Дара әншiнi дәрiптедi
Кеше елордада қазақ өнерiнiң қайталанбас тұлғасы – Күләш Байсейiтованың 100 жылдық мерейтойына арналған тағылымды кеш өттi.
Бұлбұл дауысты дарын иесi дала үнiн классика деңгейiне көтерiп, әлемдiк мәдениет есiгiн еркiн ашқандардың алғашқы сапында болды. Бар-жоғы жиырма төрт жасында Кеңес одағының халық әртiсi атанған әншi ғажайып қабiлет-қарымымен қазақтың жұлдызын жарқыратып кеттi.
Салтанатты жиын шымылдығы: «Ұлттық опера өнерiнiң қалыптасу тарихында есiмi алтын әрiптермен жазылған, халқымыздың бiртуар перзентiне арналған кеш – елдiң мәдени-рухани өмiрiндегi елеулi оқиға. Халық жүрегiнде әлдиленген Күләш Байсейiтова әлемдiк өнердiң шыңына еркiн шығып, елдiк бейнемiздi асқақтатып кеттi. Ол сомдаған Қыз Жiбектiң көркем бейнесi ұлттық музыка өнерiнiң мақтанышы болып қала бермек. Қысқа ғұмырында ұрпаққа өшпес мұра қалдырған дара тұлғаның өнерiне тағзым ете отырып, оны насихаттауға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетiлiп отыр», – деген Қазақстан Республикасының Мәдениет министрi Дархан Мыңбайдың құттықтау сөзiмен ашылды.
Күләш Байсейiтова қаз басқан қазақ сахна өнерiнiң шын мәнiнде тiрек тұлғасына, ұйытқысына айналды. Аз уақыт аясында Е.Брусиловскийдiң «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Алтын астық», А.Зильбердiң «Бекет», А.Жұбанов пен Л.Хамидидiң «Абай», М.Төлебаевтың «Бiржан-Сара», Д.Ж.Пуччинидiң «Чио-Чио-Сан» сияқты операларында басты вокалдық партияларды орындады. Әншiнiң болмысы өнерде сирек кездесетiн колоратуралық сопрано дауысымен ерекшеленiп тұратын. Сондықтан, Е.Брусиловский қазақтың тұңғыш «Қыз Жiбек» операсын Күләш Байсейiтоваға арнап жазған едi.
Кеш барысында елордадағы Ұлттық мұрағатқа қойылған 1000-нан астам құжаттың 180-ге тартасы көрерменге ұсынылды. Шағын көрмеге Күләш Байсейiтованың өмiрiнен сыр шертетiн жеке құжаттары, суреттерi мен құнды жәдiгерлерi, әшекей бұйымдары қойылған. Бұлардың бiразы бұған дейiн апамыздың қыздары Қарлығаш пен Раушан Байсейiтовалардың қолдарында сақталған екен.
Кештiң соңы концертке ұласып, әншiнi ардақтап, құрмет көрсеткен iзбасарлары, бүгiнгi қазақ операсының тарландары – КСРО халық әртiсi Әлiбек Дiнiшев, Қазақстан Республикасының халық әртiсi Нұржамал Үсенбаева бастаған бiр топ сахна саңлақтары өнер көрсеттi.
Серiкгүл СҰЛТАНҚАЖЫ