Дәстүрлі ойындарды дәріптеді

Елордада Ұлттық спорт күніне орай Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясында ұлттық спорт пен дәстүрлі ойындарды дәріптеуге арналған мерекелік шара өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz
Іс-шара аясында филармония қызметкерлері асық ату, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, ләңгі, бестас сияқты ұлттық ойындар бойынша сайысқа түсті.
«Бүгін филармония ұжымы Наурызнама тұжырымдамасы бойынша Ұлттық спорт күніне орай ұжым арасында сайыс ұйымдастырып отырмыз. Шараға «Бабалар аманаты» тарихи-мәдени қоғамдық қорының «Ақ кимешекті киелім» аналары арнайы қатысып отыр. Әжелеріміздің бірі ұжымдағы қыз-келіншектерге алаша тоқу, ұршық иіру әдістерін көрсетсе, енді бірі ою пішу тәсілдерін үйретуде. Тіпті үйден наурыз көжесін дайындап келген әжеміз де бар», – дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Бабалар аманаты» тарихи-мәдени қоғамдық қорының жетекшісі Арайлым Рахымқызы.
Мерекелік шара қазақ халқының бай мәдени мұрасын жаңғыртуға, ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталды.
Айта кетейік, Наурызнама онкүндігі бойынша 20 наурыз «Ұлттық спорт» күні болып белгіленді.