ӘлеуметБасты ақпаратДенсаулық

ДӘРІГЕРЛЕР ЯДРОЛЫҚ ҚАРУҒА ҚАРСЫ

Ертең – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні. Осы датаға орай кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» тақырыбында ХХІ бүкіләлемдік конгресс басталды. Осы конгрестің президенті Абай Байгенжин төрағалық еткен жиынға Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева және басқалар қатысты.

29 тамыз – Семей ядролық полигонының жабылған күні. Бұл – Қазақстан үшін маңызды оқиға. Себебі, Қазақ елі де осы алпауыт қарудың зардабын біркісідей тартты. «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» бүкіләлемдік конгресінің президенті Абай Байгенжиннің айтуынша, 1949-1989 жылдары аралығында КСРО-ның әскери өнеркәсіп кешені Семей ядролық сынақ полигонында атом қаруын сынақтан өткізді. Осы уақыт аралығында 465 ядролық және термоядролық жарылыс болған. Еліміз оның зардабын әлі күнге тартып келеді. Жиынға қатысқан Ресей академигі Сергей Колесниковтың пікірінше, ядролық қарудың қауіптілігі сол, оның зиянды қалдықтары жер бетінде 80-120 жылға дейін жойылмай сақталады екен. Яғни, адамзат осынша уақыт бойы оның зардабын көреді деген сөз. «Ядролық қару – адамзаттың қасіреті. Ол ең алдымен адамның генін бұзады, ағзаның ерте қартайып, солуына әкеледі. Бұл ұрпағымызға зиян. Сондықтан одан әлем толық бас тартуы қажет» дейді ол.

Конгрестің негізгі ұйымдастырушысы – «Әлем дәрігерлері ядролық соғысты болдырмау үшін» халықаралық қозғалысының негізі 1980 жылдың желтоқсанында қаланған. Ондағы мақсат – ядролық қарусыздануға көмек көрсету және оған қарсы қоғамдық пікір қалыптастыру. Халықаралық ұйым бұл сауапты ісі үшін 1984 жылы ЮНЕСКО-ның арнайы сыйлығына ие болыпты. Ал, 1985 жылы Нобельдің Бейбітшілік сыйлығымен марапатталған екен. Бүгінде ұйымға 65 мемлекеттің дәрігерлері мүше. Соның ішінде біздің қазақстандық ақ халаттылар да бар.

Астанада алғаш рет өткізіліп отырған алқалы жиынға әлемнің 50 елінен 500-ден аса делегат қатысты. Конгресс барысында жұртшылық әлемдік және отандық дәрігерлердің аузынан ядролық қарудың адамзатқа тигізер қасіреті жөнінде, оның денсаулыққа әсері хақында бірталай жайтқа қанықты.

Конгреске дүниежүзіне әйгілі академик, кардиолог Евгений Чазов та шақырылыпты. Бірақ, денсаулығына байланыс­ты келе алмаған ғалым өзінің сөзін бейнежазба арқылы жолдады. «Біз, дәрігерлер, ядролық қарудың адамзатқа тигізер зияны жөнінде жақсы білеміз. Оның зардаптары жайында ешкімнен жасырмай, батыл әрі ашық айта білуіміз керек. Осы қозғалыс құрылғаннан кейін 1982 жылы біз «Ядролық соғыстың қауіп-қатері» атты кітап шығарған едік. Онда жаппай қырып-жоятын қарудың орасан зор зияны туралы егжей-тегжейлі жазғанбыз. Бәріміз ядролық соғысқа қарсы күш біріктіре білуіміз керек. Сонда ғана мақсатымызға жетеміз. Біздің қозғалыс керек болмай қалғанда, мен өзімді бақытты сезінетін боламын» дейді академик.

СҮБЕЛІ СӨЗ

Кәріпбек КҮЙІКОВ, суретші:
– Ядролық жарылыстың кесірінен 10 баласы бірдей мүгедек болып туған отбасын көрдім. Радиацияның кесапатынан жаман ауруға шалдығып, әулетімен құрыған жандар да баршылық. Сондықтан мен жан жүрегіммен ядролық қаруға қарсы күресемін деп шешкенмін. Бүгінгі күні мен – халықаралық қауымдастықтың назарын ядролық қауіпті жою мәселесіне аудару мақсатындағы құрылған «АТОМ» онлайн-кампаниясының құрметті елшісімін. Бұл жобаға сіздер де қатысып, қарусыз әлем үшін, бейбітшілік үшін дауыс беруіңізге болады.

Ядролық соғыс қаупіне қарсы қоғамдық пікірді қалыптастыруды мақсат еткен конгресс ертең қорытындыланады. Ал 30 тамыз күні делегаттар Семей қаласына барып, ондағы жұртшылықтың хал-жағдайымен танысады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button