мен ата-ана бірігіп неге тыймасқа? Оған да билік араласуы керек пе? Заңды түрде тоқтату керек болса, депутаттар неге араласпасқа? Қазақ әйелі шашын күйеуі, жақыны қаза болғанда жайып жіберген. Өкінішке қарай, осындай әдетті кейбір халық қалаулылары, әкімшілік қызметкерлері, журналистер, актерлер, өнер қайраткерлері дәріптеуде, денсаулық сақтау мекемелерінде шашы жалбыраған әдепсіз мейірбикеден сау адам ауру болады. Телеарнада көрсететін «Қосылайық», «Бір болайық» хабары қазақ қыздарын жағымсыз жағынан көрсетеді.
Мәдениетті, терең ойлы, тазалықты сүйетін халықтың бірі – қазақ. Біз шетелдің жеңіл музыкасына, талғамсыз әдет-ғұрпына еліктемей, шығыстағы жапондардан үлгі алуымыз керек сияқты. Қазақтың нақыл сөздері өмірден алынған, соның бірі: балаңды аясаң – аяма. Қыз баланы тәртіпке бағындырып, қатаң ұстаған абзал. Кеңес өкіметі кезінде мектепте қыздар кеңесі болған, сонда олар тәртіпті талқылап, әдепті болуды насихаттайтын. Қазір сондай іс-шара неге қолданбасқа? Есеп үшін жасалып жүрген сансыз іс-шарадан гөрі маңызды іс-шараға көңіл бөлу қажет. Қорыта айтқанда, қазақ қыздары, жас аналар ата-баба дәстүрін сақтап, басқа ұлттарға өнеге болатындай табиғи келбетімен, биязы, инабатты мінезімен, талғаммен киіне білетін терең ойлы, саналы ұрпақ болса екен.
Серік ҚОЛДАНҰЛЫ, Сәтбаев қаласының құрметті азаматы,
денсаулық сақтау саласының ардагері