Дәстүрді дәріптеген Elorda Аqparat

Elorda Аqparat медиахолдингіне қарасты «Астана ақшамы» бастаған, «Вечерняя Астана» газеттері мен Elordainfo.kz сайты қостаған үш мекеме Ұлыстың ұлы күні әз-Наурызды елордада бірінші болып атап өтті. Ауқымды мерекелік іс-шара құда шақыру, арқан керу, ақсарбас айту, Наурыз тойға бата беру, құйрық-бауыр асату, сәлем салу, ұйқыашар, тұсаукесу, қоржын сөгу, асық ойыны, арқан тарту, тоғазқұмалақ, тарту, шапан жабу, қазақы киім үлгісін көрсету, бата беру, Наурыздың жеті дәмі, жеті ата сияқты түрлі салт-дәстүріміздің негізінде өрбіп отырды.
Наурыз – қазақ халқы үшін ұлы мереке, жаңару мен бірліктің символы. Бұл күні көктемнің лебі есіп, табиғат оянып, адамдар реніштерін ұмытып, бір-біріне ақ тілек айтып, дастарқан жайып, ұлттық ойындар ойнайды. Міне, осы тұрғыдан алғанда, бұл – дәстүрді де дәріптейтін күн. Ендеше бүгінгі әз-Наурыз мерекесіне орай Elorda Аqparat медиа холдингінің салт-дәстүрлер жайлы жасаған қойылымын тамашалаңыздар, – деп алғысөз айтқан медиахолдингтің директоры Олжас Сыдықбек барлық жиналған көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады.
Сенатор Нұртөре Жүсіп, қоғам қайраткері Ырза Тұрсынзада, Астана қаласы мәслихаты депутаты Ғабит Тәжімұратов және Астана қаласы әкімшілігінен келген өкілдер той-думанның құрметті қонақтары болды. Асық ату, арқан тарту, бұқа тартыс деп аталатын ұлттық ойындармен ширығып, ширап алған көпшілік асаба Қалиакбар Үсемханұлының: «Ұлың өссе – ер жеткені, қызың өссе – бой жеткені» дегендей, жақында қызымыз Индираға көрші ауылдың Сасан байының ұлына құда болдық. Бүгін ауылға құдалар келе жатыр. Ал жігіттер, құдалар да таяп қалған болар, ат ұстайтын жігіттер құдалардың алдынан шығыңдар. «Жігіттер, ақсарбас дайын ба? Жеңгейлер, шайларың дайын ба?» деп сүйіншілеген даусын естіп құдаларды қарсы алудың қамына кірісіп кетті. Әуелі қазақтың салт-дәстүрімен құдалардың алдынан арқан тарту кәдесін жасаған соң шашу шашылып, сыйлы қонақтармен төс қағыстырып, құшақтасып амандасып, төрге оздырды. Қонақтар киіз үй жабдықтарымен безендірілген кең бөлмеде ұлттық тағамдардан белі қайысқан ақ дастарқанға жайғасқан соң күмбірлеген күйдің тиегі ағытылды.
Салт-дәстүрдің тізбегі ретімен жалғасып, құдалар ақсарбас айтып, Наурыз тойға бата берді.
Наурыз Рамазан айымен тұспа-тұс келген соң қасиетті айда ауыз бекіткен жандар ауыз ашты.
Той бастаушы К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтбек Нығызбаевты құда ретінде таныстырып, қонақкәде сұрады. Ән айтылып болған соң құдалардың алдына бас тартылды. Бұдан соң тағы бір қазақтың салт-дәстүрі жаңғыртылып, аяғын қаз басқан балақанның тұсауы кесілді. Ұйқыашар кәдесі жасалып, қонақтар жеті түрлі дәм салып пісірілген наурыз көжеден дәм татты. Әрі қарай қазақтың құйрық-бауыр асату дәстүріне кезек берілді. Келіндер ортаға құйрық-бауырды әкеліп, әндетіп отырып құдаларға асатып, кәдесін алды. Бұдан соң қоржын сөгу дәстүрі жасалып, отырғандарға сый-сияпат үлестірілді. Ал ауылдың алтыауыздары – ақындар Райхан мен Шапағат жеңге мен қайын інінің әзілі жарасқан айтысының тамаша үлгісін көрсетіп, көптің қошеметіне бөленді.
Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының өнерпаздары – қазақ оркестрінің дирижері, күйші, композитор, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов, әнші, Мәдениет саласының үздігі Данияр Мұқан, әнші Сәулежан Тағзия тәрізді күміс көмек әншілер той-думанның көрігін одан сайын қыздыра түсті. Мерекеде ұлттық киім киіп келген үлкен-кіші де назардан тыс қалмады. Дизайнер Қазипа Қалиқызының қолынан шыққан замануи үлгідегі ұлттық киімдерді киген Elorda Аqparat-тың сұлулары мен серілері ортаға шығып сән көрсетті.
Elorda Аqparat-та дүркіреп өткен ұлттық мерекеге қалалық әкімшілік өкілдері жоғары баға беріп, ауқымды іс-шараны медиахолдинг директоры Олжас Сыдықбек түйіндеді.
Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ