Денсаулық

ДӘРІГЕР ДӘРЕГЕЙІ

ERA_4629

Бір жерде табан аудармай, ұзақ жылдар бойы жұмыс істейтін адамдар аз. Әсіресе, негізгі міндетіне қоса, табанынан таусылып, өзіне тиесілі учаскелерді аралайтын терапевтер үшін бұл – нағыз жанкештілік деуге болады. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз солардың қатарынан.

Қырық жылдық қызмет

Адам тәнін емдейтін дәрігерлердің жұмысы оңай емес. Солардың ішінде жалпы практика дәрігері – учаскелік терапевтің атқаратын шаруасы бастан асады. Соған қарамастан №1 қалалық емхананың дәрігері Татьяна Писаренко бір учаскеде 40 жыл бойы үзбей жұмыс істеп келеді. Кезіндегі Целиноград Мемлекеттік медициналық институтын бітірген ол 1974 жылы интернатураны сол кездегі ауруханаға біріктірілген қазіргі №1 қалалық емхана базасында өткізеді. Сонда ашылған еңбек кітап­шасына әлі күнге жаңа жазба түскен емес.

Жалпы терапевтің жұмысы тек адам емдеумен шектелмейді. Олар қандай да бір әлеуметтік ауруларды ерте анықтау, ана мен бала өліміне жол бермеу, диспансерлік емдеуге уақытылы жолдама беру, жұртшылықты скринингтік тексеруден өткізу, салауатты өмір салтын сақтау секілді сан қырлы міндеттен тұрады. «Біз науқастарды алдын-ала жазылу бойынша қабылдаймыз. Бір қабылдау кезінде 16 адам жазылады. Бірақ келетіндердің қарасы көптігі сонша, осы нормативтен әлдеқайда асып кетіп жатамыз. Бір учаскеде ұзақ жыл жұмыс істегеннен кейін сонда тұратын адамдар өзімнің жақынымдай болып кеткен. Сондықтан, көңілін қимай, қабылдайтын кездер көп болады» дейді дәрігер. Терапевтке бір адамды қабылдауға 15 минут беріледі екен. Осы уақыттың ішінде дәрігер науқасты қарап, нақты диагнозын қойып, ем-домын тағайындап үл­геруі керек. Бұл үшін Татьяна Васильевнадай ширақ адам болу қажет.

Татьяна Писаренконың учас­кесіне Астанадағы Жеңіс даңғылы, Жангелдин, Желтоқсан секілді байырғы көшелер кіреді. Мұнда тұратындардың дені – ауру-сырқауы көп егде адамдар. Олардың үйге шақыртуы да көп. Татьяна Писаренко төрт сағат бойы емханада қабылдау жүргізсе, үш сағат бойы учаскесін аралап, шақырту бойынша ме­ди­циналық көмек көр­сетеді. Бар білетіні – жұмысы бол­ғандықтан шақыртудан қалған емес. Бірде шақырту бойынша нау­қастың үйіне келе жатып жолда құлап, қолын шығарып алғаны бар. Басқа біреу болса, сол жерден кері қайтар еді. Бірақ, Татьяна Васильевна өйткен жоқ. Қолы қақсап ауырып бара жатса да өзін тағатсыздана күтіп отырған науқасты қарауға бар­ды. Тиісті көмегін жасағаннан кейін ғана өмірінде алғаш рет ден­сау­лығына байланысты ең­бекке жарам­сыздық қағазын алып, үйінде жатты.

Татьяна Васильевна жан жа­ры екеуі екі бала тәрбиелеп өсір­ді. Бірақ, қыздары дәрігер аналарының жолын қумапты. Күндіз науқастарды емдеумен айналысып, түнде қат-қабат қа­ғаздармен отыратын анасының жұмысы оңай еместігін олар да білсе керек. «Жұмысының қиын­дығына, айлығының мар­дым­­­сыздығына қарамастан мен ма­мандығымды өте жақсы көре­мін. Мен үшін адам жанының ара­шасы болудан артық мәртебе жоқ» дейді Татьяна Писаренко.

«Емхана – екінші үйім»

Биыл 72 жасқа толып отырған №1 қалалық емхананың медбикесі Мария Корлякованың жұмыс өтілі 50 жылға жуықтайды. Ол да ұзақ жыл бойы осы емханада еңбек етіп келеді.

Емханадағы №2 учаскенің медбикесі Мария Ивановна жасына қарамастан өзіне тиесілі көшелерді аралап, нау­қастарға дәрігер тағайындаған ем-домды жүргізеді. Күре тамырға ине салудың шебері. Оның ептілігіне науқастар да риза болып, алғыстарын жаудырып жатады.

Өзіне тиесілі учаскелердің адамдарын дәрігерлің қабылдауына, скринингтік тексеруге, флюорографиядан өтуге шақыру, вакцина салу да осы медбикенің мойнында. Арасында өзінде тіркеуде тұрған жалғызілікті сырқат жандардың көңілін сұрап, хал-жағдайын білуді де ұмытпайды.

Мария Ивановнаның бар медеуі – жұмысы. Өзі емхананы – екінші үйім дейді. «№1 қалалық емхана ұжымы мен жабыққан кезде – жұбатты, қиналған кезде – көмектесті. Мұнда 40 жылдан астам уақыт бойы табан аудармастан жұмыс істеп жатқанымның бір сыры да осында» дейді ол.

Мария Корлякованы қынжылтатын бір мәселе – зейнетақысының аздығы. Ол 50 жылға жуық жұмыс өтілімен 30 мыңның үстінде ғана зейнетақы алады екен. 1998 жылы зейнетақы жүйесі реформаға ұшыраған кезде зейнеткерлікке шыққан ол бұл мәселені алға тартып талай жерге барыпты. Әзірше нәтиже жоқ. Бірақ, Мария Ивановнаның үміті үзілмек емес. Ол кезінде өзі сияқты зейнеткерлікке шыққан заман­дас­тарының көп жылғы еңбегі әйтеуір бір ақталатынына сенімді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button