Мәдениет

Даңқты батырды дәріптеді

Астана қаласы Тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету орталығының маман-әдіскері Айымгүл Жұмабаева әскери қолбасшы, генерал-майор, Кеңес Одағының Батыры Иван Панфиловтың туғанына 130 жыл толуына орай «Ұлы ерлік – ұрпаққа үлгі» тақырыбымен Сервис және туризм колледжінің студенттеріне дәріс оқыды.

Иван Панфилов Ұлы Отан соғысы басталған алғашқы күндері, 1941 жылғы маусымда Алматыда 316-атқыштар дивизиясын құрды. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы осы дивизияның батальон командирі болды. Дәл осы дивизия 1941 жылдың қазан-қараша айларында Мәскеу түбінде, Волоколамск бағытында жаумен шайқасып, фашистерді тойтарды. Ал Панфиловтың өзі шайқаста қаза болды. Мәскеудегі «Новодевичий» зиратында жерленді. 1942 жылы сәуірде Панфиловқа қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Генерал қаза болған Гусенево ауылында ескерткіш орнатылды. Оның есімі Қазақстанның, Қыр­ғызстанның, Беларусьтің және Ресейдің әртүрлі қалаларындағы көше мен мектеп атауларына берілді. Астанада да Иван Панфилов көшесі бар. Қазақстанда Жетісу облысының құрамында және Қырғызстанда Шу облысында Панфилов ауданы бар.

Иван Панфилов ескерткіші Бішкекте тұрғызылды. Астанадағы «Жерұйық» саябағында да 2015 жылдың 7 мамырында Жеңістің 70 жылдығына орай қоладан құйылған ескерткіші ашылды. Оның биіктігі – 2,5 метр. Авторы – Ренат Әбенов. Ескерткіштің шығыс жағында аллеяның бойында табиғи граниттен 28 жауынгер-панфиловшының аттары, туған жылдары мен қаза тапқан күндері жазылған ескерткіш-тақта мен стелла орнатылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button