Басты ақпаратМәдениет

Даниярдың әні

Көрнекті композитор, музыка зерттеушісі, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановтың қырғыз классигі Шыңғыс Айтматовтың шығармалары әсерімен жазылған бірнеше әні бары белгілі. Соның бірі – «Даниярдың әні». Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Халық әні» бөлімінің әншісі Данияр Мұқанды тыңдағанда, осы ән еріксіз еске түседі. Астаналық әнші киелі қара домбыраның сүйемелдеуімен дәстүрлі әндерді майын тамыза орындайды.

Ол Ақмола облысының Қорғалжын ауданы Өркендеу ауылында туған. Домбыраға қызы­ғушылығы ерте оянып, өнерге жақын болып өседі. Қорғалжын – қазақ даласындағы ән қонған мекен, ақын Құлтума, қазақтың белгілі композиторы Кенжебек Күмісбеков, Мәриям Жагорқызы, күміс көмей әнші Рабиға Есімжанова – осы өңірдің тумалары. Әнші өскен ауылда екінің бірі домбырада еркін ойнайтын. Оның бала кезінен домбырамен дос болуына осы себепкер болыпты.

Данияр Мұқан орта мектеп бітірген соң, 1995 жылы Ақмола музыкалық училищесіне түсіп, «домбырамен ән салу» бөлімінде Ербол Сариннен сабақ алады. Үш жылдан соң Қазақ ұлттық музыка академиясына ауысады. Осы оқу орны кейіннен Қазақ ұлттық өнер университеті болып қайта аталды. Білімін сондағы «Домбыра» бөлімінде жалғастырып, күйші Абылғазы Ахмадиевтің шәкірті болды.

Дәстүрлі әншінің бойында тұнып тұрған талантын толықтыратын өнері ауыз толтырып айтарлықтай: бірнеше музыкалық аспапта ойнай алады, әншілер арасында оркестр құрамында аспапта ойнаған жалғыз әнші болды. 2005 жылы астаналық филармонияға алғаш келген кезінде дәстүрлі әнші орны жоқ болатын. Десе де, оркестр құрамында жетіспеген аспаптарда еркін ойнап, бір айдың ішінде жетігенді толық меңгеріп алған.

Көп ұзамай, жетігенші табылып, Данияр Мұқан өз еркімен филармониядан кетуге шешім қабылдады. Бірақ екі жыл өткен соң, тағдырдың айдауымен, екіншіден, «Ақжауын» ансамблінің дирижері Қарасай Сайжановтың кеңесімен өнерге қайта жақындай түседі. Ансамбльде бас домбырашы болып өнер көрсетіп жүрген жылдың күзінде филармонияда дәстүрлі әншілерді қабылдау үшін конкурс жүріп жатады. Конкурсқа қатысып, концерттік бөлімде дәстүрлі әнді орындаушы қызметіне орналасады. Дәл осы жылы Алматы филармониясында 20 жыл жұмыс істеген Сәкен Сыздықов­пен ақылдасып, «Халық әні» бөлімін ашқан.

– Кейде шабыт келгенде өлең шығарып тұрамын. Осындай өлеңдерім жазылған қойындәптерімді досымның тауып алып, оқып қойғаны бар. Содан бері жазғандарымды өртеп тастайтын болдым. Ал кей кезде айтыскер ақындармен отырған сәтте домбырамен «әу» деп жіберетінім бар, – деп естеліктерімен бөлісті әнші.

Дәстүрлі әнші студент шағынан халықаралық конкурстардың лауреаты атанған. 2008 жылы «Шабыт» фестивалінде бас жүлдені қанжығалап, Әміре Қашаубаев атындағы байқауда, Уфадағы дәстүрлі және эстрада әншілері арасында өткен фестивальде жүлделі орындарға ие болған. Ал 2011 жылы Қытайда, Түркияда өткен өнер фес­тивальдерінде, 2012-2013 жылдары Францияның Париж қаласында өнер көрсеткен.

Дәстүрлі әншілікпен қатар Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық етіп жүрген Данияр Мұқан «Мен шәкірт тәрбиеледім деп айта алмаймын. Әлі күнге дейін өзім шәкірт болуға тырысып келемін, сабақ алатын ұстаздарым да көп. Кез келген әншінің өзінің кемелдену шағы болады. Кемелдену – өнерді толық түсіну, кейбір әндерді орындау үшін адамның жасы да маңызды болады. Осыған жету үшін шәкірт ретінде талай ұстаздан әлі де үйренерім көп» дейді.

– Ұлттық болмысымызды дәріптеу үшін жаңашылдықтарды енгізу керек. Мысалы, Ақан Серінің жарыққа шықпай қалған әндерін халық алдында орындау, күрескер ақын, халық композиторы Иманжүсіп Құтпанұлының әндеріндегі жоғалған ноталарын қалпына келтіру арқылы қазақтың дәстүрлі әндерін көбейте аламыз. Бұған дейін Біржан сал мен Ақан серіге ұстаздық еткен Құлтума ақынның 16 әнінің толық нотасы жаңарып, тыңдарманға жол тартты. Олар Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» музыкалық-этнографиялық жинағынан алынған. Десе де, әлі де зерттеуді қажет ететін, құпиясы ашыла қоймаған әндер көп, – дейді әнші.

Алдағы уақытта осыларды зерттеймін деген жоспары бар екенін де әңгіме барысында айтып өтті. Сонымен қатар, «Дудар-ай» әнінің авторы Үлебай Әнетұлының суретін анасынан алып, сақтап жүргенін сөзге тиек етті. Ақынның төрт өлеңі Қайрат Байбосыновтың «Cыр сандық» атты кітабына ноталарымен енген екен. Олар – «Әзиза», «Нұржәмила», «Сайтантұры», «Дудар-ай».

Өзі қайда жүрсе де, домбырасын жанынан тастамайтын ұлттық өнерді дәріптеуші Данияр Мұқан Қалтай Мұхамеджановтың «Өнердің досы –құштарлық, жауы – іштарлық» деген сөзін өмірлік ұстаным етіп алған.

Әнді орындау кезінде әр әншінің өз құпиясы болады, яғни дауысты реттеу технологияларын өзінше меңгеру. Бұл тума талантты әншілер мен биікке еңбекпен жеткен әншілер арасында айырмашылықты көрсетеді екен. Дауыспен жұмыс істеуді жетік меңгерген әншілер бір уақытта 30-40 әнді еркін орындай алады. Ал тума таланты болып, дауыс технологияларының арнайы жаттығуымен шұғылданбағандардың өнердегі жұлдызы жануы екі талай.

Данияр Мұқан 2021 жылы Домбырашылар одағына мүше болып, 2022 жылы «Мәдениет саласының үздігі» атағымен марапатталды. Алдағы 18 ақпанда филармония сахнасында Ақан серінің кең таралмаған және әлі халыққа жетпеген әндерін, термелерін жарыққа шығару мақсатында концерт ұйымдастырылып, халық алдында өнер саңлақтары өз өнерлерін көрсететін болады. Оған Данияр әнші де қатысады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button