Мәдениет

Дарабозды дәріптеді

Астанада жаугершілік заманда қазақ әскерінің бас қолбасшысы болған Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналған «Дарабоз» атты рухани-танымдық кеш өтті. Қорғаныс министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған жобаның авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы, кеңесшісі – тарихшы, журналист, елорда іргесіндегі Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы Камал Әбдірахман.

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев құттықтау хат жолдады. Оны кеңесшісі Бибігүл Жексенбай оқып берді.

– Әйгілі қолбасшы, жаугершілік заманда ел үшін егесіп өткен ержүрек, ұлт тарихындағы ең ұлы тұлғалардың бірі Қаракерей Қабанбайдың туғанына 330 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Қабанбай бабамыз – қазақ дейтін халықтың бүгінгідей азат ел атану үшін от пен суға қатар түскен батыр. Ол тек батыр ғана емес, сонымен бірге соғыс қимылдарын еркін меңгерген мықты стратег, жекпе-жектің шебері, нағыз әскербасы болғанын шежіремізде жазылған. Жерін жаудан азат ету үшін алпыс жыл бойы аттан түспеген бабамыз ұлтының тұтас, бүтін мемлекет болуын көкседі. Осы жолда халқының басын біріктіруді көздеген Абылай ханмен тізе қосып, күш біріктіргені де тарихтан мәлім. Бұл Қабанбай батырдың қайраткерлік деңгейін көрсететін қадам екені даусыз.

Қазіргі таңда осындай тарихи тұлғаларымыздың өнегелі өмірін дәріптеп, олардың ерліктерін жас буынның бойына сіңірудің маңызы аса зор. Бұл халықтың тарихи санасын жаңғырту және ұлттық кодымызды сақтау үшін аса қажет. Елінің ертеңі үшін басын бәйгеге тіккен батыр бабалардың рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз. Бұл ретте бүгінгі кеш айрықша мәнге ие, – делінген Сенат төрағасының құттықтауында.

Қабанбай батырды Дарабоз деп Абылай хан атап кетті. Мәшһүр Жүсіп «Қазақта Қара­керей Қабанбайдай батыр болған емес, болмайды да» деген екен. Қабанбайдың өмірі мен ерлігін Бұқар жырау, Ақтамберді Сарыұлы, Үмбетей жырау, Дулат Бабатайұлы, басқа да ақын-жыраулар жырлаған. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында баһадүр бабамыз жайлы он сегіз дастан сақталған. Соның бірінен үзіндіні кеште Арайлым Рахымқызы жырлады.

Күйші-композитор, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбек «Дарабоз» атты күйін, Мәдениет саласының үздігі Айбек Бекбосын «Хан батыр – Қабанбай» атты шығармасын шалқытты. Халықаралық байқаулардың лауреаты Сәулежан Тағзия белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлының өлеңіне жазылған Оралхан Сәдуақасовтың «Қаракерей Қабанбай батыр» әнін әуелетті.

Жыр және әндермен, бимен көркемделген кеш Қорғаныс министрлігінің эстрадалық-симфониялық оркестрі мен Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» этноансамблінің сүйе­мелдеуімен өтті. Онда Ұлттық ұланның ән-би ансамблі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Еділ Құсайынов, Ұлықпан Жолдасов, Айгүл Қосанова, Ардақ Балажанова, Светлана Айтбаева, Клара Төленбаева, Алтынай Жорабаева, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Нұрбол Балапанов пен Ақбота Құснадин, халықаралық байқаулардың лауреаттары Парасат Отан, Сәкен Әлімхан, Бауыржан Тұрғымбаев, Әйгерім Ораз, Ғайни Жұмашева, Әкімхан Маженов, Фируза Рахметова, Нұрсәт Алмас, Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблі солистері Дәурен Төлеубаев, Ермек Берімжанов, Алтынай Хабдесова, Эльдана Габерман өнер көрсетті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button