Басты ақпарат

Аттестат қанша тұрады?

Баланы айтумен емес, ісіңмен тәрбиелеу керектігін бәріміз де білеміз. Бірақ соны ұстанатындар кемде-кем. «Бабамыз батыр болған» деушілердің ұрпағында ондай қасиеттің жұрнағы болмайтын жайлар аз емес. «Атамыз жомарт болған» деп көп айтатын біреулердің өз құлқынынан аса алмайтыны да бар. Батырлықты, жомарт болуды өз өнегесімен көрсетпегенінен болар-ау деген ой келеді кейде.

 

 Біз көргенімізді істейтін халықпыз ғой. Біреу ұлан-асыр той жасаса, сондай той жасауымыз керек. Қарызға батса да, кредит алса да жасау керек. «Менің қай жерім кем?» деген уәж айтылады ондайда. Ал шашылып той жасаудың қарыз алған адамды құлдыққа түсіретін, рухани тұрғыдан аздыратын, ұрпаққа өнеге болмайтын әдет екенін ескере бермейді.
«Ысырапшылдыққа мемлекеттік деңгейде тосқауыл қоюымыз қажет» деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына барған сапарында.
Естеріңізде бар болса, бұл тақырыпты Қасым-Жомарт Кемелұлы бірінші рет көтеріп отырған жоқ. Оның «тойларға деген көзқарасымызды өзгертіп, оларды жаңа үлгіде өткізу», «көзбояушылық, даңғазалық, ысырапшылдыққа белшеден батпау» туралы твиттердегі парақшасында жазған пікірі қоғамда үлкен талқылау тудырған. Себебі той – қай отбасыда да болатын қуанышты уақиға. Бірақ жұрттан қалмаймын деп тыраштанып, банкке кіріптар боп, аста-төк той жасаудың соңы кейде кісі жыларлық жағдайларға әкеп соғып жатады. Бұл – шындық.
Ең жаманы – үлкендер осы істерімен жас ұрпаққа жағымсыз тәрбие беретіні, түрлі кештер, тойлар жасау арқылы ұл-қыздарды ой қууға емес, той қууға баулып, жылтыраққа, даңғаза өмірге қызығатын жолға салатынын түсінбейді. Солардың бірі – қазір ауқымы жағынан даңғойлықтың шегіне шығып кеткен мектеп бітіру кештері.
Бұл мақаланы жазуыма Шынар Дәуренбекқызының фейсбукте жариялаған посты әсер етті. Онда Қарағанды қаласындағы қызы тәрбиеленетін балабақшадағы сәбилердің балабақшамен қоштасу іс-шарасына 40 мың теңгеден және сіңлісі оқитын мектепті бітірушілердің кешіне банкет өткізу, лимузин жалдау, мектеп директорына, сынып жетекшісіне сыйлық жасау үшін 85 мың теңгеден ақша жинау туралы айтылған.


Бұл мақалада айтылған жай бала тәрбиелеп отырған барша жанға таныс. Көбісі мектеп бітірудің осындай «шарттарын» бастан кешірген. Көнген. Балам төменшіктемесін деп ойлағандықтан. Бірақ бала өрелі болса, ондай жайлардан бас тарту арқылы төмендемейді, қайта азамат ретінде биіктей түседі. Сұрастырып білдім, жоғарыда пост жазған Шынардың сол мектепті бітіретін сіңлісі әке-шешесінің маңдай терімен тапқан ақшасын дарақылыққа жұмсамау үшін кешке қатысудан бас тартыпты. Сол қызымның ізбасарлары көп болса екен деген тілекпен қолға қалам алдым.
Балам деп өмір сүрген аналардың бірімін. Көп ата-анадан бір ерекшелігім – балаларымды тәрбиелеу барысында шамам келгенше балабақша, мектептердегі кейбір келеңсіз жайлар туралы ашық айтып, мәселе көтеріп жүрдім. Және ол мәселелердің шешілуіне атсалыстым. Ұл-қыздары менің балаларыммен бірге оқыған ата-аналар бүгінде ол жайларды ризашылықпен еске алатыны сол істерімнің дұрыстығына сенімімді арттыра түседі.
Мысалы, бұрынырақта баланы тұқыртып тәрбиелеу, мұғалімдікі дұрыс деп асыра сілтеу, басқа мектептерді білмеймін, біздің қазақ мектептерінде болды (қазір қалай екені туралы айта алмаймын). Балаларым оқыған мектептерде осы жайдың ашық талқыланып, мұндай «тәрбиенің» тұлғаның қалыптасуына қалай әсер ететіні туралы байбаламсыз ашық әңгіме болды. Ата салттарымыз бен заманауи педагогика туралы үш тарап та қажетті мағлұмат алып, нәтижесінде мектептегі ұстаздар мен шәкірттердің, педагогтар ұжымы мен ата-аналардың арасында жақсы қатынас қалыптасты.
«Ақша жинау» деген кең жайылған ауруға да қарсы шықтым. Себебі ата-аналар өзара күңкілдесіп, наразы болып жүрсе де пікірлерін ашық айтпайтын. Соның себебін түсінбеуші едім. Сөйтсем көбі «Зияным балама тиеді» деп сақтанады екен. Балам үздік оқитын. Түрлі жарыстарда мектебінің атын шығарып жүрген белсенді де беделді оқушы болғандықтан, мен ондай сезімнен азат, еңсесі биік ата-ананың бірі едім. Мәселені көтеруіме де сол себепші болды.
Парламент Сенатында қызмет ететінмін. Мектепте жалпы жиналыс болатын күні Білім министрлігінің заң департаментінің директорына кіріп, ақша жинау мәселесінің қаншалықты заңды-заңсыз екендігін нақтылап алдым әрі жиналыста ол кісіге сілтеме жасайтынымды ескерттім. Сосын жиналыста сөз алып: «Мектеп тіршілігіне жыл сайын бюджеттен қаржы бөлінеді. Ал келген-кеткен адамға шай беріп, сыйлық алу үшін ата-аналар ақша жинауға міндетті емес. Сыныптың қорына қаражат жинауға қарсы емеспін, ал басқа ойдан шығарылып, қолдан ұйымдастырылатын нәрселерге ақша бермеймін» дедім. Және солай еттім де.
Кейде ата-аналар хабарласып «Тағы ақша жинап жатырмыз, бірақ мұғалім сізге айтпауды өтінді» деп шағынатын. «Сендердікі қиындықсыз келген ақша шығар. Мен сияқты күн-түн демей жұмыс істеп тапсаңдар, босқа шашпас едіңдер» деймін оларға. Сонда олар «Бала үшін ғой…» дейтін күмілжіп. Ақыры жинайтын. Меніңше, бұл – әлі күнге дейін жазылмаған, керісінше, жыл өткен сайын өршіп бара жатқан ауру.
Солай екеніне таяуда тағы да көзім жетті. Менің айналамда жастар өте көп. Шәкірттерімнің өзі – бір қауым ел. Оған қоса қызмет ететін мекемеде де, өзім мүше болып табылатын түрлі қоғамдық ұйымдарда да жастар үйіріліп қасымда жүреді. Ақыл-кеңес сұрайды, түрлі бастамаларымен таныстырып, қолдау күтеді, сырымен бөліседі, мұңын шағады… Жасыратыны жоқ, қаражаттан қысылып қалғанда да қипақтап келіп тұрады.
Осыдан бірер күн бұрын осындай өтінішпен бір шәкіртім келді. Жалғыз баласы биыл мектеп бітіретін. Солардың мектеп бітіруін салтанатпен атап өту үшін ата-аналар 100 мың теңгеден жинамақшы екен. Мен шошып кеттім. Ол ақшаның бәрін не істейтіндерін сұрадым. Бәрі есептеулі екен: мектепке пәлен теңгелік, директорға түген теңгелік сыйлық, сынып жетекшісіне, банкетке, асабаға, фотограф пен операторға, түлектерді лимузинмен қыдыртуға… Астапыралла! Мектеп бітіру кеші емес, үйлену тойы сияқты ғой мынау. Лимузині несі? Бас-басына сыйлығы несі? Мұндайды кім шығарып жүр екен?
Шәкіртіме Білім министрлігіне хабарлаймын деп едім, «балама күн көрсетпейді ғой» деп жыларман болды. Сөзінің жаны бар. Расында да, мектептегі сорақылықтар, оқушылардың қатыгездігі туралы бүкіл желі шулап жатқан жоқ па?
Ал енді мұндай дарақылықты қалай тоқтатуға болады? Жалғыз-жарым ата-ананың қолынан келмейтіні белгілі. Тек қоғам боп қарсы тұрсақ қана еңсеруге болатын, жыл өткен сайын өршіп келе жатқан кесел. Біз мектеп бітіргенде де оның ұшқындары болған. 90-жылдардың бас кезіндегі экономикалық жағдай сәл бәсеңсіткенімен, 2000 жылдардан бастап мектеп бітіру кезінде осындай жөнсіз жарысу белең ала бастады. Ал қазіргі жағдайды өздеріңіз де білесіздер.
Өткен жылдар адамдардың ақылын кемелдендіріп, жан дүниесін рухани байытып, соның нәтижесі ұрпақ тәрбиесінде жақсы үрдістердің қалыптасуына ықпал етеді деп үміттенеміз ғой. Ал ата-аналар мен қазақ мектептерінің қазіргі тірліктеріне қарасаң, мектеп бітіру кешін асаба жалдап, ең қымбат мейрамханаларда тойлап, түлектерді лимузинмен қыдыртып, мектеп директоры мен мұғалімдерге қымбат сыйлық табыс етіп, балаларды жылтыраққа, у-ду өмірге бейімдеп, мақтаншақтық пен дарақылыққа, ысырапшылдық пен даңғазалыққа үйретіп жатқандай…
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың киелі Түркістан жерінде ысырапшылдық мәселесін тағы ауызға алуы ел ішінде жайылып бара жатқан осынау жаман әдеттің ауқымы артып бара жатқанына алаңдаушылықтан туындаған деген ойдамын. Жас ұрпаққа осы бағытта дұрыс тәрбие беруде Мемлекет басшысының пікірінен Білім министрлігі қорытынды шығаруына, сөйтіп тиісті пәрмен қабылдауына көп жай байланысты.
Мақала басында сілтеме жасалған постта Қарағанды қаласындағы мектеп бітіру кеші туралы айтылған еді. Мен сұрастырып жүріп, Астанадағы бірнеше қазақ мектебіндегі дайындық одан асып түсетінін естідім.
Айтқандай, үлкендер осы істерімен жас ұрпаққа жағымсыз тәрбие беретіні, түрлі кештер, тойлар жасау арқылы даңғойлыққа тәрбиелейтініне мысал келтіре кетейік. Қарағандылық мектеп бітірушілер ата-аналарына қаладағы ең қымбат мейрамхана – «Аристадан» басқа жерге бармайтындарын мәлімдепті.
Ал бұған не дейсіздер?

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
жазушы,филология

ғылымдарының кандидаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button