Жаңалықтар

ДАНАМЕН ДИДАРЛАСУ

Ұлтымыздың абыз ағаларының бірі, академик Мырзатай Жолдасбековтің 75 жасқа толуын Астана жұртшылығы мен зиялы қауымы 27 мамыр күні Елордадағы Күләш Бәйсейітова атындағы опера және балет театрында кеңінен атап өткелі отыр.

Бұл қуанышты тек қазақтың ғана емес, бүкіл түркі әлемі мен руханиятының да мерекесі десек, орынды. Жақында осынау асыл тұлғамызбен Астанадағы есіле аққан ерке Есіл өзенінің жағасындағы өз шаңырағында жүздестік.

«Қазақтың ел болып, уығын шанышқалы шын тарихы жазылмаған ғой. Әр дәуірде ұлы жазирамызға келіп кеткен саяхатшылар мен ғұламалар байтақ даламыздың баяндарын өздерінше толғап, мемлекеттерінің мүдделеріне орайластыра шежірелеген. Қазақтың нағыз тарихы жеті қат жер астындағы алтын, күмістей ұрпақтар кәдесіне аспаған күйі қалып келді. Ел тарихының ақиқаты айтылар уақыт тәуелсіздігімізді тұғырға қондырған мына заманда ғана мүмкін болды. Осы бір қасиетті шаруаға қолым босағандай болып отырған қазіргі мезгілде бүтіндей кірісе бастаған жайым бар»,–деп ақтарылды асыл ағамыз.

Таңмен таласа тұрса керек, Мырзағамыздың жазу үстелі ақ көгершіндердей аппақ-аппақ қағаздарға толып қалыпты. Ашық терезе арқылы Есіл өзенінен ескен самалмен желпінгендей, талпынып ұшпақшы болғандай, қанаттарын қағып-қағып қояды періште парақтар…

– Мырза-аға! Ұлт ретінде қалыптасып болдық па? Ұлы Абай айтқан кемшіліктерімізден арыла алдық па? – дейміз, ағамыздың шаршаулы дидарына қарап.

– Мен Абайды балалық шағымнан, мектептен бастап оқып, университетте зерделеген адаммын. Өмір бойына осынау ұлы кемеңгеріміздің ойларын жадыма түйіп келем. Не деген тұңғиық, не деген мұхиттай шалқарлық десеңші…

Абайды көктемде оқысаң көктемді, жазда оқысаң жазды, күзде оқысаң күзді, қыста оқысаң қысты көресің.

Көкірек көзіңмен, ақыл, санаңмен бар сұлулықтарына қанасың. Өмірдің, тіршіліктің қадіріне жеткендей, оны бағалағандай боласың. Және бір кереметі, Абай оқыған адамның жасына қарай жаңа бір қырынан, дәл сол жасқа ғана тән сырларымен ашылып отырады. Сондықтан, Абайды ғұмыр бойына оқи беру, айтқандарын зердеге тоқи беру керек. Сөйтсек қана, адаспаймыз! Әлгі сауалыңа айтарым, жоқ әлі, арылып болғанымыз жоқ, Абай айтқан бойдағы кемшіліктерімізден… Жарықтық, өз ұлтына шын жаны ашыған соң, батырып-батырып, ештеңені де жасырмай айтқан ғой…

Біздер, бүгінгі ұрпақ өкілдері бір бірімізге деген жанашырлықтан, мейірім мен шапағаттан айырылып барамыз. Абай біз секілді университетте оқымаған. Сөйте отыра, Шыңғыстаудың биігінен бүкіл әлемге көз салған, адамзаттық асыл мұраттарды айтқан. Егер бүгін ғайыптың құдіретімен Абай ортамызға оралса, қалай налыр еді..

Биліктің басында отырған азаматтарымыздың арасында ұлттың қамынан гөрі, қара басының бақуаттылығын қамдайтындар көбейіп барады. Шет елдерден жеткендер Қазақстанға жаны ашымайды, олар үлкен қазаннан қасықтап, ожаулап өз пайдасын алып қалу мақсатымен ғана келгендер. Ал, өз ұлтының қазынасын қымқырып, шекара асып, қазақтың байлығын өзге мемлекеттердің өркеніне қосып жүргендерді ұлтына жатбауыр туғандар

демеске лажың жоқ.

Қазақты қазақ қана арқасынан қағып, қазаққа қазақ қана жақсылық жасай алады. Ал, қазақты қазақ қолдамаса, қорғамаса, Абай айтқандай «бірін бірі дос көрмесе, істің бәрі бос» болмақ.

– Мырза-аға! Өмір жолыңызда кездескен, жалғыз сізге ғана емес, айналасына да шапағаттары молынан тиген, өзіңізге үлгі болған асыл ағаларыңыз жайында да көп

жазып жүрсіз ғой…

– Бірде кеңсемде отыр едім, телефон шылдырлады. Иманғали Тасмағамбетов інім екен. Келіп кетуімді өтінді. Барсам, алдына газетті жайып тастап, мақала оқып отыр. «Мырза-аға. Қазақтың ұлтқа жөн айтып, бағыт сілтейді деген зиялылары бір бірімен жаға жыртысып, айтысып жатыр. Сіз болсаңыз, кешегі өткен асыл ағаларыңызды, ұлы ұстаздарыңызды сағынып, аңсап, солардың

өнегелерін оқырмандарға ұсынудан жалықпай келесіз. Сол жазғандарыңыздың өзі бір кітап болған шығар»,– деді маған. Содан Иманғали Нұрғалиұлы асыл ағаларым жайында жазғандарымды үш күннің ішінде жеке кітап етіп шығарып берді.

Білсең, мен негізі эссе жанрын қолайлы көретін адаммын.

Сонау жылдары Абай жайындағы жазғандарымды Әбеңе

– Әбдіжәміл Нұрпейісовке ұсынғаным бар. «Ұлы Абай жайында Мұхтар Әуезовтен бастап, жазбағанымыз жоқ. Абай туралы нендей жаңалық жаза алдым дейсің» дегендей Әбдіжәміл ағамыз қолына ұстатқан жазбамды селсоқтау қалыппен қалтасына сала салды. Арада апта өткенде, бір күні Әбең телефон соғып тұр… «Әй, Мырзатай! Сен эссе жанрының айтулы болар шебері екенсің! Абайдың біз ашпаған қырларын соншалықты тама- ша жазыпсың», – деді… Содан эссе жанрына қалам тартып келе жатырмын. Жаңағы асыл ағаларым жайындағылардың

бәрі эсселер ғой …

– Мырза-аға! Сіздің кітапханаңыз еліміздегі ең сирек, әрі аса бай кітапхана ғой. Университеттің Отырар кітапханасындағы, Президенттік мәдениет орталығындағы кітапханаларыңызды

да көріп едік. Өз қолыңызда да аса құнды, ешкімде кездеспейтін

ғажайып басылымдар бар ғой. – Бұл жайында да ойланып жүрмін. Елші болып қызмет істеп жүргенімде де Тегеранның, өзге де әлем шаһарларының кітапханаларында болғам, қазыналарын армансыз ақтарғам. Жоғары билікте, Үкіметте және өзге де деңгейлерде басшы қызметтерде болғанымда да қолымның ұзындығын кітап жинауға, ұлтымыздың әр жерлерде шашы- лып қалған қасиетті жәдігерлерін бір жерге тоғыстыруға қаржымды аямаған жанмын. Дүние емес, мен рухани қазыналар жинаған адаммын ғой. Ұлы бабаларымыздың өзім жанымды шүберекке түйіп, жиған-тергенімді сала жүріп, Астанаға қыруар бейнетпен алғызған екі шапанын да ойлай берем. Менің көзім тайса, күте алар ма екен, қасиетін кетіріп алмас па екен, сарттағылар деп көп алаңдаймын. Өзің оқып жүрген шығарсың. Мен қазақтың ұлы ақыны Әбділдә Тәжібаевпен де көп араластым, жақын іні болдым ғой. Сол Әбең айтатын. Жамбылды Мәскеуге он күндікке апармақ болғанда, қазакемдер орталыққа арызды қарша боратады ғой. «Жамбыл деген ақын жоқ. Қолдан жасалған» деп.

Содан Әуезов Мұхтарға Мәскеуден Леонид Соболев ха- барласады. «Жамбыл деген ақын бар ма?» – деп. Мұхаң «бар» дейді. Содан Соболев екеуі Жамбыл ақынға келіп, сол күні қайтамын деген Соболев, ұлы шайырдың жырын тыңдап, үш күн жатады. «Жамбыл деген мына заманның

Гомері екен ғой!» – дейді, сонда Соболев.

Қазақтың бірін бірі бағаламайтыны, көре тұра, біле тұра қасиетін көргісі келмейтіні, реті келсе, бірін бірі сүріндіргісі келіп тұратыны бүгінде де бар. Абайдың «Қазақтың қазаққа тілеулес болмайтыны несі екен» деп күйзелетіні бар емес пе… Сол кеселден әлі арылғанымыз жоқ…

Осыны айтты да, ағамыздың нұрлы дидарын мұң шалғандай болды…

– Тойыңыз құтты болсын, аға! Тағдыр Сізге Жамбыл бабамыздың жасын берсін,–дедік асыл жанмен қоштасып тұрып.

– Cмағұл, шырақ, тойыма кел!– деді ағам!..

Смағұл Рахымбек, жазушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button