Тағзым

Даңқты дивизия

Биыл Ленинград қаласының (қазіргі Санкт-Петербург) қоршаудан азат етілгеніне 75 жыл толды. Сонау сұрапыл жылдары шаһар тұрғындары 900 күн мен түн жаумен арпалысып, түрлі қиындықты көрді. Қала қоршауда болған кезде бір жарым миллиондай адам қаза тауып, оның көп бөлігі аштықтан көз жұмды. Екінші дүниежүзілік соғыстағы ең ұзаққа созылған бұл шайқас «Ленинград блокадасы» деген атпен тарихта қалды. Сол қиыншылық жылдары Жамбыл бабамыз ауыр азапты бастан кешіп жатқан тұрғындар мен жауынгерлерге «Ленинградтық өренім!» деген жырын арнап, олардың рухын көтерді. Қиын-қыстау кезде қазақ ақынының жүрегінен шыққан шынайы өлең достықтың ұранына айналып, халықтың еңсесін тіктеді.

Осы тарихи қаланы қорғауға қазақстандықтар да аз үлес қосқан жоқ. Отанымыздан майданға аттанған мыңдаған жауынгерлер Ленинград түбінде жанқиярлықпен шайқасты. Қиындықтан елдің белі қайысқан кезде мұздай қаруланған жауға қарсы табанды күш көрсету үшін елімізде жасақталған 310 және 314-атқыштар дивизиясы көмекке келді.
Ендігі сөз бүгінгі бас қала, бұ­рынғы Ақмолада жасақталған 310-атқыштар дивизиясы туралы айтсақ дейміз. Бұл дивизия 1941 жылдың шілдесінде жасақталып, қысқа мерзімде дайындықтан өтеді. Оған Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарының тұрғындары алынды. Дивизия құрамының 40 пайызын қазақтар құрады. Оның командирлері мен саяси қызметкерлері бұрын әскери салада қызмет істеп ысылған, тәжірибелі мамандардан тағайындалды. Дәлірек айтқанда, дивизия командирі – полковник Н.Замировский, комиссар – полковник С.Шаманин, штаб бастығы полковник М.Кружков болды. Жаңа жасақталған дивизияның кіші командалық құрамы Алматы мен Ташкенттің әскери училищелерін бітірген жас командирлерден тұрды.
Тарихи деректерде 310-атқыштар дивизиясы туралы біраз мәлімет бар. Біз оларды түгел баяндамай, негізгі шешуші шайқастарды ғана айтуды жөн көрдік. Сол соғыс басталған жылдың тамыз айының соңына таман дивизия Ленинград түбіндегі Тихвин стансасына келіп тоқтайды. Бұл кезде жау қоршауында қалған қаланың жағдайы мүшкіл еді. Өйткені фашистер шаһарға жақын стансаларды басып алып, қоршау шеңберін тарылта түсті. Олар қыс түскенше Ладога көліне жетіп, солтүстіктен келе жатқан фин әскерімен қосылуды көздеді. Бірақ неміс басқыншыларының бұл ойы іске аспады. Соғыс кезінде Ладога көлі «өмір жолы» аталды. Өйткені осы жолмен қалаға қажетті азық-түлік пен қару-жарақ тасымалданды. Біз сөз етіп отырған дивизия осы жолды жаудан табандылықпен қорғады.
Осындай қысылтаяң шақта дивизияға жаудың әскерін тоқтату туралы бұйрық берілді. Дивизия жауынгерлері бірден шабуылға шығып, үш күндік ауыр ұрыстардың нәтижесінде 10 шақырым алға жылжып, Торфяник селосы мен Синявино көлін және Мга стансасынан 5 шақырым №7 жұмысшы поселкесін азат етті. Жау әскері біраз шығынға ұшырап, кері шегінді. Осы ұрыста дивизия жауынгерлері бірнеше фашисті қолға түсіріп, олардан танк, көлік, қару-жарақтар олжалайды. Алғашқы сынақтан сүрінбей өткен жауынгерлердің рухы көтеріліп, майданға қылыштай қайрала түсті. Енді дивизия жау бекінісі мықтап орнаған ең бір қиын нүкте – Гайтолово селосына шабуыл жасап, қиындықпен оны толықтай фашистерден тазартады. Бұл жерде де ондаған адамды тұтқындап, 4 танкі, 3 автомашина, 3 зеңбірек, 20 қол және станколық пулеметтер, 4 миномет және көптеген қару-жарақты қолға түсірді. Осы селоны алуда көрсеткен ерлігі үшін Ленинград майданының әскери кеңесі дивизияға алғыс жариялады.
1941 жылы 21 қазанда дивизия жауынгерлері Гонтовая Липка үшін кескілескен ұрыс жасап, елді мекенді басып алды. Осы туралы 26 қазанда Совинформбюро «Ленинград майданы учаскелерінің бірінде подполковник Милкадзе және майор М.Михайловтың бөлімшелері өте маңызды пункті алып, көп әскери мүлікке ие болды» деп хабарлайды. Бұл әскери бөлімшелер аталған дивизияның құрамындағы Милкадзе командирлік ететін 666-полк және Михайлов командирлік ететін 1084-полк болатын.
1944 жылы қаңтарда төрт жылға жуық қоршауда қалған Ленинград жаудан толық азат етілді. Қоршау­ды бұзуға жан аямай күрескен 310-атқыштар дивизиясы ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Дивизия құрамындағы 574 жауынгер ержүректігі үшін орден, медальдармен марапатталды.
Одан кейін дивизия Новгород және Псков облыстарын фашистерден тазартуға белсенді қатысты. 1944 жылы Новгородты алу кезінде дивизия қалаға алғаш болып кірді. Сол үшін оған «Новгородтық» атақ берілді. Дәл осы жылы дивизия «Қызыл Ту» және «Ленин» орденімен наградталды. Енді дивизия жауынгерлері батысқа қарай жауды түре қуып, Польшаны неміс әскерінен азат етіп, Шығыс Померан, Берлин әскери тобын талқандауға қатысып, Эльбаға дейін барып, жеңісті Германия жерінде қарсы алды. Соғыс жылдарында дивизияның қаһармандығы құрметіне алты рет Мәскеуде салют берілді.
Осылай Екінші дүниежүзілік соғыс шежіресінде 310-атқыштар дивизиясы өз тарихын өшпестей етіп қалдырды. Дивизия құрамында қазақтың ержүрек ұлдары шайқасты. Соның бірі осы өңірде туған, 21 жасында Кеңес Одағының Батыры атанған еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов болды.
Қорыта келгенде, Ақмоладан аттанған атақты 310-атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерлігі ел жадынан өшпей, жыл өткен сайын жаңғыра береді деп ойлаймыз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button