Жаңалықтар

ДӘРІ БАҒАСЫ РЕТТЕЛЕДІ

Астана қаласының әкімдігі, отандық фармацевтика өндірушілері мен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі арасында дәрі-дәрмектер бағасының өсуіне жол бермеуге бағытталған меморандумға қол қойылды.

Тараптардың өкілдері осы ме­морандумға қол қою – халық арасында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды қадам екендігін, сондай-ақ, бұл құжат дәрілік препараттарды рецепсіз өткізу мәселесін шешуге де ықпал ететіндігін атап көрсетті.

Мемлекет жыл сайын дәрі-дәрмектер мен медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға бюджеттен 139 млрд теңгеге жуық қаржы бөледі екен. Оның ішінде, халықты амбулаториялық дәрілермен қамтамасыз етуге 75 млрд теңге жұмсалатыны тағы бар. Дәрігерлер кеңесімен тегін берілетін дәрілер қатарына аурудың 48 түрі бойынша 400 дәрі атауы енгізіліпті.

«Бизнес өзінің әлеуметтік жауапкершілігін және әлеуметтік жағдайы осал топтарды қолдау маңыздылығын түсінеді. Біз жиі қолданылатын препараттардың бағасын жыл бойы тұрақты ұстау туралы меморандум жасау жөніндегі бастаманы қолдаймыз. Бұл жерде отандық өндірушілер, дистрибьюторлық сектор мен дәріханалар бірігеді» деді Ха­лықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин.

Басқосу қорытындысында тараптар елордада денсаулық сақ­тау жүйесін дамыту саласында ынтымақтастықты одан әрі жал­ғастыруға ниет білдірді.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button