Руханият

Даңғыр-дұңғыр музыка мезі етті…

Қазір таң атады, күн батады, адамдар әлденеге асығыс, жанығады да жүреді. Қаланың даңғыр-дұңғырынан, у-шуынан шаршаған кезде классикалық музыка немесе дәстүрлі өнердің тамылжыған әндерін тыңдағың келетіні рас. Кейде тіпті оқшауланып, жан тыныштығын іздегің келеді. Ал елордада кез келген сауда үйіне кіре қалсаңыз, шетелдің даңғыр­лаған музыкасынан төбе құйқаң шымырлайды.

Мысалы, елордадағы халық көп баратын көпшілік орын, Орда пішінді орталық, қаладағы ірі ойын-сауық және сауда-саттық орталығы – «Хан Шатыр» әлемдегі он эко-ғимараттардың қатарында болғанымен, ішіне кірсең, даңғырлаған музыка есіңді тандырады.

Көпшілік тамақтандыру орындарына, мейрамханаларға барсаң да осы проблема алдыңнан шығады. Әсіресе, тойға барған үлкен кісілер қуанып қайтудың орнына тарс-тұрс музыкадан басы ауырып, қан қысымы көтеріліп қайтады екен. Редакциямызға келген астаналық тұрғын Жамал Қасымбекова апай осы мәселені көтеруімізді сұрады.

– Бір жағы шаруамен, бір жағынан немерелермен «Хан шатырға» бара қалсаң, даңғыр­лаған музыкадан миың айналып, не алып, не қойғаныңды, не істеріңді білмей үйге асығатының рас. Тойда да солай. Қатты музыкадан миың айналып шығады, – дейді ол.

– Тойдан қайтып келем. Қазақтың тойы ырду-дырду, даңғыр-дұңғыр музыка, ұзын-сонар тост айту ғой. Бүгін біраз елге ән шыр­қатайын деп, домбыраммен халық әндерінен попурри айттым. Арасында халық әні «Сәулем-ай» да бар еді. Мына кішкентай балапанның артынан келіп, «Сәулем-айды» шыр­қап бергеніне әбден риза болдым. Өзі менің Мұхитайыммен жасты екен, небәрі 4 жаста. Болашақта жұлдыз болайын деп тұр, бұйырса! – дейді дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова әлеужеліде.

Даңғырлаған музыка, көзбояу­шылық, бос сөз, жөнсіз мақтау, қазақтың тойы тәрбиелік мәнінен айы­рылып, бақталастық пен бәсекелес­тіктің, ысырапшылдық пен бекер мал шашудың көрінісіне айналғандай.

Ал көпшілік орындарындағы, әсіресе мейрамханалардағы даңғыр-даңғұр музыка, у-шу, жағымсыз дыбыстар, тойда да әуенді тым асыра қоюды шектеу өз қолымызда. Өйткені бүкіл әлем minimalism-ге басымдық беруде, яғни қарапайым, бірақ заманауи трендтерге көшіп жатыр. Біз де көштен қалмай, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, жақсы өмірге ұмтылғанымыз жөн-ау деген ой келеді. Әуелі сана өзгермей, тұрмыстағы түйткілдер де өзгере қоюы қиын. Осыны ескерсек екен.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button