Басты ақпаратҚала тіршілігі

ДӘРІГЕР ДӘРЕГЕЙІ

ҚАЙЫРЛЫ ҚАДАМ

Мектеп табалдырығын жаңа аттағанында Әділхан орыс тілін білмегені үшін бірінші сынып­та қалып қоя жаздаған. Тұңғыш ұлының ұнжырғасы түсіп, өзінен кейінгі балалармен оқып жүргенін көргісі келмеген әкесі – Әмірбек мектепке барып, мұғалімдермен сөйлесіп жүріп, әрең дегенде екінші сыныпқа көшірді.

Мұғалімдердің баланы орнында қалдырамыз дегені де – заңды. Не дегенмен, бұл орыс халқының тарихи отаны – Ресейдің жері емес пе? Оқитын мектебі де орыс мектебі.

Иә, Әділхан 1959 жылы Ресейдің Челябі облысы, Қызыл ауданы­на қарасты кішкентай ғана ау­ылда туған. Қазақшылығынан ажырамаған шаңырақта дүниеге келген ол балабақшаға бармай, үйде атасы мен әжесінің қолында өскен. Орыс тілін әлі меңгере қоймағаны да сондықтан еді. Алай­да, зерек бала бастауыш сынып­тарда зорығып жүріп тіл үйреніп, алдымен қатарға қосылды. Со­дан кейінгі жылдары үлгерімі жақсарып, үздік оқушылар сапын­да саналды.

Үйдің тұңғышы болғандықтан, ата-ананың қас-қабағына қарап өскен бала мектеп бітірісімен, әкесінің кеңесі бойынша Челябі мемлекеттік медицина институ­тына түскен. Бірақ отбасындағы жағдай студент шағында-ақ жұмысқа тұрып, үйге қарасуға мәжбүрледі. Осылайша күндіз оқып, түнде аймақтық аурухананың реанимация бөлімінде істеген ол 22 жасында алғаш рет ота жасау процесіне қатысты. Сезімтал боз­бала дәрігерлердің әйелдің ішін тіліп жіберіп, құрсақта жатқан кішкентай ғана шарананы алып шыққанын бірінші рет осы жолы өз көзімен көрген. Адамның ана­томиясы бір әлем екенін сол жолы алғаш рет түйсінді.

Кейін өз саласы бойынша өкпеге ота жасай бастады.

Алғашқы әсер адам бойынан өшпек емес. Бірінші рет өкпеге ота жасарда адамның жүрегін қолмен ұстап көргені әлі есінде. Ота жа­сау үстелінде жатқан адамның екі қабырғасын ала орналасқан өкпенің үстіңгі жағында жүрек тұр еді. Бүлкілдеп соғып тұрған жұдырықтай ғана қызыл ет соншалықты құдіретті деп ойлаған ба? Әрірек ысырмақ болып Әділхан қолына алған. Ой, құдірет, әлгі жүрекпен бірге бұның да тұла бойы дірілдеп, ток ұрғандай селкілдеп сала берді.

«Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деген рас екен. Кейін келе бір өмір иесін қуат-күшпен қамтамасыз етіп тұратын жүрек бұның да күнделікті кез­десе беретін дүниесіне айналған. Әрине, күніне екі-үш ота жасайды. Тіпті, кейде өзі қатысқан ота одан да асып түседі. Бұл уақытта дәрігер өз саласының мықты маманына айналған. Әлемдік тәжірибеде өкпеге ота жасаудың қанша түрі болса, соның бәрін меңгерген. Бұл кезде, расында, жүрекке де көз үйренген. Өкпемен жапсар­лас тұрып, кедергі жасай берсе, оны қолына ұстап, олай да қояды, былай да қояды. Бірақ ол бүлкілдеп соғып, адамның ішін ақтарып тастап, ота жасап жатқандардың назарын өзіне аудара береді. Бейне жұмысы адамның өміріне тікелей қатысты екенін дәрігердің қаперіне салып тұратын сияқты…

ӨЗГЕНІҢ ӨМІРІН АРАШАЛАП…

Ақша арқылы ақша табатын бизнес саласының адамдары үшін ақша – тауар. Яғни, үнемі ақшамен жұмыс істейтіндер ақшаға ақша емес, тауар деп қарайды. Ал, адам­ды анатомиялық жағынан жатқа білетін дәрігерлер үшін адам – жұмыс нысаны. Сондықтан, бірде адам деп қараса, енді бірде тірі ағза деп қарайды. Бірақ, адамшылығы биік дәрігерлер өмірі өз қолынан өтіп, қанша жерден жұмыс ныса­нына айналса да, адамның өлгенін шыбын өлгендей қабылдай ал­майды. Өйткені, адам – рух иесі. Адам – алау. Мұны Әділхан алғаш рет адамға ота жасап, оның ішкі ағзасын ақтарып тастап, сыртқы терісінің ішіне қолын салған кезде сезінген.

Әрбір жүрек соғысының тоқтамауы үшін жанын салушы еді. Ота жасалып біткеннен кейін де ұзақ уақыт ес жия алмай, әлгі қып-қызыл етпен бірге жаны ауы-рып, терең ойға батушы еді. Ота жасаған адамдары құдды өзінің жақын туысына айналып кеткен­дей болатын.

Отаның сәтсіздігінен адам жатқан орнынан тұра алмай кететін кездер аз болмайды. Өйткені, адамның өмірі – бір ғана дәрігердің қолында емес, Алланың қолында. Ондайда бірнеше күндер, тіпті, айлар бойы дәрігер жаны жай таба алмай, ауыр халге түседі. Ал, алдына келген науқас үшін Әділхан Әмірбекұлы ешнәрседен аянған емес. Мұндай оқиға, ра­сында, аз болған жоқ. Науқасқа қан жетіспей, қиналған сәттерде дәрігер басымен қатардағы төсекке жатып, өз бойынан қан да берді. Осындай ерліктері үшін 2002 жылы ол Ресейдің құрметті до­норы атанды.

ОТАНЫНА ОРАЛУ

Кәсіби мықтылығын дәлелдеген кезде-ақ Әділхан Абдулин өзі туып-өскен Челябіде қалалық аурухананың бас дәрігері болып тағайындалған. Қазақтары 1 пай­ыздан аспайтын облыста осылай суырылып шығып, өз біліктілігімен алға озған еді. Кейін «Ресейдің еңбек сіңірген дәрігері» атағын алды.

Айтпақшы, Ресей Президенті Владимир Путин 2007 жылы «Мемлекеттің кәсіби тобы» деп аталатын байқау жариялаған. Сон­да Челябідегі 4 миллион халықтың, соның ішіндегі 10 мың дәрігердің арасынан аты озып, бірінші тұлға ретінде танылды. Сөйтіп, алып Ресейдің ең мықты 43 дәрігерінің қатарына қосылды.

Айы оңынан туған маманға Мәскеу қызығушылық танытқан. Үлкен қызметтерге де шақырды. Бірақ, бала күнінен қазақшылықта өсіп, өзінің тарихи отанын аңсаумен келе жатқан Әділхан бұл кезде үлкен қадамға аяқ басқалы жүрген. Ол – туған Отанға оралу еді.

Балалары ана тілін білмейді. Өзге елдің мәдениетіне бейімделіп, қандастарына жат болып барады. Әділхан Абдулин осыған алаңдайтын. Енді маңдайының жұлдызы жанып, Мәскеуге жұмысқа шақырылғанда тәуекелге бел байлады. «Мен Ресейдің астанасына барып қайтем, одан да тарихи Отаныма қайтып, өз Астанама барайын» деп шешті ол.

АЙҚЫН МАҚСАТ АДАСТЫРМАЙДЫ

2008 жылы Астанаға көшіп келіп, Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпитальға директор болып тағайындалған Әділхан Абдулиннің өз саласына сіңірген еңбегі мол.

Ресейде науқастарға жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектерді шын мұқтаждарға жеткізу, әділ бөлу тәсілін қалыптастырған 2 ЭВМ бағдарламасын жасап, патент алғаны тағы бар. Алайда, өзге ел өгейлігін көрсетпей тұрмайды екен. Өнертапқыш ретінде жасаған жаңалығы өз облысын­да таралғанымен де, тұтас Ре­сейде қолданысқа енгізілмеді. Қажетсіз болғандықтан емес. Жергілікті халықтың арасынан шыққан өз әріптестерінің бәсекеде бәс бермей, жаңалықты сатып алуға құлшынғанынан. Ұлты бөлек дәрігердің еңбегін иеленіп, өз мүдделеріне пайдалануға талпынғанынан.

Әрдайым адамдарға жақсылық ойлайтын Әділханның, әрине, ақиқаттан аттағысы жоқ. Еңбегін сатпады.

Елге оралған соң 2009 жылы мұнда да Қазақстан Республика­сы денсаулық сақтау ісінің үздігі атанды.

Бүгінде ол ота жасамай­ды. Өйткені, психологиялық, моральдық жағынан жауапкершілігі де, жүрекке салар салмағы да ауыр хирургия, оның ішінде өкпеге ота жасау білдей бір мекемені басқару жұмысына көлеңкесін тигізуі кәдік. Мұнда да өзіне тән жауапкершілік бар.

Бүгінде Әділхан Абдулин өзі секілді сыртта жүргендердің тағдырына алаңдаулы.

«Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, тіпті, Еуропа елдерінің қайсысынан да қазақ бауырла­рымыз өз елімізге көшіп келемін десе, мен қолдар едім. Шамамның келгенінше қол ұшын берем. Олар үшін ақша да, уақыт та табамын», – дейді дәрігер.

* * *

Күні кеше Ресейде атышу­лы мықты мамандар қатарынан көріне білген дәрігер төрт жылдан бері қаламызда денсаулық сақтау саласына еңбек сіңіріп келеді. Көңіліне медеу тұтар ең үлкен қуанышы – мамандығы. Өйткені, осы мамандығы арқылы өмірінде қаншама адамға жақсылық жасау мүмкіндігін алды. Осы мамандығы арқылы жан жары – Айсұлумен отау құрды. Екеуі де – дәрігер. Адамға жақсылық жасауды сауап деп біледі. Осы қуаныштары үшін Әділхан Әмірбекұлы өзіне кезінде медицина саласына оқуға кеңес беріп, жол нұсқаған әкесінің рухы­на тағзым етіп келеді.

Саналы қазақ ретінде, дәрігердің үлкен мұраты бар. Ол – қазақ бо­лып қалу. Яғни, ұл-қыздарының, өзінен тараған ұрпақтың ана тілін ұмытпай, ұлттық дәстүрге сусын­дауы, қазақшылықта өмір сүруі. Бұл мақсатын қызмет бабында да естен шығарған емес. Бүгінде ана тілін тереңдей меңгеріп, өз мекемесіндегі қызметкерлерді де мемлекеттік тілде сөйлеу керектігін үгіттеп отырады.

Сонау бала күнінде орыс тілін білмегені үшін сыныптан сыныпқа көше алмай, қалып қоя жаздаған ол осылай ана тілінің тағдырына бір кісідей алаңдайды.

Қазір қызу жұмыстар жүргізіп жатыр. Мақсаты – өзі басқаратын мекемені де 100 пайыз мемлекеттік тілде «сөйлейтін» алғашқы кәсіпорындардың біріне айналдыру.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button