Басты ақпаратЕл тынысы

Даламыздың көрікті төрі

енді Астанадан Катонқарағайға жету көп қиындыққа түспейді

Кезінде қазақтың арқалы ақыны Ғафу Қайырбеков ерекше сұлу табиғатынан терең шабыт алып:

«Ардағым Алтай даламның биік төрі екен,

Таудың да тарлан таланттысы, сері екен.

Тау емес мынау кілең бір алтын баспалдақ,

Алланың өзі аспаннан түскен жер екен» деп аса биік бағасын берген Алтайдың төрі – Катонқарағай өңірінің халқы соңғы ондаған жылдар бойы сұрқылтайдың күйін кешіп келген еді. Аудан жабылып, оның орталығы Өскемен жолындағы Үлкен Нарын ауылына көшірілгеннен кейін бір жағынан аурухана, мектеп, халыққа қызмет көрсету орындары секілді әлеуметтік инфрақұрылымдар, әсіресе жол жағдайы күрт нашарлап, екінші жағынан, таулы өңірдің ауыр қысы қысқан жергілікті халық туған өңірлерінен қопарыла көшіп, ірі қалаларды барып сағалады.

Көше-көше бір кездегі 25 мың адамның 10-ақ мыңы ғана қалды. Дегенмен Құдайдың да көзі бар екен, соңғы уақыттары елімізде туризмнің дами бастауы, екінші жағынан, Қазақстан халқының Төр Алтайдың көрікті табиғатын көруге, тек осы өңірде ғана өсетін марал мен бұғы сорпасына және емдік қасиеті мол Рахман қайнарына түсуге деген ынта-ықыласы Мемлекет басшылығының назарын жетімнің күйін кешкен осы өңірге қайта аудартты. Аз жылдың ішінде сонау Өскеменнен басталып Алтайдың бір биігі «Рахман қайнары» санаторийіне дейінгі жол аралығы кезең-кезеңімен жөнделе бастады. Оның бер жағында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қосылған екі ауданды қайта бөліп, Катонқарағай ауданын бұрынғы өз аумағында ашып беруі, Катонқарағай ауылының қайтадан аудан орталығына айналуы өңір тұрғындарының мемлекеттік саясатқа деген сенімін нығайтты. Соның жарқын бір мысалы – 30 жыл бойы үнемі азаюмен келе жатқан халық санының аудан ашыла салысымен қайта өсе бастауы. 2024 жылдың 1 қаңтарында ауданда 10246 адам болса, 2025 жылдың 1 қаңтарында аудан халқының саны 10393 адамға жеткен, яғни 147 адамға немесе 1 пайызға өскен.

Жаңа құрылып жатқан аудан үшін бұл аз ғана өсімнің стратегиялық маңызы зор. Өйткені бүгін жүздеп өскен халық ертең мыңдап өсуі әбден мүмкін. Кезінде осы өңірден көшіп кеткен катонқарағайлықтардың назары туған жерлеріне қарай ауып отырғаны ел арасындағы әңгімелерден анық сезіледі. Катонқарағай секілді көрікті өңірде туристік бизнестің дамуы олардың делебесін одан әрі қоздыруда. Өткен жылдың өзінде мұндағы тұрғын үй бағалары едәуір көтеріліп үлгерген. Міне, осы жайды Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсенбаев қуанышпен мәлімдеген еді.

Ертістің үстінен салынып жатқан 1300 метрлік еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы жеделдетіліп, өткен жылы тәуелсіздік мерекесі кезінде пайдалануға берілсе, биыл Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауда берген арнайы тапсыр­масы негізінде жаңа ашылған Катонқарағай ауданындағы Солдатова ауылының маңынан жаңа әуежайдың салынатыны ауданның дамуына ерекше ықпал ете алатын маңызды жаңалықтар болып отыр. Биылдың өзінде құрылысы аяқталуы тиіс жаңа әуежай туристер үшін қолайлы жағдай туғызып, еліміздің ірі қалалары Астана және Алматымен және облыс орталығы Өскеменмен тікелей әуе байланысын қамтамасыз етпек.

Осы ретте жергілікті халық үшін тұрмыс-тіршілікке пайдасы бар тағы бір жағымды жаңалық – аудан аумағына келіп-кететін туристер санының арта түсуі. Мәселен, ресми статистика бойынша 2023 жылы еліміздің әр түкпірінен және шет елдерден 40112 турист келіп-кетсе, 2024 жылы 45303 турист келіп, бір жылдағы өсім 111 пайызды құраған. Сонда есептеп қарасаңыз, аудандағы әрбір жергілікті тұрғынға 4 туристен айналып отыр. Бұл – салыстырмалы түрде жақсы көрсеткіш. Мәселен, 1,5 миллион адам тұрып жатқан Астанаға өткен жылы 1 миллионнан астам турист келсе, 20 миллион халқы бар елімізге ішкі туристерді қосып алғанда 11 миллионнан астам қонақ келген екен. Аталған көрсеткіш Катонқарағай ауданында туризмнің әлеуеті өте зор екенін және осы өңірге көңіл аудара түсу қажеттігін білдіреді.

Әрине, соған сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстар да баршылық. Мәселен, емдеу-­сауықтыру бағытында 13 пантымен емдеу орталығы және қасиетті суымен аты мәлім «Рахман қайнары» шипажайы жұмыс істесе, ауылдық туризм бағытында 60 қонақжай, 2 хостел, 2 демалыс базасы, 6 қонақ үй, 2 киіз үй қалашығы, 6 қымызхана қызмет көрсетуде. Жыл қорытындысы бойынша туристік салаға 6 миллиард теңгеден астам инвестиция салынып, «Баян», «Qaton-Qaragai Resort and Spa», «Жанат» пантымен емдеу орталықтарын одан әрі кеңейту, «Мұзтау» экология қонақ үйінде мейрамхана салу жұмыстары жүргізілді. «Баян» қонақ үйі тұтастай күрделі жөндеуден өтті. Өткен жылдың өзінде ғана 2 қонақ үй мен 8 қонақжай жаңадан ашылды.

Алдағы уақытта осы істі одан әрі жандандыра түскісі келетін кәсіпкерлер баршылық. Мәселен, ауданның Ақсу ауылдық округіне қарайтын Ақшарбақ ауылында «Верх Катунь» пантымен емдеу демалыс орнын кеңейту мақсатында 4,2 млрд теңгенің инвестициялық жобасын іске асыру көзделуде. Мәселен, жеке кәсіпкер Е.Абауев аудан орталығынан бетон сақиналарын шығаратын цех ашуды жоспарлауда. Мұндай қозғалыстар тек аудан орталығы емес, әр ауылды қамти бастады деуге болады. Мәселен, ең бір түкпірде жатқанымен табиғаты көркем Аршаты ауылында жекеменшіктің күшімен «Айша» демалыс кешенін құрылысы қолға алынса, Берел ауылында жеке кәсіпкер Н.Райсов өзінің демалыс үйлерін кеңейтіп, жаңа құрылыстар салуды көздеуде. Осындай тіршілік Топқайың ауылының жанында орналасқан «Qaton-Qaragai Resort & Spa» демалыс орны тарапынан да қолға алынуда. Оның иесі осы демалыс орнын қайта құру және кеңейту жоспарын әзірлеуде.

Туристер ағынының күшеюі аудандағы негізгі сала ауыл шаруашылығының дамуына да қолайлы әсер ететіні түсінікті. Өйткені туристер тұтынуына ет, картоп, сүт, айран, қаймақ, құрт, ірімшік, қымыз бен бал, жұмыртқа секілді таза табиғи өнімдер қажет. Мұны аудандағы шаруа қожалықтары мен мал өсіріп, егін салып отыр­ған тұрғындар бере алады. Айт­пақшы, Катонқарағайдағы Алтай балы мен марал пантысы, пантыдан жасалынатын пантокрин, пантогематоген секілді өнімдер, жидек пен көкбояудан және басқа да жабайы жемістерден жасалатын шырын түрлерінің, түрлі шөп шайларының емдік қасиеті өте мол және олар басқа өңірлерде көп кездесе бермейді. Даңқы бүкіл әлемге тарап отырған Алтай балының өзі неге тұрады. Бүгінде осылардың бәрін молынан өндіру күн тәртібіне қойылып, аудан халқымен жұмыстар жүргізілуде.

Бір өкініштісі, 2023 жылы ауа райының қолайсыздығынан халықтың жеткілікті жем-шөп қорын жасауға мүмкіндігі болмай осының салдарынан тірілей мал сату көп орын алды. Басқа түлік түрлерін айтпағанның өзінде бір жылда басқа жақтан келген делдалдарға 2613 жылқы сатылды. Шағын аудан үшін бұл – үлкен шығын. Мал ұрлығы да өршіді. Дегенмен қазірдің өзінде ауданда 22582 жылқы, 7568 мүйізді ірі қара, 24903 қой-ешкі, 1056 марал бар. Енді осы малдардың санын көбейту қолға алынуда. Берекелі болған былтыр күзде жем-шөптің бір жарым жылдық қоры жасалды. Мал ұрлығымен күрес күшейтілуде. Ұрылардың алды қолға түсті. Олардың қатаң жауапкершілікке тартылатыны анық. Өйткені ұрлықпен күрес жөніндегі заң талаптары барынша нығайтылып отыр.

«Қазіргі күні Катонқарағай ауданында оны дамыту үшін сан түрлі шаралар қолға алынуда. Аудан жаңа кадрлармен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік инфрақұрылымдар нығайтылуда. Биылғы туристерді қабылдау жөнінде қызу дайындық басталып та кетті. Егер жаңа әуежай құрылысы биыл аяқталса, 2026 жылдан бастап астаналықтар көпшіліктің көзайымына айналған өңірге бірер сағатта жетіп келе алады. Мұның сыртында Өскеменге дейін пойызбен жетіп, бізге қарай ағылып жатқан таксилер қызметін пайдалана алады» дейді аудан әкімдігінің аппарат басшысы Қуаныш Құлжынов.

Сондай-ақ Астанадан жеке көлігімен шыққысы келетіндер Павлодар – Семей – Өскемен бағытымен шаршамай, шалдықпай жүре отырып, келесі күні Катонқарағайға жете алады. Өскемен мен Катонқарағайдың арасы табиғаты көркем серпантин асуы арқылы өткен жағдайда 350 шақырымды құрайды. Шамамен төрт жарым сағаттық жол.

Бұдан бөлек, былтыр Өскемен – Күршім бағытындағы 1300 метрлік ұзын көпірдің салынуына байланысты осы өткелден босаған паромдар енді Өскемен мен Катонқарағай арасындағы «Самар-Васильев» өткеліне қойылады екен деген ақпарат бар. Анық-қанығы көктемде белгілі болады. Мұндай жағдайда жол жүру қашықтығы тағы да 1,5-2 сағатқа қысқара түседі.

Қандай көлік түрімен болсын сапарға шықпас бұрын Катонқарағайдағы демалыс орындарына алдын ала хабарласып, келісіп қойған жөн дер едік. Өйткені өткен жылдар тәжірибесі көрсеткендей аяқ астынан келіп қалған турис­тер топтары өз беттерімен жүрген жағдайда бос демалыс орындарын таба алмай қысылатын жағдайлар да кездесіп қалады. Дегенмен ешкімнің жатар орынсыз қалмайтыны анық. Өйткені Катонқарағай ауданының әрбір тұрғыны өз үйіне болсын қонақ қабылдауға және дастарханын ұсынуға әзір. Жылдан жылға даму үстіндегі туризм саласы оларды да осы іске қарай бейімдей түскен.

Өскеменге жеткен туристер үшін тағы бір қолайлы мүмкіндік, осы облыс орталығында Катонқарағайды және басқа да табиғаты көркем өңірлерді қыдыртып қайтуға арналған туристік қызмет көрсету топтары құрылып, жұмысын жандандырып отыр. Солармен байланысқа шығып, тікұшақтар мен таксилер арқылы талайларға арман болып отырған Катонқарағайдың ең тамаша жерлерін тиімді маршруттар бойынша көріп қайту да қиындыққа түспейді. Бәсекелестіктің жылдан-жылға күшейе түсуіне байланысты олардың қызметтері де қолжетімді деуге болады.

Сұңғатолла ӘЛІПБАЙ, Ақпарат саласының үздігі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button