Басты ақпарат

Дағдарыс дипломатиялық жолмен шешіле ме?

Батыс елдері Украина дағдарысын дипломатиялық жолмен шешудің жолдарын әлі қарастырып жатыр. Франция президенті Эммануэль Макронның 7, 8 ақпан күндері Мәскеу мен Киевке сапарлай барып, Ресей президенті Владимир Путинмен және Украина президенті Владимир Зеленскиймен кеңес өткізгені – соның дәлелі. Батыс елдері Макронның бұл сапарын өңірдегі шиеленісті жағдайды дипломатиялық жолмен шешудің соңғы мүмкіндігі деп бағалап отыр. Ендеше Макронның Мәскеуге жасаған сапары оқ-дәрі иісі мүңкіген Шығыс Еуропаның жағдайын сабасына түсіре ала ма? Қаңтар айының басында АҚШ, НАТО, ЕҚЫҰ-мен келісімге келе алмаған Ресейге француз басшысының араағайындық әрекеті қалай әсер етуі мүмкін? Қысқаша шолу жасап көрейік. 

[smartslider3 slider=2059]

Ресей уәдесінде тұра ма?

Путин мен Макронның кездесуі 6 сағатқа созылды. Кездесуден кейін өткізілген бірлескен баспасөз мәслихатында Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қатысты жағдайды реттеуге атсалысқаны үшін Макронға алғыс білдіріп, «Мәскеу барлық тарапқа ұнайтын мәміле жолын табуға барын салуға дайын» екенін жеткізді. Ресейдің Украинаға басып кіру ойы жоқ екенін тағы да қайталаған ол «Егер Еуропа құрлығында соғыс басталса, ол ешкімге де пайда әкелмейді» деп мәлімдеді.

Екі ел басшысының кездесуінен кейін, атын айтқысы келмеген француз шенеунігі Владимир Путин Украинаға жақын өңірлерде әскери жаттығулар өткізбеуге уәде бергенін әрі Беларусь – Ресей әскерлерінің оқу-жаттығуы біткеннен кейін, Беларусьтегі Украина Ресей әскерін алып кетуге уәде бергенін айтты. Ал Кремль болса Путин мен Макрон Украина мәселесі бойынша келісімге келді деген ақпаратты жоққа шығарды. Сондай-ақ Украина шекарасына жақын маңда Беларусь сарбаздарымен бірге оқу-жаттығу өткізіп жатқан Ресей әскерлері жаттығу аяқталған соң кері қайтатынын, алайда оның нақты уақыт шегі жоқ деп мәлімдеді. Осыған қарағанда Путин Макронды да екіұшты сөзбен шығарып салған секілді.

Екі жақ та қызу дайындық үстінде

Кеше Ресейдің «Интерфакс» ақпарат агенттігі Ресейдің Қорғаныс минис­трлігіне сілтеме жасап, алдын ала жоспарланған оқу-жаттығуға қатысу үшін 8 ақпан күні Ресейдің алты әскери кемесі Жерорта теңізінен Қара теңізге қарай бет алғанын хабарлады. Өткен айда Ресей ақпан айында Тынық мұхитынан Атлантикаға дейінгі аралықта теңіз күштерінің ауқымды әскери жаттығулар өткізетінін жария­лаған еді. Сонымен қатар, жоғарыда айтқанымыздай, бірлескен әскери жаттығу өткіземіз деген мақсатпен Ресей Беларуське да қарулы күштерін жеткізген болатын. Осылайша Ресейдің Қырым, Беларусь және Ресейдің өз жеріндегі Украина шекарасына жақын маңға орналастырған әскерлерін қоса есептегенде 130 мыңдай жауынгері соғысқа сақадай сай тұр. Батыс елдері «Ресей әскерінің 70 пайызы соғысқа дайын» деп алаңдаушылық білдіруінің сыры осында.

Украина да қарап жатқан жоқ. Украинаның Қорғаныс министрі Александр Лезников 7 ақпан күні украина армиясы Украинаның солтүстік шекарасына жақын маңда, Беларусь Ресейдің әскери жаттығуларына жауап ретінде 10-20 ақпан аралығында әскери жаттығу өткізетінін мәлімдеді.

«Ресей Украинаға басып кіруі мүмкін» деген сөз шыққалы АҚШ және оның одақтастары жанталасып, Украинаға қару-жарақ, оқ-дәрі жеткізіп жатыр. Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебаның мәліметі бойынша, тек соңғы апталарда елге жеткізілген қорғаныс қаруы мен әскери техниканың жалпы салмағы 1000 тоннадан асқан. Елге тонналап жеткізілген қару-жарақтан бөлек, Украина астанасы Киевте алғаш рет бір мезгілде 9 батальон қатысқан 112 аумақтық қорғаныс бригадасының оқу-жаттығуы өткізілді.

Соғысқа итермелеп отыр ма?

Жақында Шығыс Еуропадағы шиеленіске, қалыптасқан ауқымды геосаяси дағдарысқа қатысты пікір білдірген Ресей президенті Путин АҚШ Ресейді соғысқа итермелеп отыр деген сыңайда мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Вашингтон Ресейге көбірек санкция салу үшін тараптардың қайшылығын пайдаланып отыр. «АҚШ Украинаның қауіпсіздігі үшін соншалықты алаңдап отырған жоқ. Оның басты мақсаты – Ресейдің дамуын тоқтату, яғни санкция салуға желеу табу үшін Украинаны құрал ретінде пайдаланып отыр» деді ол Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанмен Мәскеудегі кездесуі кезінде. Путиннің бұл сөзінің де жаны бар. Шын мәнінде, «Ресей Украинаға басып кіреді» деп батыс елдерінің байбалам салғанына бір жылға таяды. Керек десеңіз, АҚШ-тың кейбір сарапшылары Ресей осы аптада Украинаға соғыс ашады деп соққан болатын. Жақында Украина президенті  Владимир Зеленский де «Ресейдің Украинаны басып алу нақты жоспары жоқ» екенін айтып, халықты дүрлікпеуге шақыруына қарағанда, бұл шынымен де, АҚШ-тың «арандатуы» болуы әбден мүмкін. Яғни бұл «екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» деген тұжырымға саяды. Өйткені НАТО Шығысқа ірге кеңейтіп, Ресейдің шекарасына дейін анталап келмесе, Ресейдің жақыннан жау табу ниеті жоқ. Украинаны басып алғанда, Ресейдің ұтарынан ұтылары көп болады. Былайша айтқанда, Ресейге керегі – жер емес, саяси мүдде мен өңірлік қауіпсіздік. Жан саны жыл сайын азайып, экономикасы да әлсірей бастаған Ресей өзіне қарасты жерге ие болып алса да жеткілікті. Дейтұрғанмен, Ресейдің Кеңес Одағының шекпенінен шыққан елдерді шып-шырғасын шығармай, өз уысында ұстап отыру ниеті де жоқ емес.

Қытай мен Ресей  одақтаса ма?

АҚШ бастаған батыс елдері ­Ресей мен Қытайды қырына алғалы жайшылықта бір қазанға бастары оңай сия қоймайтын Бейжің мен Мәскеудің ара қатынасы мүдде үшін болса да жақындай түскендей. Қысқы Олимпиада ойындары басталған тұста Қытай басшысы Си Цзиньпин Ресей президенті Владимир Путинді Бейжіңге шақырып, айрықша сый-сияпат көрсетіп, екі жақты кеңес өткізді. Екі ел басшысының араға екі жыл салып өткізген бұл кездесуі Ресей мен Қытай арасындағы саяси, экономикалық және әскери байланыстарды одан әрі нығайтып, екіжақты қарым-қатынастардың жаңа дәуіріне жол ашуы мүмкін. Өйткені екі ел басшысының кездесуінен кейінгі мәлімдемесінде «Қытай мен Ресей Украина мәселесі бойынша күшейе түскен Батыс елдерінің қысымына қарсы күш біріктіреді. Тараптар НАТО-ның кеңеюіне қарсымыз және Солтүстік Атлант альянсын қырғи-қабақ соғыс­тың идеологиялық әдістерінен бас тартуға шақырады» деп ашық айтылды. Батыс елдері Ресейді «Украинаға басып кірсең, санкция саламыз» деп қорқытып отырған шақта Қытайдың Ресейге бұлайша қолдау көрсетуі Ресейдің тарылған тынысын қайта кеңейткендей. Өйткені АҚШ бастаған елдер Шығыс Еуропада соғыс бола қалған жағдайда, Ресейге ауыр санкциялар салып, құрылысы жақында ғана ақырласып, енді пайдалануға берілгелі тұрған «Солтүстік ағын-2» құбырын жауып тастамақ. Ал табиғи газ бен мұнай экспорты – Ресейдің экономикалық күретамырының бірі. Бұл екі өнімнің экспортына тыйым салынса, Ресей экономикасы белден соққан жыландай салданып қалады. Сосын да Ресей әр қандай қадамға барардың алдында осы саладағы мәселені алдымен қамтамасыз етуге тырысады.  Мәселен, Ресей 2014 жылы Қытайға 400 миллиард долларға газ сату туралы отыз жылдық келісімге қол қойған еді. Бұл жолы да Путин Қытайға газ өндірісін ұлғайту туралы өтініш айтқан. Ал Қытай болса, батыс елдері Ресейдің Еуропаға экспорттайтын газына санкция салған жағдайда Ресей газын толықтай сатып алуға мүмкіндігіміз бар деген емеурін танытқан көрінді. Қазір Ресей Қытайға мұнай шикізатын жеткізуден екінші, табиғи газ (құбыр арқылы келетін және сұйытылған газ) жеткізуден үшінші орында тұр. Екі ел арасындағы мұндай уағдаластық АҚШ пен оның одақтастарын да бейжай қалдырған жоқ. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің «Егер Қытай Ресеймен одақтасып, Батыс елдерімен тайталасатын болса, онда Ресейге тиген таяқтың бір ұшы Қытайға да тиеді» деп ескерткені – соның айғағы.

Шын мәнінде, Ресей мен Қытайды олардың Батыспен бақталастығы жақындастырып отыр. Путиннің Қытайға сапары бірінші кезекте жаңа әлемдік тәртіп құруға бағытталған. Бұл тәртіпке сәйкес, Ресей мен Қытайдың қауіпсіздік саласындағы және территориялық мүдделері құрметтеледі. Олар бір-бірін қолдап, Батыс елдерінің әрекетіне бірге тойтарыс береді. Өйткені олардың мүдделес болып отырған жері бар. Мәселен, Қытай үшін Шыңжаң, Гонконг, Оңтүстік Қытай теңізі мен Тайвань бұғазындағы жағдай аса маңызды болса, Ресей үшін НАТО-ның ірге кеңейтуіне тосқауыл қойып,  бұрынғы КСРО құрамында болған мемлекеттерді уысынан шығармай ұстау қажет болып тұр.

Екінші тұрғыдан, Қытай бұл жолы Ресейді алдыға салып, АҚШ-тың нақты жағдайын бақылап көру ойы да жоқ емес. Егер АҚШ Ресейге тосқауыл қоя алмаса, онда болашақта Қытайдың Тайваньды алуына да тосқауыл қоя алмайды. Мұны АҚШ-тың әскери сарапшылары да айтып жатыр. «АҚШ Украинаны соңына дейін қолдай алмаса, болашақта Тайваньды да қорғай алмайды. Онда АҚШ әлемдегі абыройынан жұрдай болады» дейді олар. Демек, Украина жағдайының күрделеніп кетуіне Киев пен Мәскеу­дің араздығы ғана емес, алпауыт елдердің саяси ойыны да мұрындық болып отыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button