Басты ақпарат

«Damys»-тың даңғыл жолы

Қазір сапарға шықсаңыз, төңірегіңіздегі жұрттың алып жүруге ыңғайлы, костюм-шалбармен қоса, басқа керек-жарағын да қатар салып алуға болатын трансформер сөмкелерді көтеріп жүргенін байқайсыз. Әсіресе бұрын бір қолына домбырасын, бір қолына костюм-шалбарын көтеріп, чемоданын сүйреп жүретін әнші-күйші­лердің көбі соңғы кездері осы «Damys» трансформер сөмкелерін алып жүретін болды. Яғни костюм-шалбарды бүктемей, бырыстырып-тырыстырмай костюм қапқа салғандай іліп, қасына басқа заттарды салып қоюға болатын бұл сөмке сапарға көп шығатын жандардың тамаша таңдауына айналған. Үш түрлі материалдан (таза тері, жасанды былғары, эко-былғары) тігілетін бұл сөмкелердің сапасы жақсы, ұлттық нақышы да әдемі.

[smartslider3 slider=3776]

«Damys» трансформер сөмкесін жобалап, тігіп, нарыққа шығарған – «Damys Brand» компаниясының негізін қалаушы, жас кәсіпкер Дамыс Болатхан. Бала күнінен қолөнерге бейім өскен оның атажұртқа келгеннен кейінгі арманы өз өнерін кәдеге жаратып, ұлттық өнім өндіру болыпты. Міне, осы мақсаттың жетегінде базарды бақылап, нарыққа жіті үңілген қағылез жігіт жұрттың сапарға шыққанда бір қолына сөмкесін, енді бір қолына костюмын көтеріп, әуре болып жүргенін байқайды.

– Қолөнерге қатты қызығамын. Көп уақыт өзім бір кәсіп бастасам деген ойдың жетегінде жүрдім. Не істеу керек, қандай жұмыспен айналысу керек деген сұраққа жауап іздеп жүргенде жұрттың қолайлы сөмкеге сұранысы күшті екенін байқадым. Сосын көлігіме орындық қап тіккен былғарыдан қалған материалды пайдаланып, костюм мен қол жүктерді қатар салуға болатын трансформер сөмке тігіп шықтым. Бұған төңірегімдегі достарымның бәрі қызығушылық танытып, бір-бірлеп тапсырыс бере бастады. «Damys» трансформер сөмкесінің алғашқы өнімі осылай жасалды, – дейді Дамыс Болатхан.

Әрине, бір мемлекет үшін алғанда отандық сөмке өндірісі, аяқ киім өндірісі мақтан етіп айтатындай ірі өндіріс саналмайды. Алайда шетелге көбінде шикізат экспорт ететін, тұрмыстық бұйымдардың денін шетелден сатып алатын импортқа басы байланған ел жөнінен алғанда, «Damys» сияқты өнімдердің нарыққа шық­қаны қуантады. Өйткені тасқын да тамшыдан құралатынын ескерсек, осындай шағын өндіріс ошақтары болашақта алпауыт кәсіпорындарға айналуы да ғажап емес

2018 жылы өз кәсібін бастаған жас кәсіпкер бұл саланы тегін таңдап отырған жоқ. Жүн мен тері қазақ қолөнерінің маңызды шикізаты саналады. Бабаларымыз төрт түлікті тең өсіріп, жүн мен терісінен киім тігіп, тұрмыс­тық бұйымдар жасаса, еті мен сүтін азық қылды. Осылайша тері илеу мен жүн мәнерлеудің ең озық тәсілін меңгерді. Алайда оны заман талабына сай жаңғыртып, техникалық жолмен мәнерлеу деңгейі­не көтеріле алмады да, өнеркәсіп дәуірінің көшіне ілесе алмай қалды. Өткен ғасырдың бас шенінде Түркияға ауып барған қазақтардың тері илеп, одан түрлі бұйым тігіп сатуы Түркияның, Италияның тері мәнерлеу өнеркәсібіне үлкен серпін бергенін қазір көбі біле бермейді. Бірақ біз сол мүмкіндікті бүгінге дейін өзіміз толық пайдалана алмай отырмыз. Бұрын теріні қолмен илеп алатын қазақ қазір оны илеп, киіз баспақ түгіл, жіп иіруге икемі келмейтін күйге жетті. Сосын да жүн қоқыста жатса, теріні ит жейді, тұрмысқа қатысты тері және жүн өнімдерін шетелден импорт етеміз. Міне, бұл да біздің әлсіздігіміз, отандық өндірісті дамыта алмаудағы нашарлығымыз деуге болады. Дамыс та тері материалдардан өнім өндіруге кіріскен кезде керексіз жатқан теріні керекке жаратып, сөмке тіксем деген ойы болыпты.

– Біз қазір қажетті материалды көрші елдерден сатып алып отырмыз. Егер елімізде тері мәнерлеу кәсібі өркендеген болса, шетелдің тауарына қарап отырмас едік. Демек, алдағы уақытта еліміз тері, жүн өнімдерін мәнерлеу саласына ден қойғаны дұрыс деп ойлаймын. Материалы өз елімізде өндірілсе, біздің өнімдердің бағасы да тиімді болар еді. Қазір елімізде де тері илеумен айналысатын орындар бар, бірақ саны аз болған соң ба, өнімдерінің бағасы тым қымбат. Оның үстіне, таза теріден тігілген сөмкелерді көптеген алармандардың қалтасы көтере бермейді. «Отандық өнім бола тұра, неге бағасы сонша қымбат?!» деп кейістік білдіретіндер бар. Жасыратыны жоқ, жұрттың бәріне қолжетімді болу үшін эко-былғары мен жасанды былғарыны көбірек пайдаланамыз. Өнімдеріміздің бағасы 20 мыңнан басталып, 200 мыңға дейін барады, – дейді біздің кейіпкеріміз.

Қазір интернет саудасы қарқын алған заман. Бір жерден қымбат дүкенді жалға алып, бір адамның күні бойы қақшиып отыруының қажеті жоқ. Ебін тапсаң, әлеуметтік желі арқылы да сауданы дүркіретіп жүргізуге болады. Дамыс та осы жолды таңдапты.

– 2019 жылы астанадан дүкен аштық. Бірақ карантин басталып кетті де, екі-үш күн өтпей жатып дүкеніміз жабылып қалды. Сонымен үйде отырып сөмке тігіп, әлеуметтік желі арқылы сатылымға шығардық. Жаңа өнімнің жолын ашу үшін әншілерге, желі жұлдыздарына жарнама жасаттық, соның арқасында тез танылып, республиканың түкпір-түкпірінен тапсырыс қабылдай бастадық. Қазір саудамыз жаман емес, 3-4 азаматты жұмыспен қамтып отырмын. Былтыр Үкіметтен 5 миллион қайтарымсыз грант алып, қажетті тігін машиналарын сатып алдым, – дейді Дамыс.

Әрине, бір мемлекет үшін алғанда отандық сөмке өндірісі, аяқ киім өндірісі мақтан етіп айтатындай ірі өндіріс саналмайды. Алайда шетелге көбінде шикізат экспорт ететін, тұрмыстық бұйымдардың денін шетелден сатып алатын импортқа басы байланған ел жөнінен алғанда, «Damys» сияқты өнімдердің нарыққа шыққаны қуантады. Өйткені тасқын да тамшыдан құралатынын ескерсек, осындай шағын өндіріс ошақтары болашақта алпауыт кәсіпорындарға айналуы да ғажап емес.

Қазақстан жері кең, шикізатқа бай ел болғанмен, үлкен өндіріс ошақтары жоқтың қасы. 30 жыл бойы «шетелден пәлен қаржыгер шақырылды, пәлен зауыт салынды» дегенмен, соның біразы көзбояушылықтан аспай келеді. Көбі мемлекеттен берілетін қаражатты қалтасына салады да, қолдан банкрот жасайды. Екіншіден, елімізде билік пен байлықтың аз ғана адамдардың қолына шоғырлануына байланысты қарапайым халықтың шағын өндіріс орындарын ашып, отандық өнім өндіруіне мүмкіндік болған жоқ. Ауыз жүзінде «барлық жағдай жасалғанмен», шын мәнінде, қасақана жасалған кедергілер мен қағазбастылық та көп нәрсеге тұсау болды. Керек десеңіз, қолында қаржысы бар, орта, шағын бизнесті дөңгелетіп әкетуге мүмкіндігі бар кәсіпкерлердің өзіне жасалатын қоқан-лоқы мен бопса да аз болған жоқ. Саудасы күсет өндірсе, ошақтарын шынжыр балақ, шұбар төс шенділер тартып алатын жағдайға дейін жетті. Міне, осы жағдайлар еліміздің отандық өндірісіне үлкен тұсау болып, шұлық пен іш киімге дейін шетелден импорт ететін күйге түстік. Ел Президенті ұшқышсыз ұшақтардың жаңа моделін тамашалап жүргенде, біздің Президент пластиктен жасалған астауға отандық өнім ретінде үңіліп тұрғаны – соның айғағы.

Оның үстіне, біздің елдің импорт-экспорт саудасы да шен-шекпенділердің шайнамай жұтатын жылы тамағына айналып кетті, олар өз табысынан айырылып қалмау үшін отандық өндіріске барынша кедергі жасап келген жайы тағы бар. Міне, осы себептердің бәрі біздің елдің ішкі өндірісінің адымын аштырмай тастады. Дегенмен әлемде жұқпалы індет тарап, шекаралар тарс жабылған кезде барып ішкі өндірісті дамытпай, тек импортқа сүйенудің аса қауіпті екенін біздің билік те шындап түсінді. Шетелден сатып аламыз дегенмен, оның болашағы бұлыңғыр екенін түсінген кәсіпкерлер де қазір отандық өндірісті дамытудың жолын іздей бастады. Бұл – қуанар­лық жағдай. Әрине, елімізде қабілеті мен өз күшіне сүйеніп, шағын өндіріс орындарын ашып, жайлап жұмыс бастап жатқан азаматтар да жоқ емес. Бірден қара үзіп алға шығып кетпесе де, ісінің іргетасын берік қалаған бұл топтан күтеріміз көп. Өйткені бұл азаматтарда ебін тауып Үкіметті жесем деп емес, өз кәсібімді дөңгелетіп, отандық өнімнің өндірісін өрге домалатсам деген таза мақсат бар. Дамыстың бет алған бағыты да осы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button