Дәулескер күйші Бегімсал

Белгілі өлкетанушы, көп жылдар Ағыбай батырдың Тасаралда өткен ғұмыр-баянын зерттеп, қазақ руханиятына мол мұрасын қалдырған Арқаның ардақты ұлдарын насихаттап жүрген Жұмағұл Нығыметұлының дүниеден өткені туралы хабар келді. Газетімізде марқұмның бірнеше зерттеу-мақалалары жарық көрді, редакция қоржынында жатқан Бегімсал күйші туралы мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Бегімсал Орынбекұлы (1911-1985 жылдары аралығында өмір сүрген). Кейбір ресми құжаттарда 1904 жылы туған деп көрсетілген. Қарағанды облысының, Шет ауданында туған және өмірінің соңына дейін Киікті ауылында тұрған. Руы Арғын-Қаракесек-Бошан-Кәрсөн-Аралбай-Көшекбай-Татан.
Алты алашқа белгілі болған қол бастаған батырлары да, ел басқарған би-болыстары болған Кәрсөн елінен жеті бірдей күйші шыққан, олар: Мақаш Садуақасұлы (1875-1929), Қыздарбек Төребайұлы (1850-1922), Әбді Рысбекұлы (1868-1931), Сембек Айдосұлы (1864-1931), Әбікен Хасенұлы (1892-1958), Бегімсал Орынбеков (1911-1985) және шертпе күйдің шебері Дәулетбек Сәдуақасов (1938-2009). Белгілі композитор Сыдық Мұхамеджанов пен жазушы Софы Сматаев та Бегімсалмен аталас туыс болып келеді.
Ал Бұхар жырау: «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас тегіне»,- деп айтқанындай:
Ту ұстап, тұлпар мінген Татан-Жайық,
Отқа салса жанбайтын,
Суға салса батбайтын алмас қайық! – деп басталатын аталарымыз туралы халық жыры бар.
Аңыз-әңгімелерде, мұрағат құжаттарында да Татан атамыз би, ал Жайық батыр болған. Қаракесек-Кәрсөн елінің атышулы тұлғалары. Ұрпақтары да ел басқарып, айтулы би –батырлар, әрі жауырыны жерге тимеген палуандар болған.
Карағанды облысы, Шет ауданы Киік станциясынан 10-15 шақырым жерде, Татанның Ақбұлағы, Татанның күзегі, Татанның қыстағы деген жерлер бар. Ағайынды екі бабамыздың зираты да, сол Үлкен Бұлақ (Киік ауылы) деген жерде. 2010 жылы екі бабамның көктасын орнаттым. Халықтың арасында, бұл қорым киелі болып саналады. Бабаларымыз XVIII ғасырдың басында туып, XIX ғасырдың ортасында қайтыс болған.
Қазақ неге күй өнеріне «күй» деп атау берген, орысшасы «состояние души». Адамда мың түрлі күй болады екен. Психологтардың айтуынша, бір адам көңілдің мыңнан аса күйін сезіне алады. Қазақ соның бәрін күй арқылы сипаттаған. Күй – өте ауыр, күрделі, әрі киелі өнер. Оның үстіне, күйшілік өнер көп халықта жоқ. Қазақ күй арқылы панорама, сурет, композиция жасайды. Музыка зерттеушілерінің айтуы бойынша, қазіргі күйлердің, бұрынғы күйлерден деңгейі төмен. Өйткені, қазір ниетіміз, болмысымыз, менталитетіміз өзгерді. Теледидар, техника, телефон, гаджеттер барлығына әсер етті. Қазіргі күйлердің тартымды ойы жоқ, тек эффект басым.
Қазақтың кемеңгерлігі күйден білінеді. Бүкіл қазақтың шері күйде тұр. Әр күйдің астында саз, ауыр сезім, халықтың өмір мен тарихы жатыр. Тіпті әндерде күй сияқты терең ой жоқ. Күйдің орындаушысы жақсы болса, ол тереңдей береді. Әр күйдің өзінің аңызы, әңгімесі мен шығу тарихы болады.
Күй қазаққа көктен түскен үлкен сый және осы сыйдың сырын ешкім жете білмейді. Мысалы, Қорқыт бабаны Дүниежүзінде 80-нен астам ұлт өздерінің атасы санайды. Алайда Қорқыттың 11 күйі, тек қазақ халқында сақталып қалған. Сондықтан, күйлерді неге басқа ұлт мәнерлеп ойнай алмайды деген заңды сұрақ туады? Музыка зерттеушілерінің, ұстаздардың айтуынша, басқа халық өкілдеріне бірнеше жыл күй өнерін үйретсе де, дәл қазақ орындаушысы сияқты беріліп, нақышына келіп ойнай алмайды екен. Осыдан кейін күйдің орындаушысы тек қазақ баласы болу керек деген тұжырым жасалған. Күйшінің буырқанып, бұрсанған бойындағы бұла күші, күймен бірге сыртқа шығады. Бұрынғы кезде шәкіртттер күйді бір тындағаннан қағып алады екен. Ол кезде шәкіртті былай таңдаған: «Киіз үйдің сыртына шығып тұр, мен бір ақ рет ойнаймын. Соны маған қайталап бер»-, дейді екен. Егер қайталап берсе, шәкірт етіп алады екен. Қазіргі кезде, барлық күй нота арқылы үйретіліп, тартылатындықтан заман өзгергенін көрсетеді.
Қазір біздің елде 8030 күйдің атауы бар. Сол күйлердің 500-і халық күйлері. Бірақ тек 2000 күй ғана тартылып, айналымда жүр екен.
Белгілі өнер зерттеушісі, шертпе күйдің жанашыры, әрі күйші Жанғали Жүзбай өзінің зерттеу еңбегінде: «Сарыарқа күйлері де мынадай: Қарқаралы, Шет, Ақтоғай, Жаңаарқа орындаушылық мектептерге бөлінеді. Ал Шет өңірінің орындаушылық мектеп өкілдері, әрі шертпе күйдің шеберлері: Итаяқ, Қыздарбек, Мақаш, Сембек, Әбди, Әбікен, Бегімсал, Дәулетбек, Орал, Арман, Нұрғаным және бұл өңірдің орындау үлгісі өте ерекше!» – деп жазып, Бегімсал күйшіің бірнеше күйлерін нотаға түсіріп, халыққа жариялаған.
Ал енді осы белгілі күйшілердің жетеуі Қаракесек-Кәрсөн елінен. Шет өңірінде шертпе күйдің үрдісі үзілген жоқ. Бұл өлкеде Арқа даласындағы, шертпе күй өнерінің мектебін қалыптастырудағы еңбектері зор және олардың есімдерін зор мақтанышпен атауға болады.
Осынау күйшілердің қазыналы мұраларын келер ұрпаққа насихаттауда, аяулы Дәулетбек күйшінің және сексенге келіп қалса да сахнаға шығып, тек бір өзі шаршамай-талмай, екі сағат бойы күй тартатын Тлеухан Мұхамеджан ағаларымыздың көп жылдық еңбектері зор және бұл туралы баса айта кету керек.
Бегімсал күйшінің саналы ғұмырында, жоғарыда көрсетілген шертпе күй әлемінің тұғырлы тұлғаларының көптеген күйлерін кемеліне келтіре орындап, Алтын Қорға тапсырған, келер ұрпақ иелеріне жеткізуші бірден бір өнегелі өнер иесі.
ХХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары қазақ жұрты аса қиын әлеуметтік-саяси кезеңді басынан өткізді. Айрандай ұйып отырған ел түрлі тапқа бөлініп, колхоздастандыру деген науқанға кезікті, солай ежелден келе жатқан дәстүрлі тірлігінен айырылды, әлеуметтік құрылымы бұзылды, одан кейін келген «ашаршылық» қазақ жұртын ойсырата жусатып кетті, мұнан кейін қазақ даласын репрессия өрті шарпыды. Міне осындай аласапыран кезеңде өнер адамдары – күйшілердің де басына да көп қасірет төнді.
Асау аттай сайын даланың самалына төсін тосып, бұлқына өмір сүрген қазақты бұғаулап көндіре алмаған соң, енді Кеңестің Қызыл шовинистері, әлем халқының көзін бояп, әртүрлі қитұрқы амалдарға барып, көшпелі жабайы халықты «цивилизацияға», «жаңа мәдениетке» жеткіземіз деген желеумен, көшпелі елдің мың жылдық тарихынан, мәдениетінен, дінінен, тілінен айыру жоспарын аса айуандықпен, ашықтан-ашық, өте дөрекі түрде іске асыра бастады.
Әсіресе, Сарыарқаның шертпе күйлері, қазақтың қоңыр үнді қара домбырасы қара жамылды. Біздің елдің шертпе күйі өнерін шыңына жеткізіп, талай шәкірттер тәрбиелеген Қыздарбек күйшінің жеті-сегіз шәкірттері бірінен соң, бірі ешқандай тергеу-сотсыз атылып кетті. Барлығының жазығы жеті аталарынан бері бай-бағлан, өнер иелері болғандығы. Атап айтсақ, Мақаш болысты, өзінің үйінде бала-шағасының көзінше, Сембек күйшіні Жамбылдың Сарыбұлағында өзінің «Сезбес» деген соңғы күйін шерткізіп отырып, Әбди күйшіні «Қарғыс» деген күй шығарғаны үшін, Қарқаралы түрмесіне қамап, кейін көшеге айдап шығарып, есалаң жұртқа таспен ұрғызып, одан кейін атып тастайды. Кенжеғара, Ақмолда, Кәрібектер де атылып кетті. Әбікен Хасенов өзінің ауылында бір күнде 27 адамды атып тастаған күні, түрмеде қамауды отырғандықтан аман-есен қалды. Түрмеден босап шыққан бетте, Қырғыз жеріне бас сауғалап, өлімнен құтылып кетті. Міне осылай, шертпе күй мылтықтың күшімен тиым салынды. «Шертпе күй – бай-бағландардың күйі» деген желеумен, көп жыл бойы үлкен сахналарға шығармай қойды. Осылай көп жыл бойы шертпе күй үшін қасырет заманы болды.
Алматыға орнығып, көңілі тынышталғаннан кейін Әбікен ел жаққа барып, аман қалған ағайын-туыспен қауышады. Өзінің шәкірті, әрі досы шертпе күйдің шебері Орынбеков Бегімсал күйшіні Алматыға алып келіп, театрға жұмысқа орналастырып, оған күй өнерімен айналасуына барлық жағдайды жасайды. Екеуі қосылып, Сарыарқаның бірнеше шертпе күйлерін «Алтын қорға» жаздырып қалдырады және Тәттімбеттен бастап, басқа да атақты күйшілердің бізге жеткен күйлері осы Әбікен мен Бегімсалдың орындаған күйлері. Бірақ өкінішке орай, Әбікен қайтыс болғаннан кейін, Бегімсал күйші отбасылық жағдайына байланысты елге қайтып кетеді.
Бегімсалды күй тарту өнеріне алғаш баулыған, әрі ел басқарған, әрі елімізге белгілі дәулескер күйші, өзінің аталас туысы Қыздарбек болды. Сол кездің өзінде бірнеше күй шығарып, төңірегіне танымал болған Қыздарбек күйші, тума талант Бегімсалды аталас туыстары: Мақаш, Сембек, Әбді сынды аты әйгілі күйшілермен және енді ғана атағы шыға бастаған жас күйші Әбікенмен жолықтырады. Бегімсалдың бойындағы бұла талантты ерте байқаған Қыздарбек, жас талантқа әсіресе Тәттімбеттің тәтті күйлерін, өзінің бірнеше күйлерін ерінбей, жалықпай мұқият үйретеді. Қазіргі бізге жетіп отырған Тәттімбет күйлерінің басым көпшілігі осы Қыздарбек арқылы келген нұсқалар болып табылады.
Бегімсалдың немере інісі, белгілі жазушы, марқұм Есенаман Орынбеков: «Бекең ағам, бес жасында Қыздарбектің тізесінде отырып домбыра шерткен»,-деп жазып кеткен болатын.
Көзі көрген ақсақалдардың айтуы бойынша, жас кезінде Бегімсал атына, затына сай, серілік құрып, сегіз қанат аппақ үйде, үстіне кілең ақ түсті киім киіп, құстөсектің үстіне жантайып жатып, қасына талапты-талантты шәкірттерін жинап алып, тек күй өнерімен ғана шұғылданған. Өзі де өте ауқатты тұрып, бәйбішесі де күйшіні жас баладай мәпелеп, өнер адамдарында болатын көп еркелігін көтерген. Жүйрік ат, құмай тазы ұстаған. Өле-өлгенше аңшылықпен шұғылданып, қартайғанда қақпан құрып, түйеге мініп аң аулаған.
Бірақ бәйбішесінен бала болмай, бір балаға зар болып, алпысқа таяп, жасы келіп қалған күйшіге, бәйбішесінің өзі он сегіз жасар қызды алып берген екен. Екінші жарынан бес ұл, бір қыз туған.
Ащы шындықты айтуға тура келеді, күйші бай-бағлан, ұлттық өнер иесі ретінде бірнеше жыл Қызыл Империяның қуғын-сүргінің басынан өткізіп, тіпті оған әр түрлі сылтаумен зейнетақы тағайындамай қойған. Одан басқа екінші әйелі, бәйбішесі сияқты күйшінің бабын таба алмай, дұрыс күтім көре алмаған. Шиеттей балаларын асырау да оңайға соқпай, тұрмыс-тіршіліктің көп тауқыметінен, күй тартуды доғарып, тез қартайып кеткен.
Әлде ағамыздың бағы да, тағы да күй өнерінен, әлде бәйбішесінен болды ма екен?! Бұл бізге белгісіз тылсым, құпия дүние болып қалады!
Өзі екінші Дүниежүзілік қырғын соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, бірнеше мемлекеттік ордендермен марапатталған.
Қазақ өнерін, мәдениеті мен руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосып, күй өнерін де терең зерттеп кеткен Ақселеу Сейдімбеков 2002 жылы шыққан «Қазақтың күй өнері» деген еңбегінде былай: «Бегімсалдың өскен ортасы, күйшілік өнерді айрықша қастерлеп, ғажайып дәстүр қалыптастырған. Арқаның күйшілік дәстүрін жеріне жеткізе игерген Бегімсалдың репертуарында жүзге тарта күй болған. Солардың ішінде Абылай хан, Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай, Қыздарбектердің күйлерін нәшіне келтіре таратқан. Өкініштісі, 1937-1938 жылдардағы репрессиялық саясат кезінде осы өңірден Ахметжан, Кәріпбек (Шортанбай ақынның жиені), Әбди, Сембек, сияқты әйгілі күйші-домбырашылар тек қана күй тартқандары үшін атылды да, тірі қалған Әбікен, Бегімсал сияқты күйші-домбырашылар күй тартудан жасқанып, жан сауғаулауға мәжбүр болды. Нәтижесінде тамырын тереңнен тартқан күйшілік дәстүрдің сабақтастығына өлшеусіз нұқсан келтірілді.
Сарыарқа күй дәстүрінің әйгілі өкілдері: Тәттімбет, Тоқа, Ықылас, Дайрабай сияқты дәулескер күйшілер болса, олардың өкшесін басып, ұлы мұрасын жалғастырушылар – Қыздарбек, Әбди, Сембек, Мақаш, Баубек, Ахметжан, Манарбек, Әбікен, Мағауия сияқты күйші-домбырашылар қатарында Бегімсал Орынбекұлының есімі де құрметпен аталады»,- деп Бегімсалдың күйшілік өнеріне жоғары баға береді.
Белгілі жазушы, өлкетанушы Кәмел Жүністегінің өзінің Арқаның күйшілері туралы еңбегінде: «Арқа күйлерінің соңғы могикандарының бірі Бегімсалды өткен ғасырдың 50-шы жылдардың ортасында көргенін, сол бір отырыстың өзінде күйшінің жүз шақты күй тартқанын. Апыр-ай, бір күйді екі рет қайталамай, түс ауғанша сансыз күйді төгілдірген осы адамға: «Мынау адам емес, пері шығар»,- деп таң қалғанын. Амал нешік, ол кезде таспаға жазып алатын мүмкіндігі болмағанын, кейіннен санын соғып қалғанын.
Екінші рет, Бегімсалмен жетпістің жуан ортасында, шау тартып қалған, тіпті көзінің нұры да сөнген уақытында жолыққанын. Өмірін домбыраның әуеніне арнап, сал-серілік өмір сүргендіктен, күйші «трудовой» деп аталатын еңбек кітапшасы болмағандықтан, зейнетақы да аламай қалғанын. Кейінірек үйленген жас әйелінен, туған балалары да жас болғандықтан, оларды асыраудың қамыты мойнына әбден мініп, қыста когегар, жазда елдің малын бағатынын. «Неге сонша кеш келдің. Бала-шағамды асыраудың тауқыметімен, домбыраны тастағанмын»,- деп шындығын айтқанын. Бірақ олар, қолқа сала отырып: «Күй өлмеу керек»,- дегенді құлағына сіңіре отырып, сырғауылға іле салған домбырасын алдырып, перне мен ішегін таққандарын. Бекеннің он саусағын жылы суға малып, жылқының майын жағып, екі-үш сағат әуре болып, Бекеңе ақыры домбыра ұстатқанын. Бірақ баяғы естен тандыратын сарынның жоқтығын, тек бір сағаттан кейін ғана, жүзі нұрланып, домбыраның үні де өзгере бастағанын. Илікпей отырған саусақтары пернені бойлап, ішекпен бірге дірілдегенін. Бір кезде басын изеп: «Мынау Қыздарбектің «Беу дүние, бір қиял»,-деген күйі дегенін. Осы күйді, осы ғажап сарынды, күні бүгінгі дейін ешкім игере алмай, қайта тарта алмай жүргенін. Бекеңнен Қыздарбектің өзінің және Қыздарбек тартып кеткен жиырмаға жуық күйлерді магнитофонға жазып алғанын»,- жазады.
2007 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының профессоры, өнер зерттеушісі, елімізге белілі күйші Біләл Ысқақов дайындап жарыққа шығарған «Сарыарқа саздары» деген атақты күйшілер туралы жинағында: «Бегімсал күйші Абылай хан, Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Әбди, Сембектердің шығарған күйлерін қазіргі кезге жеткізуші саңлақ күйші. Өзінің де шығарған бірнеше күйі болған»,- деп күйші туралы тың деректер жариялап, оның күй өнеріне жылы лебізін білдірген. Одан басқа күйшінің бірнеше күйлерін нотаға түсіріп, халыққа жариялаған.
Бегімсалдың репертуарында жүзден аса күй болған және қазақ даласының белгілі күйшілерінің қатарында Бегімсалдың есімі де құрметпен аталады. Өзінің ұстаздарының өлмес өнерін үйреніп, кең насихаттап қана қоймай, Бегімсал, жерлесі, аталас туысы – Дүниежүзіне белгілі музыкант, композитор Сыдық Мұхамеджанов, дәулескер күйші Мағауия Хамзиндер секілді музыка саңлақтарының дарындарын ұштауға ықпал еткен.
Бегімсал күйшінің күй орындауында, Арқанын шертпе күйлерінің дәстүрлі ізімен, әуен-сазының тұрақты жүйелігімен, тыңдаушыларын ерекше таң қалдыратын және қолы да шебер, әрі терең ойлы – тума дарынды адам болған.
Бегімсал дәулескер домбырашылығымен қоса, «Бес перне», «Мырза шертпек» тағы басқа да күйлер шығарған.
Бегімсал күйшінің ішектері ұсақ малдың ішегінен дайындалған, қалақ домбырасы өзінің немересі, бірнеше күй байқауларының жеңімпазы – Зейтілда Бегімсалдың қолында сақтаулы. Күй өнері осы талантты немересіне қонған болу керек. Аспапты шебер қолдардың жасағанына дау жоқ, өйткені әлі күнге дейін сынын бұзбаған.
Осы күй әлеміндегі бір-екі қызық әңгімелерді айтып өтейін. Кезінде белгілі Сүгір күйші жанында шәкірт ұстамай, шығарған күйлерін қызғанып, елден жырақ кетіп тартады екен.
Ал Мағауия Хамзин: «Шертпе күйді тартуға тиым салған уақытта, күн көру үшін, шертпе күйге төкпе күйдің элементтерін қосып «гибрид» жасап сахнаға шығатынбыз»,- деп отыратын.
Бегімсал сияқты дәулескер күйшілердің мұрасына қатысты зерттеу жұмыстары да, насихатталуы өте баяу және күйші аталарымыздың күйшілік өнерлерін қазақ халқының мәдени-рухани көш керуеніне ұялмай қосуға болады.
Бір ғасыр бұрын, қазақтың теңдесі жоқ, мың жылда бір туар талантты перзенті Шоқан: «Келесі ғасырда домбыра үні биік шығады!» – деп көрегендікпен айтқаны шындыққа ұласып отыр. Өйткені, бүгінгі күні «Ұлытау» ансамблі, Асылбек Еңсепов, Димаштар домбыраны Дүниежүзіне паш етті. Елімізде өтетін қандай да болсын мерекелік концерттер, ешбір той-домалақтар домбырасыз өтпейді.
2010 жылдың 30 мамыр күні Қытай мемлекетінің Шыңжан өңіріндегі Толы ауданының 10450 мың домбырашысы, жексенбі күні бір сәтте «Кеңес» күйін орындап, Гинесс рекордтар кітабына енді. Олардың ішінде 28 ұлттың өкілдері болған, әйткенмен дені қазақтар екендігі мәлім.
2022 жылдың 22 мамыр күні Астана қаласының физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің мыңға жуық оқушысы, ең ауқымды домбыра сабағында «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» сынды атақты күйлерді күмбірлетіп, Гинесс рекордтар кітабына енді. Осыдан кейін басқа халық өкілдері де жаппай домбыра тарта бастады.
Осыған байланысты, Қарағанды қаласында жылына бір рет «Домбыра – күй күні» деп жариялап, ешкімді бөле жармай, Сарыарқа күй дәстүрінің әйгілі өкілдері: Тәттімбет, Сары Тоқа, Ықылас, Дайрабай, Қыздарбек, Әбди, Сембек, Мақаш, Баубек, Итаяқ, Ахметжан, Әшімтай, Манарбек, Әбікен, Бегімсал, Мағауия, Аққыз, Дәулетбек, Мұхамеджан, Орал, Қалкен сияқты елімізге белгілі барлық күйшілердің құрметіне «Күй – құдырет, күй – кие» атты мәдени-рухани күй кешін – концерт ұйымдастырылса, құба-құп болушы еді.
Ал дәулескер күйші Бегімсалды еске алу шығармашылық «Күй кеші», Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кенті мен Киікті ауылында міндетті түрде өткізілу керек.
Тағы бір мәселе, Шет ауданының бір мәдениет ошағын, бір көшесін Бегімсал күйшінің атымен атаса, күй өнеріне деген құрмет, әрі әділетті шешім болушы еді, өйткені, күйші қандай марапат болса да лайықты Тұлға!
Шет ауданының басшылары мен зиялы қауымы осы бастаманы қолдайды деп сенім білдіремін!
Халқымыздың дүние жүзі халықтарына паш етелік, бірден-бір қайталанбас, тек қазақ халқына ғана тән үш тарихи құндылық бар олар: қазақтың билері мен күйлері, әрі сурылып салма ақындығы, яғни ұлттық алтын қазына – билер соты және күй өнері, әрі суырылып салма ақындық құдыреті. Осы құндылықтарды өз елімізде кеңінен насихаттап ғана қоймай, оны біз дүние жүзі халықтарына паш етіп, көрсете білуіміз керек!
Сондықтан құдыретті күйіміз, әр қазақтың төрінде күмбірлеп, ұлттық мұрамыз ұлықтала берсін!
Жұмағұл ШӨЖЕНОВ,
Қазақстан Республикасының Құрметті Заңгері