Тағзым

ДАНАЛЫҚ ПЕН ДАРАЛЫҚ ЖОЛЫ

ӘМБЕБАП ҒАЛЫМ, АКАДЕМИК ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ ТУҒАНЫНА – 110 ЖЫЛ

margulan2

Академик Әлкей Марғұлан – қазақ халқының тарихын, материалдық және рухани мәдениетін ғылыми тұрғыда өте терең әрі кең ауқымда зерттеген ғұлама ғалым. Тарихи ақыл-ой парасаты ерен еңбекқорлығымен ұштасқан ғұлама ғалымның Қазақстан ғылымының көптеген салаларының, атап айтқанда, қола дәуір мен орта ғасыр археологиясын зерттеудің, қазақ халқының мәдениеті мен өнер тарихының, этнографиясының негізін салушы болуы әбден заңды.

Биыл белгілі ғалым, ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы, филология ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы Әлкей Хақанұлы Марғұланның туғанына 110 жыл толды. Оның асыл мұралары жас ғалымдар мен зерттеушілердің еңбектері үшін баға жетпес дерек көзі болса, музей мамандары үшін көздің қарашығындай сақтап жүрген құнды жәдігерлер қатарында.

Жалпы, Ә.Марғұланның тарихымызға қатысты деректерді жан-жақты жинақтау жұмыстары арнаулы экспедицияларға қатысу кезінде басталған. Сондай экспедициялардың бірі 1926-1927 жылдары КСРО Ғылым академиясының академигі А.Ферсманның, профессор С.Руденконың басшылығымен Қазақстан мен Алтай жерлеріне археологиялық және этнографиялық бағытта ұйымдастырылған еді. Осы экспедиция жұмысына қатысқан Әлкей Хақанұлы Ә.Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бiрлесе қызмет атқарады. 1928 жылдан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданды.

1929 жылы Абай шығармалары туралы дипломдық жұмыс қорғап‚ Орыс география қоғамы мұрағатындағы Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негiзiнде дәйектi тұжырымдар жазды. Ол кісінің басшылығымен Шоқан Уәлиханов шығармаларының 5 томдық толық академиялық жинағы жарық көргені, әрине, баршаға мәлім. Сонымен қатар, педагогика саласындағы фольклор бойынша зерттеулерінің де маңызы зор. Тұңғыш рет халық педагогикасының қайталанбас үлгі-нұсқалары шоғырланған қазақ халқының аңыздарын, ертегілерін, жырларын іргелі зерттеді.

Оның ғылыми ізденіс аумағы Орталық Қазақстанмен, оның ішінде Ұлытау-Жезқазған өңірмен тығыс байланысты болды. Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде Әлкей Марғұланға байланысты бірнеше құнды жәдігерлер сақталған. Атап айтқанда, ғалымның жеке заттары – шапаны мен желегі, шабаданы мен лупасы, жазу құралдары мен құжаттары, экспедиция жұмысы туралы есептердің көшірмелері, кітаптары, хаттары, сонымен қатар, Әлекеңнің өз қолымен музейге тарту еткен Ұлытау жерінен табылған тас мүсін, тастағы таңба мен құлпытас бар. Отыз жылға жуық жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған заттай айғақтар көздің қарашығындай сақтаулы.

Академиктің Ұлытау-Жезқазған өңіріне сапарлары туралы естеліктер 1943 жылғы шыққан «За медь» газетінен табылды.

Оның Ұлытау-Жезқазған өңіріне алғашқы сапары 1943 жылы қыркүйек айында КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы ұйымдастырған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшысы А.Иманов туралы материал жинауға шыққан экспедицияның оңтүстік бөлімінің басшысы ретінде басталды. Экспедиция мүшелері Байқоңырда, Қаражар ұрысы болған жер –«Талап» колхозы аумағында, Ұлытауда болып, ұлт азаттығы көтерілісіне қатысушылармен кездесіп, осы уақиғаға қатысты өлең-жыр, естеліктер мен қару-жарақ үлгілерін жинап қайтты. Осы сапар барысында Әлкей Марғұлан Ұлытау жерінде алғашқы археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, Ұлытау тауының ең биік шыңы – Ақмешіт Әулиеден ескі қорған табады. «Ескерткіш жанында бақсылық діни-нанымның белгілері байланған ақтық және ат құйрығының үзіктерінің табылуына қарағанда, бұл оба Дешті-Қыпшақ даласына ислам дінінің таралу кезеңінде, яғни, б.з. Х ғасырында дүниеге келуі мүмкін» деп жазады Ә.Марғұлан.

1946 жылдан бастап Орталық Қазақстан археологиялық экспедицияның басшысы ретінде ғалымның зерттеу жұмыстары көне  мәдени ескерткіштерге бай бола тұра, әлі жете зерттелмеген осы өңір тарихымен тікелей байланысты болды.

Бұл өлкедегі кең көлемде жүргізілген алғашқы археологиялық зерттеулер Сарысу өзені бойынан бас­талды. Құрып кетуге сәл қалған көшпелі-отырықшы мәдениет ескерткіштері – ескі  қалалардың қираған орындары, қыстақтар сілемі, қорғандар, суару жүйелері, сәулет өнерінің үлгілері Сарысу өзенінің Кеңгір және Жезді сағаларында мол шоғырланған болып шықты.

Ғалымның жүргізген зерттеу жұмыстары кезінде көне суару жүйесі –Қайып тоғанында шығырдың орны мен ұзындығы – 4-5 км, тереңдігі 2-2,5 м арық табылды. Бұл арық Дешті-Қыпшақ даласында б.з. ХI ғасырдан белгілі болған «қонақ тарыны» егу кезінде қолданылуы мүмкін. Қыпшақтардың жер өңдеу кәсібі туралы ХI-XIV ғасырдағы орыс  жылнамалары мен араб дереккөздерінде атап көрсетілген. Ежелгі суару жүйелері Кеңгір мен Жезді өзендерінің шұрайлы жерлерінде, Жошы, Келінтам, Аяққамыр мазарлары маңында да анықталды. Аталған экспедиция барысында Ұлытау өңірінде көптеген ескі қала жұртының орындары табылды. Бұл ескерткіштердің сипаттамалары XVIII-XIX ғасыр аралығындағы орыс зерттеушілерінің жазбаларында кездеседі.

1776 жылы капитан Николай Рычков Ұлытауда болып, Сарысу мен Болған ана атты қала орындары туралы жазған. «Өкінішке орай – деп жазады Әлкей Хақанұлы, – Жұбан ананың орнын іздестіру еш нәтиже бермеді. Бұл жерден тек үш бекініс қалдықтары табылды. Біз осы аттас мазарды Кеңгір өзені емес, Сарысу өзенінің орта сағасында, Жезқазған теміржолының №89 разъезіне жақын жерден кездестірдік. Қала орны атымен жоқ, тек бірнеше суару жүйелерінің орындары мен тас қорғандар табылды».

Ә.Марғұланның 1947 жылғы үшінші сапары кезінде Ұлытау және Арғанаты таулары беткейлерінде көне тас мүсіндер жіті зерттелді. «Бес оба», «Үш оба», «Мұртты оба»деп аталатын ескерткіштер Ұлытау өңірінде көптеп кездеседі. Зерттеу кезінде «мұртты обаларда» көмірдің, ағаштың күлдері табылды, яғни, бұл орындар «құрбандыққа шалу» ғұрпын жасау үшін қолданылған деп пайымдайды Әлкей Хақанұлы.

Қаракеңгір өзенінің жоғарғы сағасында орналасқан қорғаннан қыш ыдыстар және қарт адамның қисайтып жерленген бас сүйегі табылды. «Бұл бас сүйектің табылуы сирек кездесетін құбылыс. Атақты археологтар Гейкель мен Бернштамның Талас өзені бойындағы Кеңкөл қорымынан тапқан бас сүйек секілді, бұл жәдігер ғұн заманына сәйкес келуі мүмкін» деп болжам жасайды Ә.Марғұлан.

Археологиялық зерттеу барысында Ұлытау маңынан сол жылы онға жуық тас мүсін табылады. Бұл мүсіндердің төртеуі – сұр граниттен, ал қалғандары қызыл құмдауыттан қашап жасалған. Академик Қаныш Сәтбаевтың болжамы бойынша, қызғылт құмдауыт Ұлытау тауларында кездеспейді, яғни, басқа жақтан әкелінуі мүмкін. Граниттен жасалған мүсіндердің бет-бейнесі анық емес. Керісінше, құмдауыттан қашалған мүсіндер сапалы шыққан. Демек, ертедегі мүсіншілер тасты қолдану тәсілдерін жетік меңгерген.

Ғалым осы зерттеулерінде Ұлытау-Кеңгір тас мүсіндерінің арасында адамның ғана емес, бүркіт құстың да бейнесі кездесетінін айтады. Домбауыл мазары мен Қаракеңгір және Сарыкеңгір өзендерінің құйылысындағы шоқылардағы 60-80 см болатын екі гранит тасқа бүркіттің тұрпаты мен табиғи қимыл-қарекеті шынайы бейнеленген. Жалпы, Қазақстанда «бүркіт» тастар сирек кездеседі. Бұл Орталық Қазақстанды мекендеген көшпелі тайпалардың тотемдік сенімінің айғағы болып табылады.

Экспедиция аясында Орталық Қазақстан ескерткіштерінің тарихи маңыздылығын айғақтайтын тас бетіне салынған суреттер – петроглифтер алғаш рет ғылыми айналысқа түсті. Осы жылдары жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының арқасында көне Сарыарқа тарихының көптеген беттері жаңадан жазылды. Бұл беттер ежелгі қазақ жерінің елеулі мәдениет орталығы болғандығын, онда ондаған қалалар орнап, мыңдаған өнер иелерінің өмір сүріп, еңбек еткендігін, олардың адамзат мәдениетіне ұялмай ұсынарлық аса бағалы материалдық және рухани байлықтар жасағанын баяндайды.

Қарқынды зерттеулер Әлкей Марғұланның 1972 жылы Ұлытау-Жезқазған өңіріне соңғы сапары кезінде  барынша іске асты. Ұлытаудың Едіге тауының беткейіндегі Амангелді атындағы кеңшардан оңтүстікке қарай 18 км қашықтықта орналасқан Айбас-Дарасы кешенінде қола заманның төрт қорғаны табылды. Қорғандардан қырыққа жуық қыш ыдыс, қолдан жасалған бұйымдар, жануарлар сүйектері табылды. Ең құнды жәдігер – салмағы 200 грамм алтын білезік. Бет жағы әшекейленген бұл білезік құрамында 86% алтын, 13% күміс, 1% мыс бар еді.

Айбас-Дарасы кешені Ұлытау даласында қола заманнның соңғы кезеңі–Беғазы-Дәндібай мәдениетінің таралу аймағының батыс шекарасына дәлме-дәл келеді.

Ғұлама ғалымның ауқымды да нәтижелі ізденістері Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіштерін зерттеумен байланысты болды. Бұл – әйгілі андрон және қарасуық мәдениетінен оқшау емес, солармен сабақтас, тағдырлас, сақтар мәдениетінің арасында дәнекерлік рөл атқарған мәдениет. Беғазы-Дәндібай іспеттес қола дәуірінің бай мәдени мұрасының Орталық Қазақстаннан табылуының дүниежүзілік ғылымда үлкен маңызы болды. Өйткені, бұған дейін әлемдік археология өркениетін тек Жерорта теңізі маңынан ғана іздеп, жер шарының басқа құрлықтарының мәдени салауаттары жерортатеңіздік мәдениеттің қиыр шеті деген түсінік қалыптасқан еді. Ал, Әлкей Марғұлан мыс пен жезге негізделген өркениет кенді аймақтарға шоғырланғанын және бұл аудандар қола мәдениетінің провинциясы емес, кіндігі, орталығы екенін айғақтады. Ғалымның 1979 жылы баспадан шыққан «Орталық Қазақстанның Беғазы-Дәндібай мәдениеті» атты еңбегінде кеңінен сипаттаған. Бұл іргелі еңбекте қола дәуірінен этно-мәдени турасында дәлел келтіріп, тұтастықтарының даму процестері егжей-тегжейлі талданған. Ұлытау-Жезқазған жерінің Айбас-Дарасы кешенімен қатар Милықұдық, Сорқұдық, Айнакөл, Кресто-Центр, Златоуст, Петро қоныстарындағы ежелгі кен орындарында жүргізілген археологиялық зерттеу қорытындылары да осы кітапта мазмұндалған. Аталған еңбекте Жезқазған кен барлау экспедициясының геология-минералогия музейінде сақталған және Жезқазған тарихи-археологиялық музей қорындағы қола заманның кен өндірісінде қолданылған еңбек құралдары және заттай айғақтардың суреттері көрсетілген.

Геология-минералогия музейінде академик Әлкей Марғұлан 1972 жылы 28 маусымда болған екен. Осы  жылы Әлекең алғаш рет Қаныш Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия комбинатының тарихи-өндірістік мұражайында болып, оның алғашқы директоры, белгілі өлкетанушы Сүтемген Бүкіровпен танысады. Жыл өте келе бұл таныстық академиктің өмірінің соңғы уақытына дейін созылған ұзақ шығармашылық байланысқа ұштасты. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының осы музейге ғалым ағамыз Ұлытаудың Арғанаты тауынан табылған «адам» тас мүсінін, құланның бейнесі бар тастағы таңбаны және құлпытасты құнды жәдігер ретінде тарту еткені мәлім.

Әлекеңе байланысты Жезқазған мұражайына жинақталған құнды жәдігерлердің бірі – ол кісінің Сүтемген Бүкіровке 1972-1976 жылдары жазған хаттары.

Жоғарыда атап өтілген «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» атты монографиялық еңбекті жазу үстінде Ә.Марғұлан С.Бүкіровтен кітапқа қажетті мәліметтерді алып отырған.

Оған 1974 жылы 30 қыркүйекте жазған хатында Әлкей Хақанұлы кішкене мүсін тастың негативін беріп жіберуін өтіне келе: «Ұлытаудың Едіге шыңының басында тұрған Едіге обасын қазып көрсек жақсы болар еді. Онда Самарқандағы Темірдің жазулары сияқты көп жазулар жату керек. Әзірше күш-қуат бар кезінде істелсе дұрыс болар еді» дейді.

Қазіргі таңда зерттеуші мамандар академик Әлкей Марғұланның салып кеткен сара да дара жолымен тылсым тарихымыздың жұмбақ сырларын шешуге ат салысуда. Еліміздің ертеңі үшін аянбай тер төккен әрбір тұлға мадақтауға, дәріптеуге лайық. Мұны елін сүйген патриот, халқының біртуар адал ұлдарының бірі Ә.Марғұланға деген шынайы сүйіспеншіліктің белгісі деп түсіну керек.

 

 

Ғалия АҚПАНБЕКОВА,

ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері

Шолпан ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің әдіскері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button