Әлеумет

Дарақылықты тоқтату керек

Өмір бар жерде қаза бар, қайғы бар дегендей, бұл – шындық. Естіген сәтте, әрине, жүрегіміз дір етіп, толқып кетеміз. Бата жасап, көңіл айту міндет десек те, қарап отырсам, өлудің өзі қорқынышты болып кетті.

Неге біз 2000-10000 теңге бата жасадық деп қонақасынан, қырқынан, жылынан қалмауымыз керек? Неге біз жалақтап мешіт болсын, мейрамхана болсын топты көбейтіп баруымыз керек? Неге біз дастарханын сынап, өлікке келгенімізді ұмытып, әңгіме-дүкен құрып отырамыз? Неге біз тек бата жасап, көңіл айтқан соң тарасып кетпейміз осы? Не, ашпыз ба? Әлде ет жеуге барасыңдар ма? Мұсылман бауырлар, бұл дұрыс емес. Қонақасыға бару міндет емес. Басты міндет – намазда сапқа тұру, сосын топырақ салу, ертеңінде жер­леуге қатысып, ақтық сапарға шығарып салу. Байдың асын байғұс қызғанар деп отырсыздар ма, жоқ, олай емес. Қазір біреудің жағдайы бар, біреудікі жоқ, халық көп. Өз басым жақын күнде екі бірдей жас өлікке бардым. Шошып кеттім. Екі жылқы керек деп уайымдап отыр. Жылқының бағасы 500000-нан 900000 теңгеге барып тұр, одан бөлек шайға жабдық бар, қаншама шығын. Сонда артында қалған жетім бала, жесір анаға не сын? Бізден қандай көмек, қандай жәрдем?! Қонақасы алыстан келген 1-2 үстел көрші үйге жайылсын, ертеде алыстан келген туыстар мен ең жақын ағайындары ғана кешкі асында болатын, ал ертеңінде шығарып салған соң, бәріңіз қоштасу дастарханына жайғасыңыздар. Болды емес пе?!

Есімде, бұрын қайтыс болған үйге атам мен әжем, әке-шешем ғана барушы еді, ал қазір жастар, студенттер, оқушылар қалмайды. Неге анау ана баласымен оқыған деп қаптап жүреді. Мынау мына баласымен бірге өскен деп жайғасып отырады. Ұят емес пе! Бір әулеттен бір адам бата жасап кетсе болмай ма? Ойланайық, ағайын, бәрімізде ата-ана бар. Жас кете ме, кәрі кете ме, бәрін бір Алла біледі. Сондықтан қонақасы дегенді тоқтату керек. Қаза келген отбасына шын ниетпен көмектесіп, қайғысына ортақ болайық. Бәріміздің алдымызға ерте ме, кеш пе келетін ажал ғой, аман болайық. Сосын осы өлік жөнелтудің дастархан мәзірін тойдың дастарханымен бірдей жасап жатыр, ол пирог, торт, самса, жеміс-жидек, тәтті тоқаш – бәрін қаптатып қояды, бұл да дұрыс емес.

«Ысырап» деген бар, соны да ойлану керек, қарапайым дастархан жасау керек деп ойлаймын өз басым. Сосын тағы да бір айтайын дегенім, «жаназаның» дастарханынан сарқыт алу деген ешқандай әдет-ғұрыпқа сыймайтын дөрекілік немесе надандық болады деп өз басым түсінемін, соны да тоқтату керек. Дарақылықты қойып, ақылға салып, үнемдеуге көшейік, ағайын! Осының бәрін сол дін басында жүрген имамдар халыққа айтып жеткізсе нұр үстіне нұр болар еді деген ойым бар.

 Омар ЖӘЛЕЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button