Білім

Дамудың күші – білімде

Қазір өркениетке қол созған елдер адами капиталдың сапасын арттырып, білім, ғылым, инновациялық прогресс арқылы озуға мықтап кірісті. Осыдан-ақ оқу-ағарту саласының маңызын түсінуге болады.

[smartslider3 slider=3720]

Сапалы білім мен саналы тәрбие беруді үйлестіру бағытындағы жұмыстарды Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев онлайн брифингте жан-жақты талдап, баяндап берді.

Шынында, әлемнің озық елдерінде мемлекеттік капиталдың 70-80 пайызын адами капитал құрайды. Қазақстанда мемлекеттік капиталдың 68 пайызын табиғи ресурстар құраса, 21 пайызы – өндірістік қорлардың еншісінде. Адам капиталының үлесі 11 пайыз ғана. Содан болса керек-ті, Президент тұрақты даму және әлемдік бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енуде адам капиталын дамытуды стратегиялық басымдық ретінде белгілеп берді.

Адами капиталды қалыптастыратын һәм дамытатын құрал – мектепте. Сондықтан заманауи типтік жобадағы мектеп салынып, тәжірибелік сабақ өтетін сынып жабдықталып, интернетке қолжетімділік артып келеді. Енді саладағы жұмыстарды тиімді үйлестіріп, ұстаздардың біліктілігін жетілдіруге көңіл бөліп, ағартушылық ортадағы бірлік пен берекені бекемдеу міндеті тұр.

Басқарма басшысы алдымен осы турасындағы ойымен бөлісіп, сосын оқушыларды жаңа оқу жылына дайындаудың маңызына тоқталды.

– 2022-2023 оқу жылында аудан әкімдіктерімен бірлесіп демеушілік қаражат есебінен керек-жарақтары бар мектеп рюкзактары түрінде әлеуметтік осал санаттағы 16 мыңнан аса баланы қамту жоспарланып отыр.

Дәстүрлі «Жалпыға міндетті білім беру» бағдарламасы аясында оқушылардың мектеп киімін, аяқ киімін және қажетті кеңсе тауарларын сатып алу үшін көмек көрсетіледі. Білім алушылар қажетті керек-жарақтарды сатып алу үшін материалдық көмек ата-аналарының немесе оларды алмастыратын адамдардың немесе кәмелетке толған білім алушының өтінішіне сәйкес ақшалай беріледі. Материалдық көмек алушы өтініш жазып, банктік карточканың 20 таңбалы нөмірін ұсынады. Немесе материалдық көмекті аудару үшін банкте арнайы шот ашуы қажет, – деді Қ.Сенғазыев.

Білім беруде ең маңызды міндет – сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету. Бізді осы бағыттағы жұмыс қызықтырды.

– Қазіргі кезде мектеп қорында 1-11-сынып аралығында 2,5 млн-нан астам оқулық бар. Биыл мектептердің кітапхана қоры 2-сыныптарға арналған жаңадан шыққан кітаптармен толығады. Бүгінде мектеп оқулықтарды 1, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9-сыныптарға таратуды бастаған.

25 тамызға дейін елордалық оқушылар оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен  қамтамасыз етіледі. Бала санының өсуіне байланысты 1 млн-нан астам қосымша оқулық сатып аламыз. Көші-қон ағымына байланысты жыл сайын оқушылар саны 15-20 мың балаға артуда. Егер 2020-2021 оқу жылында оқушылардың жалпы саны 193512 баланы құраса, 2021-2022 оқу жылында 215074 бала білім алды, – деді Қасымхан Сенғазыұлы.

Құзырлы басқарма басшысы елордадағы 4 мектептің үш ауысым мәселесі жайына тоқталып өтті.

– Осы үш ауысымдық және тығыздылық мәселесін шешу мақсатында жыл соңына дейін 23000 орынға арналған 11 мектеп пайдалануға беріледі. Ол өз кезегінде 7 мектептің тығыздық мәселесін шешуге ықпал етеді. Қыркүйек айында екі мектеп ашылады: Е51, Е69, Е70 және «Зәм-Зәм» тұрғын үй кешені ауданында Binom мектебі және Е-22 және Тұран даңғылы ауданында International school of Nur-Sultan city. Бұл мектептердегі оқушы орындарының жалпы саны 6 мыңды құрайды (екі ауысымда). Жол картасына сәйкес, 2025 жылға дейін 80880 орынға арналған 67 мектептің құрылысы жоспарланды, – деді ол.

Қасымхан Сенғазыев биыл 16720 білім алушыны материалдық көмекпен қамту жоспарланып отырғанын мәлім етті. Елордадағы мектептерден 8 мыңнан аса баланы қамтитын өтініш түскені белгілі болды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button