Дәстүрдің тозығынан қашан айығамыз?
Мен көтеріп отырған мәселелер айтылып та, жазылып та жүр, бірақ орындалуы өте нашар, кейбір бағыттарда керісінше өршіп бара жатқан сияқты. Мысалы, үйлену тойын алайықшы. Екі жақтың ата-анасы балаларының жақсы отбасы болғанын қалайды. Ал іс жүзіне келгенде кейбір істері жаңа кұрылған шаңырақтың күйреуіне әкеліп соғады.
Оған әртүрлі себеп бар. Одан ата-аналардың бір-біріне қоятын талаптары бір жағына жағдайсыз келеді, бірақ баласы үшін сол ұсыныстарын амалсыздан орындауға тырысады. Оның бірі – қалың мал. Негізі, екі жақтың құдаларының түпкі мақсаты – жас шаңырақтың іргетасын дұрыс қалау. Жас отбасын шама-шарқынша тойлау, тұратын үйлерінің мәселесін шешуге көмектесу. Қызымды бердім екен деп пайда табу емес. Осы мәселеге келгенде олар біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр деп шыға келеді. Не үшін айтып жүрміз дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деп? Сол тозығынан бірте-бірте арылуымыз керек қой. Екі жақ та жағдаймен санасқаны дұрыс болар еді. Киіт кигізу дәстүрі бар, шамасы келгенше әр құдаға дұрыс зат әперуге тырысады. Көбіне алған адам оны кимейді, өйткені бірдеңесі ұнамайды. Мысалы, менің үйімде үш тон жатыр, себебі қазір ол сәннен шықты, қазір жеңіл жылы сырт киімдер киеміз. Оны мен не істеймін? Не солай жатып тозады немесе келесі бір тойға пайдаланамын. Солай айналып жүре береді. Естеріңізде болса, ертеректе «Тамаша» ойын-сауық театрында осындай бір эпизод көрсетілген: өздері берген костюм айналып қайтадан өздеріне келген. Той өткізу үшін құрылған жекеменшік ұйымдар іс-шараларды бірте-бірте күрделендіріп, ептеп бағасын көтеріп, байқаусыз тапсырма бергеннің қалтасын қағады. Бірде сырға салу дәстүріне қатыстым. Негізі, «сырға салу» деген сөзге өз басым қарсымын. Бала кезімізде бір туыстың үйіне барғанда бір құлынды атап, құлағына ен салатын.
Маған сырға салу да соған ұқсайтын сияқты. Соған әрбір қатысушының алдына бір әшекейлеген шоколад қойды, содан той басталарда да осыған ұқсас тәтті қояды. Олар әкеп қойылады да, жаңағы әшекейден ешқандай із қалмайды. Осылар ұсақ болса да қаржы ғой. Асаба, эстрада әншілері мен бишілерін, т. б. шақырып, доллармен ақы төлейді. Әсіресе әншілер еш дайындықсыз дайын әнін айта салғанға көп ақы сұрайды, кейбіреуі содан байып, шетелден ғимарат сатып алып жатыр. Жас кезімізде ешқандай белгілі әншілерсіз-ақ тойларымыз қызықты өтетін. Тойға шақырылғандардың ішінен әншілер де, бишілер де шығатын. Оның үстіне тойда көптен көрмеген жерлесіңді немесе жақсы танысыңды кездестіріп, сөйлесейін десең сөйлесе алмайсың, асабалар музыканы сондай қатты қояды. Қазір осындай іс-шараларға қатысушылар тойдан дем алып қайтпаймыз, шаршап қайтамыз дейді. Ол дұрыс, соны басымыздан кешіп жүрміз. Асаба ақша тауып қайтады, біз шаршап қайтамыз. Қанша қаржы жұмсап өткен тойдың біразының шапағаты болмай, жастар ажырасып жатады. Қазіргі статистика бойынша әрбір үшінші жас шаңырақ айырылысып жатыр. Бір мысал: өткен ғасырдың ортасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 20 студент бір топта болдық. Сол кезеңде отбасын құрдық. Сол достарымның біреуі ғана екінші рет үйленді, қалғандары бірінші зайыбымен өмірінің соңына дейін тату-тәтті өмір сүріп, балалы-шағалы, немерелі-шөберелі болып, ұрпақ таратты. Студенттік достарымның бәрі бақилық болды, жатқан жерлері жайлы болып, арты қайырлы болсын демекпін. Осылай болуының негізгі себебі, меніңше, ұлттық тәрбиенің әлсіремей тұрған кезі. Қазір әлеуметтік салаға мол қаржы бөлініп, халықтың тұрмысы жақсарып келеді, ал ұлттық тәрбие жоқтың қасы. Ертедегі қызды айттырудың да жақсы жағы бар. Бірін-бірі танитындар өзара құда болып жатады. Қандай тамаша! Әрине, мұнда да өз кемшілігі болған. Жастармен жұмыс істеуде идеологиямыздың түп қазығы ұлттық тәрбие болу керек деп ойлаймын.
Екінші мәселе – адамды соңғы сапарға шығарып салу. Қазіргі жағдай – қайғы жамылып отырған үйді тонау. Қонақасы берудін өзі үйде емес, мейрамханаларда көпшіліктің қатысуымен өтеді. Мен өзім діндар да емеспін, атеист те емеспін. Діннің ғылымға негізделген жерін толық қолдаймын. Альберт Эйнштейннің «дін ғылымсыз соқыр, ғылым дінсіз ақсақ» деген сөзі бар. Менің естуімше, кешкі ас (қонақасы) мәйітті күзетіп отырғандарға берілген, ертеректе ата-бабаларымыз киіз үйде немесе жер үйде тұрған, онда неше түрлі жәндіктер мәйітке түсіп кетуі мүмкін. Алыстан келген туыстардың өзі сол үйде біраз отырып, артынша басқа туыстарының немесе таныстарының үйіне барып қонатын. Негізі, адамды соңғы сапарға сол елдің халқы барлық ауырлықты көтеріп, өздері шығарып салғаны дұрыс деп ойлаймын. Өмір бар жерде өлім бар, бұл – алма-кезек дүние. Көрші өзбек ағайындарда өлік шыққан үйден үш күнге дейін түтін шықпауы керек екен. Бізде де ертеде осыған ұқсас болды. Бата жасау да – көмектің бір түрі, бірақ одан жиналған қаржы жұмсалған қаржыдан әлдеқайда аз. Асын мейрамханада беру, жылқы сою, орамал тарату, пакеттерге бір заттар салып беру, бейсенбі шайы, қырқы, жылы, басын бекіту, т. б. көп қаржы талап етеді. Соңғы сапарға кеткен адамның артында қалған туыстары пайдасы жоқ осындай дәстүрлерден бірте-бірте арылған жөн. Мешіт – тәрбие орталығы, молдалар алған білімін халыққа таратып, ол іс жүзіне асса, ұтарымыз көп болар еді. Жұма намазы кезінде көп уағыз айтылады, сол айтылғандардың халыққа пайдасы тиетіндей болса ғой.
Көтеріп отырған екі мәселе де өзекті. Халық айтып жатқанды тыңдамаса, еліміздің заң органдары, Бас мүфти, т. б. қоғамдық ұйымдар бірігіп, заң ретінде қабылдауға болатын қатаң шаралар қолдану қажет шығар. Оңтүстіктегі көршілер осындай келеңсіздіктерге тиісті шаралар қолданып жатыр ғой. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр екен деп халықты бос қоя беруге болмайды.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
зейнеткер