Мәдениет

ДАЛА МУЗЫКАСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада композитор, жазушы, өнер зерттеушісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, бір сөзбен түйіп айтқанда, халқымыздың ардақты азаматы Ілия Жақановтың 80 жасқа толуына арналған «Ілия Жақановтың ән-романстары» атты сазды-сұхбатқа құрылған әдемі әсерге толы кеш өтті.

ERM_3646

Ілия ағамыздың табиғаты халқымыздың дәл болмысын береді. Қоңыр мінезді, байып­ты, парасатты тұлғаның туындылары – тап-таза күйінде мөлдіреп түскен дүниелер. Содан болар, оның ән-романстарын жұртшылық сүйіп тыңдайды. Мамандығы әдебиетші болса да, қазақ ән өнеріне олжа салған көрнекті композитор атанды. Зерттеушілік, суретшілік қыры да – бір төбе. Евгений Брусиловский: «Бұл жігіт – нағыз халық композиторы. Ол даланың музыка академиясын бітірген» деп айтқан екен.
Сазды кеште ҚР Еңбек сіңірген әртісі, дарынды әнші Кенжеғали Мыржықбай композитордың романстарын тамылжыта орындады. Романстың өзі белгілі бір музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен жеке дауыс­та орындалатын шығарма. Көбінесе лирикалық поэзия мәтініне құрылып, аспаптық музыкада вокалдық негізде жазылады. Ілия Жақанов – романс жанрының шебері екен. Оның осы бағытта жазылған шығармалары ұлттық бояуы­мен, әуезділігімен, сөзінің саздылығымен ерекшеленіп тұрады. Адам жанының нәзік пернесін тап басады. Әсіресе, «Жан сәулем», «Нені ойла­дың?», «Элегия», «Бал­қан­тау» романстары тыңдар­ман­дарды терең ойға жетеледі. «Балқантау» романсы бірнеше циклден тұрады. Оның сөзін жазған қарқаралық ақын Кәрім Сауғабаев. Әрбір ән орындалған сайын автор оның шығу тарихына тоқталып отырды.
Композитор Шыңғыс Айтма­товтың шығармалары желісі бойынша бірқатар циклді романстар жазған. Кеште солардың арасынан «Әсел», «Даниярдың әні» атты әндері шырқалды. Ілия Жақанов – қырғыздың заңғар жазушысымен жақын дос болған. Сол достық жайында парасатты ой өрбітті. Екі елдің рухани үндестігін, тамырластығын, бауырластығын жеткізді.
Әрине, ағамыздың «Еділ мен Жайық» және «Жайлаукөл кештері» атты әндері класси­калық деңгейге көтерілген шығармалар қатарынан орын алған. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Подмосковные вечера» әні Кеңес одағына кең таралды. Әйгілі әнші Ермек Серкебаев: «Бізге де осындай ән керек» деп айтыпты. Ілия ағамыздың «Жайлаукөл кештері» шығармасы – осы әнмен үндес туынды. Ырғақты, нәзік иірімі бар, ерекше дүние. Осы ән 1971 жылы Жамбыл облысының Шу ауданының табиғаты жайқалған жазиралы жайлауында дүниеге келгенін автор толғаныспен еске алды. Ал «Еділ мен Жайық» әні намыстан, туған жерді шексіз сүюден туған туынды.
Шара соңында кеш иесі бүгінгі эстрада туралы, қазақ әнінің ұлттық бояуынан ажырап бара жатқаны жайында көңілі қамығып сөз қозғады. Дегенмен, тыңдармандар талантты тұлғаның романстарынан ғажайып әсерге бөленіп қайтты.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button